» » » ЕРТЕГІ ЕРТЕҢДІ ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ

ЕРТЕГІ ЕРТЕҢДІ ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ

«Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде...» – деп басталатын ертегіні бала күнімізде кітаптан жиі оқитынбыз. Қала берді радиодан «Зәмзәгүл әженің ертегілері» айдарымен шығатын аудио ертегіні тыңдап ұйқыға кететінбіз. Ол кез де өзінше қызық екен. Ал қазір ше? Ертегі айтатын әже азайды ма, жоқ әлде балақайлар ертегі тыңдамай ма, беймәлім. Әйтеуір «ертегі айтып берші» деп жүретін баланы, «айтып берейін» дейтін әжені кездестіру қиын. Әрі-беріден соң бүгінгі өскелең ұрпақтың ауыз әдебиетіне деген әуестігі жоқ секілді. Бала қиялы ғаламтормен, қалтафонға байланып қалған.
Рас, бүгінде ұлттық тәрбиенің негізі саналатын ертегі өгейсіп тұр. Шындығында ата-ананың ертегі айтуға уақыты жоқ. Бала өтінішін орындамай тыныш отырса болды деп телефон ұстата қояды. Күн ұзағына күнкөріс қамы деп шаршаған ата-ананы да түсінуге болады, әрине. Дей тұра бала тәрбиесі бәрінен биік тұрады емес пе? Бір мезгіл бала тәрбиесіне көңіл бөліп, уақыт табуға болмас па еді. Тиынның да екі жағы болады. Бүгінгі жас ата-аналарды да біржақты қаралай беруге болмас. Заманауи әжелеріміз де жетіп жығылады. Әрине, заманына қарай адамы. Дегенмен ұлттық құндылықты сақтай отыра оны заман ағымымен ұштастыру да керек.
Ертегі тыңдап өскен бала болашақ өміріне бағыт қалыптастыра алады. Кейіпкердің батыр тұлғасына қарап, үлгі алады, бой түзейді. Мамандар баланы ұйықтатар алдында қандай да бір ритуалдың болуын дұрыс деп есептейді. Демек, күнделікті қайталанатын әрекет баланы өздігінен ұйықтатуға да­йындайды. Мәселен, ұйықтар алдында бет-қолды жууды әдетке айналдырады емес пе?! Сол секілді жатар алдында баламен сөйлесу, әңгімелесу, жақсы сөз айту тиімді саналады. Сондықтан балаңызға жатар алдында ертегі я болмаса мағыналы әңгіме айтуды әдетке айналдырғаныңыз жөн.
Қазір дамыған заман деп жатамыз. Мәселен, «Инстаграм» әлеуметтік желісінде «Қазақ ертегілері», «Ертегілер елінде» деген бірыңғай ертегілер жарияланып тұратын арнайы парақша бар. Кітапты қалтафон алмастырған мына қоғамда электронды оқулық пен әлеуметтік желіні өз пайдаңызға қолдансаңыз жетіп жатыр. Уақытыңызды да үнемдей аласыз. Балаңызға ертегі оқып беріп, оның таным көкжиегінің кеңеюіне де сеп боласыз.
Ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, бала тапқыр болсын деген ниетпен жұмбақ шешімін табуға үйретеді, тілі таза болсын деп жаңылтпаш жаттатады, ойы шыңдалсын деп өлең оқытады. Иә, «Тәрбие – тал бесіктен» деген қазаққа ұлттық құндылығымыз жоғал­масын десеңіз ертегі оқуға ерінбеңіз.
Тақырыпқа тұздық:
Шолпан Жұмахметова, көпбалалы ана:
– Түнгі ұйқы алдында балаға ертегі оқып беру өте пайдалы. Бала дүниетанымын қалыптастастыруда ертегі маңызды рөл атқара­ды. Ертегіде халықтың басынан өткен оқиғасының ізі жатыр. Балаға ертегі оқып беру арқылы оны адалдық пен тапқырлыққа тәрбиелейді. Бүгінгі бала – ертеңгі ел болашағы. Сондықтан олардың тағдырына бейжай қарамай, ұлттық құндылықты үйретіп өсіргеніміз абзал.
Мейрамкүл Дүкенбайқызы, әже:
– Немереме күнде кешке ертегі айтып беремін. Өйткені, ертегіні тыңдап өскен бала жаман мен жақсыны ажырата біледі. Ертегі айтатын әжелер азайған уақытта балақайларымыз теледидардағы адам түсін­бейтін, атыс-шабыс шетелдік мультфильм­дерден шеттетуіміз керек. Өз қолымызбен-ақ қазақ баласының психологиясын бұзып жатырмыз. Сондықтан біз, әжелер балалардың ертегі тыңдап өсуін қадағалауымыз керек.
Бибінұр Серікқызы, жас ана:
– Балама жатарда ертегі айтып беремін. Кейде ойдан құрастырып та айтамын. Арасында ертегім бітіп қалған кезде қызым өзі жалғастырып әкетеді. Қазіргі баланың ойы ұшқыр емес пе?! Тіпті өзіңнен асып кететін кезі де болады.
Шарухия Тілегенқызы, әже:
– Күнде бір мезгіл немерелеріме кітап оқып беремін, түрлі өлеңдер жаттатқызамын. Ертегі баланы ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелейді. Оны тыңдау арқылы барлық тіршілік иесі мен табиғатты аялауды түсінеді. Жан-жақты болуға, ойын шыңдауға, өзіндік пікір қалыптастыруға үйретеді.

Ақнұр Сағынтай
"Қармақшы таңы"
19 наурыз 2019 ж. 3 581 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031