» » Ата-әженің баласы...

Ата-әженің баласы...


Әдетте үйдің тұңғышы үйленіп, дүниеге сәби келгенде, атасы мен әжесі немерені бауырына салып жатады. Тіпті өздерінің баласы қылып «меншіктеп» алатын ата-әжелер жетерлік. Баланың туған ата-анасы да «атасының баласы», «әжесінің баласы» деп ата мен әжеге қарай икемдейді. Бұл дәстүр бүгінде де бар. Алайда бұрынғыдай көп емес. Соңғы жылдары ата-әжеге көнбейтін немере мен бала баққысы келмейтін әжелер бар. Көпке топырақ шашпасақ та, айналадағы қоғамнан көріп жүргеніміз осы тірлік. Әрбір іс-әрекетінің астарында даналығы мол қазақ халқы «бауырына салу» дәстүрін өте көп қолданған. Мұның пайдасы қандай? Ата мен әженің тәрбиесін көрген баланың қандай ерекшелігі бар? Бұл жөнінде Зейнеп апайдың зейінді әңгімесімен ой өрбітсек.
Қандай халықтың болсын өзіне тән өзгеден ерекшелендіріп тұратын салт-дәстүрлері, дағдылары бар. «Бауырына салу» деген тек қазаққа ғана тән дағдының бірі. Әрине, өзге ұлттар да немерелеріне қамқорлық көрсетеді, бағады, қарайды. Ал қазақ халқында тұңғыш немерені міндетті түрде атасы мен әжесі бауырына салған. Ол сол үйдің кенжесі болып өседі. Бұл бір жағынан, жас отбасына деген қамқорлық болса, екіншіден баланы тәрбиелеуде өздері әлі жас ұл мен келіннің тәжірибесінің аздығын білгендіктен де немерені бауырына салған. Өйткені ата мен әже – көпті көрген, өмірдің талай белесінен өткен, жақсылы-жаманды өмір кешкен тәжірибесі мол жандар. Расында да, ата-әже тәрбиелеген баланың тілі ерте шығады. Себебі үлкен кісілер әрбір сөзді анық айтады, баламен үлкен адамша сөйлеседі. Бала жүре бастағаннан-ақ өздерімен үнемі бірге ертіп жүретін болған. Бала кішкентайынан үлкендердің әңгімесін тыңдап өседі. Үнемі үлкендермен жүргендіктен жақын-жуық туысты түгел таниды.
– Қалай десек те, ата мен әже көрген бала мейірімді, адал, тілалғыш болып, үлкенді сыйлап өседі. Әжесінің бауырында өскен бала әңгімешіл, сөзді тауып айтады, нықтап айтады. Қазақтың кез келген баласын тек өз ата-әжесі емес, бүкіл ауылдың абыз аталары мен өнегелі әжелері қамқорлығына алған. Ауыл ақсақалдары мен әжелері «пәленнің баласы ғой», «түгеншенің немересі ғой» деп еркелеткен. Тіпті баланың өз ата-әжесі өмірден өтіп кеткеннен соң да баланың әлдебір тентектігіне «ой, ол пәленшенің еркесі еді ғой, еркелегені шығар», «атасы мен әжесінің көзін көрген біз бармыз ғой, еркелігі басылар» дейді. Ата-әжесінің көзін көргендер сырттай қамқорлығын білдіріп, көрген кезде ақыл-кеңесін айтып, арқасынан қағып, маңдайынан сүйіп жатады. Қарап тұрсаңыз, мұның өзі – тәрбие, – дейді Зейнеп Ахметова өз еңбегінде.
Бауырға басқанда ескерер мынадай жайт бар. Әр адамның болмысы, мінез-құлқы, айналасымен қарым-қатынасы әртүрлі болғандықтан, біреу қатал, біреу мейірімді дегендей, кейбір адам өзімшілдеу болады. Осыбір өзімшілдіктің бауырына салған балаға зияны да бар. Жастау әжелер өзімсініп «ап дегенде аузымнан түстің», «сені өзім тудым, өзімнің баламсың» деп баланың тілін қызық көріп, ата-анасына оғаш сөздер айтқызып, тым еркелетіп жібереді. Осының өзі балаға үлкен зиян тигізетінін өзімшіл ата-әже ойлай бермейді. Өзін баққан ата-әже