» » » Құнанбай қажы мен Қазанбас би

Құнанбай қажы мен Қазанбас би

Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жылдық торқалы тойын Халықаралық деңгейде тойлаудың мерейлі сәті де таяды. Абай әлемі – жатқан бір шалқар мұхит, тіпті бүгінгі өлшемге сыймайтын ұланғайыр кеңістік екені белгілі. Қазақпыз ғой, шет елге бара қалсақ, кез келген шетелдікпен сөйлескен кезде алдымызға асқар таудай алып тұлғамыз бар деп, ең алдымен ұлтымыздың бас ақыны, ұлы ойшыл, кемеңгер данамыз Абай есімін ауызымызға бірден алып, мақтан тұтатынымыз бар. Бұл заңды да. Ұлы адам, ұлы ақын туралы айтылар сөз, берілер баға қашан да шексіз. Абай – ұлтымыздың символы, Абай – әрбір қазақ пен әрбір қазақстандық өзге ұлттардың да зор мақтан тұтар Қасиетті ұлы тұлғасы ғой. Соны сезініп, біртүрлі жүрегің елжірейді. Бойды мақтаныш сезім билейді.
Біз бұл мақаламызда Абайдай дана ұлды даналық биігіне шығаруда әкелік ақ парызын адал атқарған, өз заманының айтулы тұлғасы – атақты Құнанбай қажының Қорқыт ата өңіріне, қасиетті Қармақшы – Сүлейлер еліне дәм жазып келіп, Сырдария өзенінің жағасындағы «Өмір тоғайын» жайлап отырған Қазанбас би Шантыұлының отбасында мейман болу жағдайын кеңірек әңгімелеуді жөн көріп отырмыз. Алдымен, осы оқиғаға себепші болған Қармақшының сол кездегі тұрғыны – Қазанбас Шантыұлы бабамыз кім болған? Осыған сәл тоқталғанымыз жөн болар.
Сырдарияның төменгі құйылысында тұрып жатқан жұртшылық арасында ХІХ ғасырда өмір сүрген Қ.Шантыұлы жайлы ауызша айтылған әңгімелер көп болған. Ол кісі көнеден жеткен деректер бойынша 1864-1865 жылдар шамасында Қорқыт елді мекенінде дүниеге келген. Сол өңір ақсақалдарының айтуынша, Қазанбас би Тобықты еліндегі атақты Құнанбай қажымен кіре тартып жүргенінде кездесіп, сыйлас, дос болғаны жөніндегі деректі сөз, қызықты әңгімелер Қармақшы өңірі қарттары арасында кешегі күнге дейін айтылып келген екен. (Мақала фактілері көрнекті зерттеуші, этнограф, жерлесіміз Т.Дайрабайдың «Қазанбас би» атты шағын жазбасынан алынды).
Біздің өзіміз көзін көрген, көкірегі күмбірлеген шежіре қарттар: Үбісұлтан Аяпов, Әлқуат Қайнарбаев, Әлімбай Әлиасқаров, Ермахан Кірекесовтер Сыр елінің белгілі тұлғалары туралы көп әңгіме білетін кісілер еді. Олардан кейін Ермаханның баласы Ерділда, Кірекестің баласы Мұхамедияр және олармен ұзақ жыл аралас-құралас болған ғалым Әбжан Айсауытов сол әңгімелердің негізінде біраз дүниелерді жазып кетіпті.
Қазанбас атаны замандастары бірде – би, енді бірде – бай болған деседі. Қалай десек те, оның есімі ел аузында ұмытылмай қалған. Жұртшылыққа көп жақсылық жасаған адам ретінде жиі айтылады. Алайда, оның ерте кезде шығыста кіре тартып жүріп, Құнанбай қажы Өскенбайұлымен кездесіп, онымен жан аямас дос, үлкен сыйластықта болғанын бүгінгі ұрпақтың біле бермеуі мүмкін. Бұл әңгімелер Қазанбастан – Кірекеске, одан – Ермаханға, Ермаханнан – Ерділдаға, одан – Бағдатқа, яғни, бүгінгі ұрпаққа еш үзілмей жетіп келген.
