» » » БЕСІКТЕН БЕЗГЕН ЕЛ БОЛМАС...

БЕСІКТЕН БЕЗГЕН ЕЛ БОЛМАС...

Балаңыз бесікке жата ма? Ақ әженің әлдиімен, атаның ақыл-өсиетімен, ананың іңкәр махаббатымен өсіп жатыр ма?! Ойланыңызшы! Батыр Баукең «Бесік жырын тыңдамай өскен ұрпақтан қорқамын» деген еді. Осы сөздің мағынасына терең бойлап көрдіңіз бе? Көшкен елдің жұртында есігі қалса да бесігі қалмайтын қазақтың ұрпағы едік. Шаңырағы мен бесігін арқалай жүріп Арқадан асатын ардақты жұрттың, асылдың сынығы болудан неге қашамыз? Бүгінгі заманауи жаңарған жұртшылық бесіктен безінген бе деп ойланасың кейде. Мәселені қаузап, шама келгенше зерделеп көрдік.
Бесік – қазақтың ежелден атадан балаға мұра болып келе жатқан мирасы іспетті. Ол – өмірге жаңа келген сәбидің ақ отауы. Ал, бесіктің құрылымы балаға гигиеналық тәрбие беруге лайықталған әрі алып жүруге жеңіл, ықшам және берік. Ол баланың тазалығына өте қолайлы, өйткені арнайы қойылатын түбек пен шүмек баланың дәретін жаймай, таза әрі ұзақ ұйықтауына қолайлы. Бесік жабдықтарына: бесік көрпе, жөргек, қол бау, тізе бау, жастық, бел жастық, тізе жастық дайындап, үкі тағып әрлеп, жабу тіккен.
Ата-бабамыз бесікті қасиетті, құтты мүлік деп есептеген. Мұны Төле бидің мына бір әңгімесінен байқауға болады. Жоңғарлар шапқыншылығынан соң тоз-тоз болған ел таулы жаққа қарай босып, үдере көшкенде, екіқабат келіншек бос бесікті арқалап бара жатқан көрінеді. Сонда Төле бимен қатар келе жатқан кісі: «Мына бейшараның көрпе-жастығын тастап, бос бесікті арқалап келе жатқаны-ай»,- дегенде Төле би: «Баланың бесігі – кең дүниенің есігі ғой», — деген екен.
Бесікке баланы саларда қазақ өз дәстүрімен, өз жөн-жоралғыларын орындап, той жасайтын болған. Оны алас­тап, бесікке салар той жасап, «Тышты ма» салтын жасайды. Бесіктің түбегіне тәтті кәмпиттер салып, балаларға, сол жерге жиналған тойшыл қауымға үлестіріп, бөліп беретін болған. Бесікке салу рәсімі ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, ауыл ішіне сыйлы қарт әжейге берілетін болған. Бала бесікке бөленген соң, оның үстіне әруақтар қолдап жүрсін деп аталарынан қалған сақтаулы тұрған киімдер немесе кей жерлерде жеті түрлі жаңа киім, ел тізгінін ұстаған азамат болсын деп аттың тізгіні, өз ортасында айбынды болсын деп қамшы қойылады. Баланы бөлеген әже қолына қамшысын ұстап шапқан сыңай танытады. Жанындағы кісілер: «Әжей, қайда барасыз» деп сұрақ қояды, ал әже болса, «Меккеге барамыз», «Байдың ауылына барамыз», «Күн астындағы Күнікейдің ауылына қыз айттырып барамыз» деп жауап қайтаратын. Жиналған әжелер барлығы бірге қосылып бесік жырын шырқайтын болған. Ол жыр нәрестеге айтылған тілек, бата іспетті. Осыдан-ақ, бесік жыры тәрбиенің бастау бұлағы екенін аңғару қиын емес.
Қазақ қазақ болғалы нәрестені бесікке салып келеді. Бұл ата салт-дәстүр ғана емес, шақалақтың тыныш ұйықтауына жасалған жағдай. Өйткені, ананың құрсағында жатқанда-ақ бала тәрбиесін қолға алатын қазақ бесіктің тербелу ырғақтылығын да анасы қимылдаған сәттегі әрекетпен ұштастырып қойған. Бұл бала жарық дүниеге келмей жатып құрсақтағы сәтімен арада үйлесім табуына әкеледі. Алайда үш жүздің басын қосқан хан Абылайды, Ұлы һакім Абайды, қазақ даласында қасиет тұнған өлкеден нәр алып өскен талай ұлы батыр-баһадүрлерді тербеткен бесіктен бүгінгі қазақ не үшін жерініп жүр? Даналарды тербеткен тал бесік бүгінгінің балаларына неліктен зиян болып қалды? Заманға сай жаңарып, дәстүрден безінгенімізді қалай түсінеміз? Көкейде самсаған сан сауалға жауап алу үшін аудандық емхананың «Дені сау бала» кабинетінің маманымен тілдескен едік.