өмірден өткенде, бала өз ата-анасына, өз бауырларына жұғыса алмай жетімсірейді. Өзін жалғыз қалғандай сезінеді әрі аттарын атап үйреткендіктен, әкесін «әке», шешесін «апа» дей алмай, қатты тығырыққа тіреледі. Бұл оның жан-дүниесіне қатты әсер етеді. Іші біліп тұрса да, өз ата-анасына, өз бауырларына қосыла алмайды. Қазіргі психологтардың тілімен айтқанда, бұл бала үшін қатты стресс. Сондықтан да, баланы бауырға салғанда аса өзімшілдіктің қажеті шамалы. Оның өскен кездегі жағдайын да ойлап қойған абзал.
Ата мен әженің тәрбиесінде өсудің тағы бір пайдасы – оның ерте есеюінде. Ертеректе аталары немересі сүндетке отырған уақыттан бастап, оны тек той жиын ғана емес, өмірден өткен адамға топырақ салуға да апарған. Бұл туралы ел анасы былайша тоқталады.
– Өмір бар жерде өлім бар екенін, ертеңгі күні сол әжесінен, атасынан немесе басқа туыстарынан осылай айырылып қалатынын, екінші қайтып көрмейтінін бала сезінуі керек. Сонда ол баланың бойында ерекше мейірімі, ата-әжесіне деген ерекше ықыласы болады, ата-анасын ардақтайтын болады. Өмірдің бәрі тек қана қызық-қуаныштан тұрмайтынын ұғынғымыз келмейді, мән бермейміз. Өкінішке қарай, қазір «шошынады» деп балаларды өлімге ертіп апармайды. Өмір дегенің сырғып өте шығатын тақта жол емес қой, өрге де өрлейсің, төмен де сырғисың. Тек қана жиын-тойға барып үйренген, өлімнің басында болмаған, қабірге топырақ салмаған бала өзінің басына сондай жағдай түскенде не істерін білмей, есеңгіреп кетеді. Ал біздің қазақтың балалары кішкентайынан барлығын біліп өскен. Бозбала жігіттердің өзі той-томалақты былай қойғанда, өлімді жөнелтудің бүкіл жөн-жобасын білген. Сондықтан сүндетке отырған баланы топырақты өлімге апару керек, бала көріп өскені дұрыс. Топырақ салуды көрген баланың ішкі жандүниесінде өзгеріс пайда болады. «Күндердің күнінде мен де атамнан немесе әжемнен айырылып қалады екенмін ғой…» деп басқаша ойлай бастайды. Ой-өрісіне өзгеріс енеді. Бұл да – ата-әженің тәрбиесі. «Балаңды өскенше, немереңді өлгенше бағасың» дейді, ата-әжені соңғы сапарға шығарып салатын да – сол немере. Мүмкін болғанша немере сүйіп отырған ата-әжелер бір сәт немереге көңіл бөліп, оның тәрбиесіне үлес қосуы керек, – дейді ол.
Сонымен қатар, немере баққан ата-әженің өмір жасы да мейлінше «ұзарып» отырған көрінеді. Оның бірінші себебі періштедей пәк сәбиден атасы мен әжесіне жақсы энергия тараса, екіншіден үлкендерді үміт атты үлкен күш алға жетелейді. Ол «Осы шырағымның атқа мінгенін көрсем, мектепке барғанын көрсем, азамат болғанын көрсем, үйленгенін көрсем, кейін шөберемнің қолынан су ішсем…» деп армандап, алға қарай үміт сүйреу арқылы қазақтың ата-әжелері ұзақ жасаған деседі. Сондықтан да, ақылы толысқан, өнегелі ұл-қыз өрбігенін қаласақ, перзенттерді ата-әженің алақанына салған да жөн.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
12 қазан 2021 ж. 1 913 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№82 (10347)

15 қазан 2024 ж.

№81 (10346)

12 қазан 2024 ж.

№80 (10345)

08 қазан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 371

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031