» » » Ата-әже – қазақы тәрбиенің бастау бұлағы

Ата-әже – қазақы тәрбиенің бастау бұлағы

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ОТБАСЫНДА АТА-ӘЖЕ ТӘРБИЕСІ АЙРЫҚША ОРЫН АЛАДЫ. ЖАС ОТБАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ БАЛАСЫ АТА-ӘЖЕСІНЕ ТЕЛІНІП, ҮЛКЕНДЕРДІҢ БАЛАСЫ БОЛЫП ЕСЕПТЕЛЕДІ. БҰЛ ҮРДІС ЕСТЕ ЖОҚ ЕСКІ ЗАМАНДАРДА ҚАЛЫПТАСЫП, БҮГІНГІ ЗАМАНЫМЫЗДА ДА КӨРІНІС ТАУЫП ОТЫР. ЕЛГЕ БЕЛГІЛІ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ, АТАҚТЫ АДАМДАРДЫҢ ЖАЗБАЛАРЫНАН ДА «АТАМНЫҢ БАЛАСЫ БОЛДЫМ, ӘЖЕМНІҢ БАУЫРЫНДА ӨСТІМ» ДЕГЕН ЖОЛДАРДЫ ЖИІ КЕЗДЕСТІРУГЕ БОЛАДЫ. ҚАЗАҚТЫҢ БАС АҚЫНЫ АБАЙ ДА ӘЖЕСІ ЗЕРЕНІҢ АҚЫЛ-ӨНЕГЕСІН, ЕРТЕГІСІН ТЫҢДАП ӨСТІ ЕМЕС ПЕ?!
Тұңғыш баланы үлкендердің, яғни ата- әженің бауырына басуында үлкен мән жатыр. Ол жаңа қосылған жастар бір-біріне, әулетке бауыр басып үйренсін деген ниеттен туған. Жастар жиі бас қосады, бір-біріне қонаққа барады, көңіл көтереді. Сондай сәттерде сәбиді өздерімен бірге алып жүріп, бірде суыққа тоңдырып, енді бірде ұйқысын бұзып алмауы үшін үйдегі үлкен кісілер өздерімен алып қалатын. Сондай-ақ, алғашқы сәби дүниеге келген тұста тәжірибесі жоқ жас ананың абдырап қалатынын, көп нәрсені білмейтіні анық. Осы тұста өмірден көргені мол енесі қол көмегін тигізіп, сәбиді жуындырып, орап, бесікке салып, жас ананың ұйқысының тыныш, көңілі алаңсыз болуына жағдай жасаған. Тіпті өз қойнына алып жататын болған. Осылайша кішкене кезінен ата-әженің иісін иіскеп, мейіріміне бөленіп өскен бала ата-әженің меншігіне өтіп шыға келген.
«Бала – қымбат, немере – ыстық» дегендей, осы бір жазбада ата-әженің немереге деген ақ ниетін, ыстық ықыласын баяндағым келеді. Өзім әулеттің алғашқы немересі болдым. Үш жасымнан бастап ата-әжемнің тәрбиесінде өстім. Ата-әжем мені ешкімнен кем қылмай, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай, бар тәттіні өз балаларының ауызынан жырып, әрдайым маған тосып отыратын. Бабаларымыздың «Балаңды өскенше, немереңді өлгенше бағасың» деген сөзінің мағынасын енді түсінгендеймін. Ата-әжем үшін менің әрбір сөзім «Заң» еді. Бір күні атама: «Ата-ау, маған аспандағы айды алып берші» деп жылағаным әлі есімде. Сонда атам менің бетімді қайтармай, үйдегі темір шелекке су құйып, айлы түнде далаға қойды. Шелекке түскен ай сәулесін көріп, мен айды қолыма ұстағандай сезімге бөлендім. Менің сондағы шаттанған бала көңілімді көріп атам да балаша қуанды.