– Қазіргі бүкілодақтық денсаулық сақтау ұйымының бағдарламасы (ИВБДВ) бойынша балалардың аяқ-қолы бос жатуы керек. Себебі, бесікке бөлеу баланың нерв жүйесіне әсер етеді және сүйектерінің дұрыс өсуіне кедергі болады. Тіпті жаялыққа қол-аяғын қатты байлауға болмайды. Қазіргі күні мамандар балалар еркін, аяқ-қолын созып жерде немесе манежде жатуы керек деген тұжырым жасады. Бала еркін болып өсуі үшін де бұл жағдай көп септігін тигізеді. Өзіңіз байқасаңыз, біздің кезімізде балаларды туа сала жаялыққа орап, қақитып қоятын, бірақ қазіргі күні киімін кигізіп жаныңызға бос жатқыза салады. Не үшін? Бұл дегеніміз бала аяқ-қолын сермеп, еркін қозғалып жатуы керек деген сөз. Ал памперс кигізу де аса құптарлық жағдай емес. Ол кішкентай бүлдіршіннің денсаулығына зиян. Сол үшін баланы 3-4 айында-ақ тосып үйретуі керек. Памперске сұйықтық бөлінген сайын іші қатты градуста ысып қайнайды. Содан-ақ біле беріңіз. Мен маман ретінде бесік пен памперсті керек деп айта алмаймын, – деген медбике Райхан Жарылқасынова өзінің бесікте жатқанын, үш баласын ата-әжесінің кеңесімен бесікте өсіргенін де жасырмады.
Ауданда ұрпағы жайылған ұлағатты жандар жетерлік. Елге үлгі-өнеге болып өз баласын өсіріп, онан соң немересін де ақ бесікте тербетіп, әлди айтып өсірген жандарды жолықтыру қиын емес. Кент тұрғыны Гүлмира Омарова төрт баланың анасы. Ата салтын ардақтап, қазақы қасиеттерді бойына сіңіре өсірген ана бесіксіз бала өсіруді елестете де алмайды.
– Бесіксіз бала өсіруді елестете алмаймын. Менің төрт балам да бесіктен шыққан. Жолдасым үнемі жолда жүреді. Балалармен жалғыз отырғанда бесіктің ыңғайлылығы көрініп тұрады. Бала бесікте таза, бір жағынан қол-аяғы түзу болып өседі. Бөленіп жатқан балаға суық та тимейді, аунап тұншығып қала ма деп те қорықпайсың. Балаларымның алды 8 сыныпта оқиды. Кішкентай ұлымды үлкендеріне бесікке бөлеп беріп, тірлігімді істей беремін. Көтеріп құлатып алады деп те қорықпайсың, жылы әрі қауіпсіз. Памперсті қонаққа барғанда ғана кигіземіз. Күнделікті кигізбеуге тырысамын, – деді ол.
Озық елден үлгі алып, жаһанданамыз деп жүргенде өз құндылығымыздан айырылып қаламыз ба деп қорқасың. Ештеңеден қорықпаған ерен ер Бауыржан Момышұлының өзі «Бесігі жоқ елден қорқамын» деген жоқ па?.
Бүгін балаларымызды «манежге» салып, Қытайдың ойыншығын беріп, смартфонмен шетелдің өлеңін тыңдатып тірлігімізді істей береміз. Ертеңіміз бұлыңғыр. Қайда бет бұрып барамыз? Балаға қарасаңыз темір тордың ар жағында отырған тұтқын тәрізді.
Ақ бөпем-ау, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат, бөпем.
Жылама, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін.
Байқұтанның құйрығын,
Жіпке тағып берейін...
Ұлағаты тұнып, қадір-қасиетті бойына сіңген ұрпақ өсіруде әженің әлдиінің маңызы жоғары. Бесіктен ажыраған келешек «Әлдиің қайда, ақ әже» деп сұраулы жүзбен қараса не деп жауап берер едіңіз? Қарашаңырақта өскен қазақтың қара баласы «бұрышқа да» тұрмастан бұрышсыз үйде, қоршаудың ішінде қалмастан ақ бесікте іңгәлап өспеп пе еді?! Олардың жаманы қайсы? Ендеше біз неден қорқамыз? Жүректің соққан дүрсіліндей бесіктің де тербелісі тоқтамасыншы.
А.АБАЙҚЫЗЫ,
«Қармақшы таңы».

26 ақпан 2018 ж. 2 844 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 027

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031