» » Қарттың қадірі

Қарттың қадірі

Фото
Бірде дәріханаға барып көзілдірік алмақ болдым. Көзімді тексертіп болған соң сыртқы түрін таңдап тұрғанмын. Есіктен жасы үлкен әжей кіріп келді. «Ентігімді басып алайын, отыратын орындық бар ма?» деді. Ойымда ештеңе жоқ. «Арғы жағыңызда тұр» дедім. «Үйіңде мен секілді үлкен әже жоқ-ау, ә?» деп еді. Бетім қызарақтап, ұялып қалдым. Қала берді бұл әңгіме менің «жанды жерім» болатын. Себебі үнемі ата-әже тәрбиесінде болған қатарластарыма, соның қолында тұратындарға қызығып жүретінмін. Апаның жаңағы сөзі ескі жараның орнын тырнағандай болды...
Иә, маңдайымнан сипайтын, шаң жуытпай қорғайтын, қасынан бір елі тастамай жүретін әже менде болған жоқ. Еркін өскендігімнен бе екен, әлгі жерде орындықты ала жүгіріп, «мінеки, отырыңыз» деп айтуды тіптен ойламағандығым ғой. Мәселе ата-анамның үйретпегенінде емес, менің оған бағынбағанымда болар.
Бала кезімізде демалыс сайын ата-әженің, нағашылардың үйіне жиі барып тұратынбыз. Біздің келгенімізді олар да жақсы көріп отыратын. Бар тәттісін, құрт-майын алдымызға тосушы еді-ау.
Біз ата-әжеден ештеңе күтпейтінбіз. Тек маңдайдан иіскеп, жылы сөз айтқанын ғана іздейтін ек. «Айналайын» деген солбір сөзін осы күндері сағынамын. Себебі өз ата-әжем де, нағашы ата-әжем де бақилық болған. Ара-тұра барғанымыз болмаса, олардың қолында тұрып тәрбиесін де алмадық. Нағашы әжемнің ауырып жатқанында оның қолында болған сүйікті немересінің «апа, өлмеші» деп жылағаны да көз алдымда. Біз сәл жырақта болсақ та қимаушы едік. Ал «әжесінің қызы» болған сол тәтемнің әжем қайтқанда үйдің артында неге еңкілдеп жылағанын кейінірек түсіндім. Енді әженің қойнында еркелеп жататын, маңдайдан иіскеп емірене сүйетін жанның жанында жоқ екеніне сенгісі келмей жылаған екен ғой.
Қазір есейдік, үлкен өмірге қадам бастық. Бір үйдің отанасы атандық. Бала сүйдік, ана болдық. Осы орайда көп ерлі-зайыптылар үйлі болған соң бөлек тұруды қалайды. Ал мен өзім аңсаған ата-әже тәрбиесін балаларымның көргенін, сіңіргенін қаладым. Сол себепті қарашаңырақта тұруды жөн санап, бүгінде сонда өсіп-өніп жатырмыз. Әже тәрбиесін көріп жүрген балаларымнан біраз оң өзгерістерді байқаймын.
Ұстамы мықты баланы, әрине жақсы ұстаз тәрбиелейді. Әже – тәжірибесі мол ұстаз. Себебі ол келініне қарағанда өмірді көбірек көрген. Сондықтан «көпті білгеннен емес, көпті көргеннен сұраған» қазақ ұлт тәрбиесінде әжені жоғары қоя білді. Бүгінгі қоғамда қарттың қадірін жете түсіне алмайтын боп барамыз. Мұны ата-анасын қараусыз тастап, қала асып кеткен балалардан, әке-шешені керек етпей қарттар үйіне өткізгендерден, шетел асып кеткен жандардан көріп жүрміз. Апырмай-ау, біз осындай тасжүрек халық па едік? Ата-анадан сырт айналатындай нендей күйге жеттік екен? Қалаға кетіп, үйдегі әке-шешені жалғыз тастап кететіндер бар. Олар бізді қартайғанда жанымда болып бабымды табады деп жетілдірген жоқ па еді? Бала күнінде «қолғанатым» деп еркелеткен баланың есейгенде ата-анасын қараусыз қалдырғаны қалай? Біздің ықыласпен, мейіріммен, жылы шыраймен қарт әке, шешеміздің әжім түсіп шыймайланған бейнесіне бір қарайтын көзқарасымыз олар жасаған жақсылықтардың бәріне тұрмайтындай қымбат болғаны ма?
Бүгінгі ұрпақтың үлкендермен қарым-қатынаста өзін ұстауы, жаман қылықтарға жақындығы әже тәрбиесінің жетіспей тұрғанынан ба дерсіз. Дүниеге келген сәбиді көзін ашқаннан құшағына алып, бесік жырымен әлдилеп, ес білгенде ертегі-жырлармен сусындататын әженің орны ойсырып, бейнесі көмескіленіп кеткендей. Көп қазақтың отбасында әже тәрбиесі деген ұғым өшіп, ұрпақ жалғасы үзіліп қалды. Жасыратыны жоқ, әжесінің басқан ізін аңдып, бауырына тығылып, етегіне оратылып жүретін баланы сирек жолықтырамыз. Әрине, далаға немерелерін ертіп шығып аулада асыр салып ойнатып, оларға қуаныш, шаттық сыйлап, махаббатына бөлендіріп жүрген әжелеріміз де баршылық.
Қариясын сыйлап, төбесіне көтерген елден қасиеткие айналып өткен емес. Біз де бұйырса, сол ертеңгі қариялық жолға басамыз. Сол үшін қазыналы қарттың қадірінен айырылып қалмасақ болғаны.
А.АХМЕТ
01 қазан 2024 ж. 121 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 258

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 358

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930