Бесіктен безу -ұлтсыздану
Әлі күнге дейін есімізде, құлағымызға естілетін сиқырлы әуен. Ананың құлаққа жағымды үні, бесік жырының сәл мұңды әуені, оның сөздері, бәрі-бәрі бүгін естігендей, құлаққа әбден сіңісті болып қалған. Ара-тұра осы әуенді айта жүреміз ыңылдап. Сол кезде балауса шақтың сәттерін көз алдымызға әкеледі.
“Асығыстық” пен кем қалмау үшін жанталасқан тұрмысы нарыққа негізделген қала тіршілігінен шаршағанда сол әуен көкейдің түкпірінде шыдамдылық пен күрескерлік қасиетіңді қайта жандандырады. Сананың түкпірінде тұрып сәуледей нұрын шашады келіп. Шаршап тұрған жаныңды бір сергітіп, бойыңды басқан зілді тауқыметті сілкіп тастатады. Бұл, бәлкім, бесік жырының құдіреті болар. Себебі, тарихың да сонда, тамырың да сонда, тағдырың да сонда. Бесік жыры арқылы алғаш өлең дүниенің бар екенін, әуеннің бар екенін сезгенсің. Сай сүйегің мен алпыс екі тамырыңа осынау құдіретті ән таңбаланып қалған. Алайда, бүгінгінің баласы “манеж” (төсек орын) бен Моцарт, Бах, Бетховеннің сонаталарын құп санайды. Жас отбасылардың әуестігі де сол.
Бірде базарда кейуана (ауылдан келген болуы керек) шүмек іздеп жүр екен. Сұрағанын таппаған жан “Бүгінде баланы бесікке бөлемейтін болғаны ма?” деп күмілжіді. Сонда саудагер саңқ етіп, “Шүмекке сұраныс жоқ, есесіне “памперс” алсаңызшы. Балалар қазір бесіктен гөрі манежге жатады ғой” демесі бар ма? Әжей аң-таң. Бұл қала ғой. Баласын “манежге” бөлеп, өлең емес, соната тыңдатады.
Бесік жыры – дәстүр ғана емес, болмыс, ұлттың табиғаты, танымы, кеңістігі. «Ұлт болам десең – бесігіңді түзе» немесе «Бесік жырынсыз өскен бала – рухани мүгедек» дегенде сол бабалар нені аңғарып, нені аңдады?! Жастар кітап оқымайды деген секілді мәселелердің артында - оның туу себебі болып осы бесік жырының айтылмай жатқанын байқадық па? Бесікте тербеліп жатып, ән мен әуеннің құдіретін сезінбеген баланың санасы қазақы дәстүрге қалай бейімделсін. Бесікке салу, бесікке таңу, бесіктен шығару – ұлы той, үлкен қуаныш, ақ түйенің қарны жарылатын мереке десек те болады. Төл дәстүрдің жолын, яғни бесікке салу дәстүрін ауылдағылар ғана жалғастырып келеді екен. Қаладағы жағдай бөлек, озық мәдениеттің бір көрінісі, жаялық емес “памперс”, бесік емес “манеж”, бесік жыры емес “соната”. Демек, бесік тербетілмеген үй болар, бірақ шаңырақ емес, себебі мұнда қазақы иіс жоқ. Қазақтың ұрпағын қалыптастырар жас аналар балаңызды бесікте тербеткеніңіз абзал. Себебі, қазақтың жалғасы –сіздің балаңыз!
С.ҚАЛЫМБЕТ.