Бесік жыры қуанышқа бөлесін
Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы бір сөзінде: «Бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…» деген екен. Расымен де, бесік жыры түгілі, бесіктің өзін артық зат санап, қоқысқа тасталған ессіз әрекет біздің қоғамымызда болған. Мұндай кезде құдды бір бүкіл қазақ ұрпағы далаға тасталғандай көрінеді. Бесік жырының айтылуында үлкен мән жатыр. Анасы сәбиіне қарап отырып, бесік жырын орындағанда бала анасының жыбырлаған аузына қарап, уілдеп әлденені айтуға бейімделеді, жырды естіген сайын оны қайталауға талпынады.
Міне, баланы ерте жастан тәрбиелеу, тілін дамытудың алғашқы баспалдағы деген осы. Баланың сөйлеу тілі – жас ерекшелігіне қарай дамиды. Бала бір жасқа толып, «ата немесе әке, ана» деген сөздерді айта бастаса шат-шадыман болып бүкіл отбасы қуанады. Әрі қарай бала жасынажас қосқан сайын ата-ана да баладан жасына сай сөздер айтқанын, сөйлемді құрастырып сөйлегенін, ойын таза әрі жетік жеткізгенін күтеді. Алайда, ата-ана өздері күткен жәйттің барлығы орындала бермейтіні тағы бар. Егерде балаңыз өз жас ерекшелігіне сай сөйлемесе, қатарынан сөйлеу жағынан қалып бара жатса, дыбысты таза қоймаса, сөйлегеннен гөрі ыммен түсіндіруді қолайлы санаса онда көп ойланбай дабыл қағыңыз! Себебі мұндай кезде уақытты тиімді пайдалану аса қажет. Балаңызға логопед маман қажет. Логопед маманды табу қиындық соқтырмайды. Мектепте, балабақшада, емханада да бар. Ең алдымен баланы логопедке ертіп апарған соң жан-жақты зерттеу жүргізіледі. Бала тілінің кеш шығуының әсері неде екені анықталады. Оның себептері мынада: балаға жүктілік кезінде ананың көңіл-күйінің болмауы, таңдайда немесе ерінде жырықтың болуы, ауыз қуысы бұлшықеттерінің дұрыс жетілмеуі, желбезегінің қысқа болуы, баланың ересектермен және құрдастарымен қарым-қатынасының болмауы. Сондай-ақ соматикалық аурулар, орталық жүйке жүйесінің ерте жастан дамымауы, тұқым қуалаушылық, отбасында жиі орын алатын кикілжіңдер мен минималды неврологиялық бұзылыстар зиянын тигізуі мүмкін.
Міне, осындай жәйттардың салдарынан бала тілінің кеш шығу факторы орын алады. Логопед ата-анамен әңгімелесу, денсаулық жағдайын сұрау, балаға жас мөлшеріне сай тапсырмалар орындату, дыбысты айтуын тексеру, байланыстырып сөйлеуін, сөзжасам, сөз өзгерту әдістерін қолдану арқылы терең тексеру жүргізеді. Тексеру нәтижесінен соң қорытынды шығарып баланың І, ІІ немесе ІІІ деңгейге жататынын анықтап, соған сай артикуляциялық, дыбыстық жаттығулар, түзету жұмыстары, суретпен жұмыс, зондтардың көмегімен тілді және беттің бұлшық еттерін уқалау арқылы жұмыстарды жүргізеді.
Бөпелеріңізді ерте жастан бесікке бөлей отырып, бесік жырын айтуды әдетке айналдырған жөн. 1 жастан асқан соң сүйек кеміртіп, кем дегенде 2 жасқа дейін баланы омыраудан шығаруға асықпаңыздар. Себебі мұның барлығы баланың ауыз қуысының дұрыс жетілуіне, беттің бұлшық етінің дамуына үлкен септігін тигізеді. «Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» деген мақал асыл әжелерімізге жақсы таныс. Яғни, тәрбие іргетасының мықты болуы – отбасындағы әжелеріміздің бұлақтан аққан судай кіршіксіз таза тәрбиесінде болып тұр.
ТҮЙІН
Бауыржан Момышұлының «Дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…» деген сөзінің астарына зейін салсақ, батыр бабамыздың қорқынышы орынды секілді боп көрінеді. Дей тұрғанмен, ұлттық құндылығымызды жоғалтуға жол жоқ. «Ұрпағымыздың көкірек көзі көр болмасын» дейтін әжелер бесіктің қадірін, бесік жырының мәртебесін арттыра берсе екен.
Ақай ауылы