» » » ЛӘҢГІНІҢ ОРНЫ МҰРАЖАЙ МА?

ЛӘҢГІНІҢ ОРНЫ МҰРАЖАЙ МА?

Бұрындары бір көшенің бойында тұратын бала біткеннің бәрі жиналып, ләңгі мен асық ойнап, доп теуіп, асыр салатын. Қазір қарасаң, бесіктегі баладан бастап жасы үлкен қарияларға дейін түрлі қалтафондар мен смартфондардың құрығына іліккен. ХХІ ғасырда, технологиялық өрлеу дәуірінде өмір сүріп жатқан бала біткенге «ләңгі» тас дәуіріндегі жабайылардың ойыны болып көрінуі әбден мүмкін.
Ләңгінің шығу тарихына үңілсек, Орталық Азия елдеріндегі көшпенді тайпалар арасында пайда болған көрінеді. Үнемі ат үстінде жүретін жауынгерлер мұны денешынықтыру ретінде ойнаса керек. Тақым мен аяқтың мықтылығын шынықтыруда таптырмайтын тәсіл де осы болған. Жауынгерлердің бұл жаттығуы кейіннен ережесі бар ойынға айналған. Кезең-кезеңімен даму үрдістерінен өтіп, қалың қазақтың қалыпты ойындары қатарына енген. Ләңгі тебу арқылы бабаларымыз ептілікке, икемділікке, тепе-теңдікті ұстауға, өз мақсатына жетуге ұмтылған.
Жаһанданудың жалына жармасқан жас­тар жетерлік. Жасөспірімдердің жиылып алып, асық атып, ләңгі теуіп жатқанын бүгінде сирек кездестіреміз. Мәселенің түп-төркініне үңілетін болсақ, үлкендерге барып тірелетін секілді. Бауыржан атамыздың «бесік жырын білмейтін әже­лердің азайып бара жатқанына қынжыламын» – дегеніндей асық жинап жүретін ақсақалдарымыз да азая бас­тады.
Заманына қарай ойын түрі де өзгеріп отыратыны қалыпты жағдай. Расында, асықтың орнын гольф пен боулинг басса, әзірге ләңгінің орнын басатын ойын түрі жоқ. Бүгінгінің балалары counter-strike-ті ойнағанда алдына жан салмайды. Осы­лайша, өзімен-өзі тұйықталып, өзге ешкімді жақ­тырмайтын, сөйлеу түгілі ойлау қабілеті дамымай қалған ұрпақ өсіп келеді. «Әй, сабаздар-ай, бұрын­ғының балалары ептіліктің де, сөзуарлықтың да түбін түсіретін еді»,-деп еске алып отырады әжем.
Өткен жылы Қызылорда облысында ләңгі ойынынан республикалық деңгейде чемпионат өтті. Оған 50-60 жасқа дейінгі барлық көрермен жылы лебізін білдіріп, ләңгі ойынын білмейтіндер үйренуге талпынып, үлкен қызығушылық танытты. Осылайша, бұл ойынның алауын тұтатуға мұрын­дық болғандарға көпшілік алғысын жаудырды.
Мамандардың айтуы бойынша, асық ойнап, ләңгі тебу баланың көру қабілетін жақсартуға үлес қосатын таптырмайтын ем көрінеді. Одан қалса, ми тамырлары кеңейіп, сонымен қатар, жүйке жүйесінің жұмысын едәуір жақсартады, дені сау, әрі шымыр болып өседі. Бірақ, осы қалыптан танбай, өткенді ескінің сарқыншағына балап жүре берсек, ләңгінің орны мұражай болуы мүмкін.
Ақерке ҚАНИБЕК.
22 қаңтар 2018 ж. 4 479 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 019

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031