Ата-әженің бауырында өскен бала ерке әрі еркін болады. Өз ойын ашық жеткізіп, барлық нәрсені өз меншігіндей көреді. Ол үшін алын-байтын қамал, бағынбайтын белес жоқ. Бұл қасиет адамның өмір жолында үлкен көмегін тигізері сөзсіз. Балабақшаға атам мойнына отырғызып апармаса бармайтын мен мек- тепке барғанда да сол әдетімді қоя алмадым. Еркелігімді көтере білетін атам мені мектептен шанамен алып қайтатын. Өзім қатарлас балалар бір-бірімен ойнап, өздері қайтушы еді, ал мен атам шанамен келмейінше орнымнан қозғалмайтынмын. Ауылдық жерде тұрғандықтан әжеме еріп, той-томалаққа бірге баратынмын. Әр тойға барарда әжем дүкенге ертіп апарып, әдемі көйлектер алып беретін. Ауылдағы үлкен кісілер: «Мырзабек пен Зейнештің қара қызы келе жатыр» деуші еді.
«Қызыңыз ба?» дегендерге әжем: «Әрине, менің қызым, түрікпешке (ауылда нан пісіретін қыш пешті солай атайтын) нан көміп отырғанда өзім туып алғанмын» деп айтып отырушы еді. Мен оған дән ризамын. «Нағашыларың кім?» дегенде ойланбастан әжемнің інісінің атын айтатынмын. Менің кіршіксіз көңілім атам мен әжеме қатты берілген еді. Әлі күнге дейін ата-әжемнің маған деген көңілдері бөлек. Бүгінгі таңда өзім де ана атандым. Ата-әжемнің, ата-анамның қадірін біліп, маған деген ыстық ықыластарын ерекше сезіне түстім. «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» деген сөздің мағынасын жан-тәніммен ұғындым.
Бір ғажабы, әжем мені өзі өсірдім деп ата- анамнан бөлектеген емес. Әкем мен анамның да махаббатын сезініп, өзімді солардың баласы екенімді кішкентайымнан түсініп өстім. Сол үшін мен әжеме дән ризамын. Көкем бір күні мені балабақшадан алып келе жатып: «Сен атаң мен әжеңнің қызысың, әкеңді «аға», анаңды «жеңеше» деп айт» деді. Үйге келгеннен кейін, ойымда ештеңе жоқ, үстел басында отырған әке-шешеме: «Аға-жеңге» деп қойып қалдым. Мұны естіген әжем көкем екеумізге ұрыса жөнелді. «Қанша жерден кемпір-шалдың баласы болсаң да, әкең – Ермек, анаң – Рауа (ата-анам)» деп баса айтты. Сол кездегі әжемнің көрегенділігі мен маған айтқан ақылына шексіз риза болдым. Әке- шешемді іштей «папа, мама» деп айтқым келетін. Көкемнің айтқанын істегенім атам мен әжемнің көңілін аулау үшін жасаған амалым болатын. Менің жандүниемді сөзсіз түсінетін әжем мені тығырықтан өзі алып шықты. «Бізді қашанғы жүреді дейсің? Біз сені өсіріп, тәрбие беріп, жақсы ата-әже болғанымызбен, әкең мен анаңның кім екенін естен шығарма. Кемпір-шалдың баласы екенмін деп атын атап, оларға жат болма» деп миыма сіңіріп өсірді. Әжемнің даналығы да осында. Ата- анамнан бөлектемей өсіргені үшін шексіз алғысымды айтамын.
«Балам – балым, баламның баласы – жаным» дегендей, ата-әженің тәрбиесін алып, өскен бала жаман болмайды дегім келеді. Керісінше, даналық ойларды, үлкеннің өнегесін бойына сіңіріп өседі. Ата-әже тәрбиесі – қазақы тәрбиенің бастау бұлағы, қайнар көзі. Менің атам мен әжем секілді, баланы ата-ана- сынан жырақтатпай, құрметтеуге тәрбиелеп, әдемі ата-әже болып отырғанға не жетсін!
Қымбат МЫРЗАБЕК,
Ақтөбе ауылының тұрғыны
31 шілде 2022 ж. 7 234 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 018

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031