» » Артымда ұрпағым қалсын деп...

Артымда ұрпағым қалсын деп...

Бала күннен қалған жағымды естеліктің бірі – әженің арқасынан айналаны шолу. Бұл біздің қатарластарымыз бен бізден сәл үлкендердің есінен кетпес көріністер. Өзі шөгіп бара жатса, бүгілген белінен немересін түсірмей арқалайтын әжелер бүгінде көзге көрінбейді. Көпке топырақ шашпасақ та, немересін арқалайтын әжені қала түгіл, даладан әзер дегенде кезіктіреміз.
Бұрынғы ақ жаулықты әжелер мен қазіргі әженің сипатын салыстыруға келмей барады. Заманның өзгеруі эволюция заңдылығы дейік. Десе де өзгеріске өн бойымен кірісіп, ұлттық құндылықты ұмыт қалдырып жатқандар аз емес. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы бір сөзінде «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын...» деген екен. Расымен, ана мен бала, әже мен немере арасындағы жылылықтың берік болмауы қараусыз қарттардың көбеюіне әкеліп соқтырғандай.
Немерені арқалап, оған тәлімді әңгіме айтып, бөбегінің былдырлаған тіліне сүйсініп жүру – әже мен бала үшін ерекше кезең. Өзін шексіз жақсы көретін адамның жүрегінің дүрсілін тыңдап, иісін сезініп, дүниедегі ең жақын адамы екенін жанымен сезіну балаға  психологиялық тұрғыдан алғанда да өте қажет нәрсе. Соның арқасында әженің арқасы арқылы қалыптасқан жіпсіз байланыстың нәтижесі әжеге деген шексіз құрметке, іңкәр сағынышқа айналатын.
Баланы арқалап жүру тек бізде ғана емес, өзге ұлтта да қалыптасқан. Мәселен, үнділер сариге ораған баласын бір қолымен орай бүйір ойығына отырғызып көтерсе, Вьетнам, Лаос, Сингапур және Африка, Латын Америка елдерінде әйелдер балаларын қалыңдау матамен иығына айқастыра байлап, арқасына таңып алады. Ал месхеттік түрік әйелдері керісінше баласын кеудесіне орап алады.  Қазақ анасы қашанда арқалап жүрген. Әрбір дәстүрі даналыққа толы халқымыздың баланы арқалап жүруінде үлкен мән бар. Оның ең біріншісі – жасы келген әженің буындарына жаттығу, екіншісі – сәбидің жамбас сүйегінің дұрыс дамуының кепілі. Бүгінде дәрігерлер жамбас ұршығы жетілмей, дисплазиямен туылған балаларға арнайы медициналық  белдік немесе «кенгурумен» көтеруді тапсырып жатады. Ал арқалау әдісіндегі аяқты алшақ ұстау бұл ақаумен туғандар үшін нағыз керекті нәрсе. Осы ретте дарқан далада жүрсе де, әр нәрсенің астарына үңіліп, маңызын білетін қазақтың даналығына сөзсіз бас иеміз. Ал үшіншісі, әрі ең маңыздысы – «ұрпағым артымда қалсын» деген үлкен тілектің болуы. Сонда немере арқалаған кейуананың сұрақ белгісіндей бүгілген белі бір үйдің бармақтай үмітін ғана емес, болашақтың тау тұлғасын ауырсынбай көтеріп бара жатқанын білуінде еді.
Тұрмыс салттың өзгеруі әженің арқасы мен бесікті, қоларба мен балабақшаға алмастырды. Қоларба әженің арқасынан алыстатса, балабақша әженің мейірімі мен жаншуағынан ажыратып жіберді. Қазіргі ұрпақтың өзімшіл, өркөкірек, тіпті қарау, қаскүнем, қатыгез болуына әженің «айналайыны» мен мейірімі, елжірей соққан жүрек лүпілі жетпеудің әсері  бар  секілді. Әжеден тәлім алған ұрпақтың жаман болмасына Зере мен Айғанымның қолында өскен дана да дара тұлғаларымыз айқын дәлел болмақ.
Ұлтжанды ұл, қылықты қыз тәрбиелейтін ұлтымыз үшін бүгінде ақсап тұрған «әжелер мектебі» керек-ақ. Өйткені адамның адами болмысы мен асыл қасиеттері отбасында қалыптасады. Отбасында алған үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие арқылы ғана еліне, жеріне, Отанға деген сүйіспеншілік сезім орнығады. Ал отбасындағы басты құндылық ұлттық тәрбие болса, оның дәнін себуші жандардың бірі – әжелер. «Балам – балым, баламның баласы – жаным» деп баласын өскенше, немересін өлгенше бағатын әжелерді аңсаймыз. Себебі арқалап жүріп, армандарға жетелеп, алыстарға қол создыратын әже әңгімелерінің орнын теледидар мен ғаламтор алмас­тырды. Еліміздің еңселі болуын қаласақ, бесіктен берілер тәрбиенің жайын түзеген жөн-ау. Өз ұлтының ұлылығын ұғындырар, артымда «ұрпағым қалсын деп» ұрандар әжелердің қатары көбейсе игі.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
30 маусым 2021 ж. 1 117 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 031

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031