Шығыста, Қостанай, Торғай өңірінде жүргенде Қазанбас атақты қажы, Абайдың әкесі Құнанбаймен кездесіп, онымен дос, сыйлас, дастархандас болады. Бір отырыста Қазанбас қажы ағасы Құнанбайды Сыр еліне қонаққа шақырады. Ол ісі қабыл алған сыңай білдіреді. Уақыт өтіп жатады. Бірде ол Құнанбай қажының Қарақұм маңына келгенін естіп, арнайы барып сәлемдеседі. Онсызда бұрын шақырғаны бар. Қажыны қояр да қоймай Қармақшыға алып келеді. Ол кезде ел жайлауда тұрады ғой. Сырдарияның жағасындағы жаз жайлауы «Өмір тоғайы» көк майсасы мол, сабатты жер еді. Осында құрметті мейманға үлкен сый көрсетіледі. Қой сойылады. Оған қоса қысқы соғымның сүрі қоса асылады. Бұл отырысқа жақын жерлердегі ел ақсақалдарын, жырауларын да шақырып, қажымен таныстырады. Сырдың терме сазы төгіледі. Реті келгенде айта кетейік, Құнанбай қажы сол келген сапарында Қорқыт моласына да мінәжат еткен көрінеді.
Дастарқан үстінде бата беру рәсімі кезінде Құнанбай қажы осы үйдегі келіннің аяғы ауыр екенін байқап, Қазанбасқа қарап:
– Досым-ау, біз екеумізді таныстырған әуелі Алла, сосын кіре тартып жүрген жолымыз емес пе? Құдай қалап, келін ұл туса, атын Кірекес деп қоярсың. Үлкен азамат болар, – деп ақ батасын берген екен.
Арада біраз уақыт өтеді. Бір күндері Тобықты елінен «Құнанбай қажы өмірден өтті» деген суық хабар келіп жетеді. Қазанбас би алыс сапарға тоғыз жігітпен жолға шығады. Олардың арасында ағайындас інісі, атақты бай әрі би Қостанбай да бар екен. Ол Қармақшы табанындағы ең бай кісі болатын. Азаға тоғыз түрлі жылқы, түйелер апарылатын болады. Бұл оншақты адамнан құралған топ барғаннан кейін Құнанбай қажының отбасына, ел ақсақалдарына, Абайдың өзіне қөңіл қостарын жеткізеді. Абай болса, ту-у Сыр бойынан ат арытып келген Қазанбас биге, оның жанындағы серіктеріне аса ризашылық сезімін білдіреді. Ол бұлардың «тоғыз-тоғыз деп аталатын жоралғыларына таңданысын жасырмайды. Күні бүгінге дейін Оңтүстік өңірлерде тоғыз-тоғыздан қызға жасау беру, құдалыққа тоғыз-тоғыздан кит апару сияқты үрдіс әлі жалғасып келеді.
Кезінде Қазанбас би Үргеніш, Шаббаз, Тамды, Қостанай, Троицкі, Ырғыз, Торғай өңірлерінде де сауда жасап, көп жерді аралаған екен. Бүгінде Қостанай облысы, Әулиеата ауданы жерінде Қазанбас атты жер мен Қазанбас шұңқыры, сайы, өзекшесі деген атаулар бар. Бұл туралы Троицкі мен Орынбор жерін аралаған инженер, поручик Генстің сол тұста жазған жазбаларынан қызық мәліметтерді оқуға болады..
«... Отьехов 33 верста, от Троицка за 225 верст команда прибыла к озеру довольно обширному, носильно заросшему травою и окруженному низкими местами. Пространство от село озерапредна 18 верст называется Киргизами Казан-Башлы и начало его около сего озера Большое Казан-Башлы». Ауызша, жазбаша деректерде Қазанбас есімі көп қалған. Бұл деректердің өзінен Қазанбас бабамыздың би, ел ақсақалы ғана болып қоймай, кіреші, үлкен жиһангер адам болғанын аңғаруға болады. Оның үстіне оның ұлы ақын Абайдың әкесі Құнанбаймен дос, сыйлас болғандығы – қармақшылықтар үшін де зор абырой әрі мақтаныш екені даусыз. Қарауыл мен Қармақшыны байланыстырып тұрған бұл оқиғаның тарихи мәні де, маңызы да ерекше болмақ.
Көне шежіреге үңілер болсақ, Қазанбастан – Жетіру, Алтыру, Бесру, Кірекес, Бәке, Шәмет, Қожа, Қожахмет өмірге келеді. Бұлардың ішінде Алтыру мен Кірекестің ат жалына жармасып мініп, ел басқарғандары және олардың ұрпақтарының да тұлғалы азаматтар атанып, ел-жұртына сыйлы, беделді азаматтар болғаны бүгінгі ұрпақтың да көңілін шат-шадыман етеді деп ойлаймыз.
Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ
11 тамыз 2020 ж. 1 288 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031