АРЫСТАНБАЙ БАТЫРДЫҢ АҚЫНДЫҚ ҚЫРЫ
Айбас баласы Арыстанбай жас кезінен бастап тек қана батырлыққа емес, сөз мәйегін шебер қолданатын ақындық пен шешендікке, тіпті ән шырқап, серілік құратын қазақи өнерге бейім болып өседі. Бірақ, көп кешікпей домбырасын найзаға алмастырған батыр жігіт ел қорғау жорығына аттанып кетеді. Батыр қай жерде жүрсе де сөз өнерінен қол үзіп кетпейді. Жорықтағы сарбаздар арасында да оның ерлік рухын көтеретін, шаршаған көңілдерге дем беретін жігерлі, жалынды сөздері көп болған. Мұндайда ол:
– Адамның ішінен қайнап шыққан жыр – нағыз алмас, жаудың жүрегіне қадалатын найза ғой! – дейді екен.
Сондай-ақ, жауға аттанарда Арыстанбай сарбаздарды күлдіру үшін айтқан сөздері де көп болған. Төменде батырдың ақ алмастай жарқылдаған жырларының бір парасын оқырман назарына ұсынамыз.
Қаражал құла, қаражал,
Бола қалса жаралы.
Үйде отырған қатындар,
Сонда болар қаралы.
Қара халық қамы үшін,
Батыр жауға барады, – десе, енді бірде:
Өзім науша бұламын,
Жәрдемі болды құланың.
Бұзғанда қалмақ қамалын,
Әбілхайыр деп еді,
Арыстанбай болсын ұраның! – деп өзінің жан сарайындағы асқақ сезімін шабыттана жырға қосады.
БАЛА АРЫСТАНБАЙ МЕН ҚАЛМАҚ КҮЗЕТШІСІ
Арыстанбай тама Есет батырдың сұңғылалығы мен сыншылдығына ерекше тәнті болады екен, оның да себебі бар. Жасы он бестер шамасында Арыстанбай күндердің күнінде бір топ ауыл адамымен бірге қалмақтардың қолына түсіп қалады. Бұларды қашып кетпесін деп қалмақтар қарулы күзет қояды. Сонда қазақтарды қарауылдап отырған қалмақ ыңылдап өлең айтады. Оны жақтырмаған бала Арыстанбай сол жерде табан астында өлең шығарады. Жарықтық Есет батыр жырды тыңдап, риза болады. Өлеңнің құдіретін білгені ғой. Сол өлең мынау екен:
О қалмақтар, қалмақтар,
Берекесін алма қазақтың!
Бізде де ақын, батыр бар,
Ежелден ер қазақпын!
Арыстанбай да келер,
Сазайыныңды берер.
Көрерсің түрін азаптың!
Қазақтың қаршадай баласының мына сөзінен қаймыққан күзетші қалмақ сонда: «Ойбай, мына баласы құрғыр не дейді? Арыстанбайы келсе, шетімізден қырар! Қой, одан да бұларды босатайық!» – деп, тұтқындағыларды тегіс ауылына босатып жіберген екен.
ҚАССЫЗ БАЙ
Бірде Арыстанбай жолдастарымен жол жүріп келе жатып, бір байдың үйіне ат басын тірейді. Сырттан дыбыс беріп хабарласса, іштен ешкім үн қатпай отыра береді. Сонда батыр байдың қылығына ренжіп:
Қош көрмесең қонақты,
Ойнамассың, күлмессің.
Сөйлеспесең мейманның,
Кім екенін білмессің.
Сыртқа шығып қарасаң,
Ас бергендей кісіңмін.
Қойыңды сойып алдыма,
Бас бергендей кісіңмін.
Әруақ, Құдай ортақ деп,
Ерегіссең егесіп.
Оятұғын төбеңді,
Тас бергендей кісіңмін.
Қырықтың бірі Қыдыр деп,
Елемеген ессіздің,
Мөлдіретіп көзіне,
Жас бергендей кісіңмін.
Менменсіген менменнің
Жүзін айтып қайтейін,
Елу, алпыстайына,
Дәс бергендей кісіңмін.
Үлгі, өсиет сөз айтсам,
Отырғызып төріне,
Қас бергендей кісіңмін.
Қазақта жоқ ед бұл әдет,
Қандай қарғыс атқансың,
Шықпайсың неге үйіңнен,
Қисайған ба еді мүсінін?! – деп қаражал құланың басын кейін бұрғанда құла алдыңғы екі аяғымен жерді тарпып-тарпып жіберіп, жөнеле берген-тін. Оның дыбысынан шошынған үй иелері сыртқа жүгіріп шығады. Тұлпардың дүбіріне таңырқаған әрі өзінің қылығына ыңғайсызданған бай сонысын жуып-шаймақ болып, Арыстанбайдан үйге түсуін өтінеді.
Сонда қайсарлығына басқан Арыстанбай қассыз байға қарап тұрып:
Сендей қассыз байға қонғанша,
Бұтасы көп сайға қонайын.
Есірікті өзіңдей,
Өмірде есінен қалмайтындай,
Сөзімменен таңайын.
Құдайым біл,
Пайғамбарым Хақ болса,
Қайтарымда жаназаңа,
Соғайын, – деп ілгері жүре беріпті.
АРЫСТАНБАЙ МЕН ЖАРЛЫ
Бір күні Арыстанбай алыс ауылға келіп, бір үйге тоқтайды. Іштен жүгіре шыққан жарлы жігіт атының шылбырына оралып, үйіне түсіреді. Құдайы қонаққа барын ұсынып, пейілділік танытады. Сөз орайында күні кеше ғана қайтыс болған он бестегі баласын уайымдап, жағдайын айтады. Сонда Арыстанбай түзеліп отырып, айтар сөзін жинақтап:
Атың өлсе, биең төлейді,
Атаның өлсе, түйең төлейді.
Ұлың өлсе, Жаратқан бір
Иең төлейді.
Аспа, саспа,
Мен жоқ болдым дегеннің,
Талайын көргенмін.
Қаңғырып жүріп,
Хан болғанды көргенмін.
Шалдығып жүріп,
Бар болғанды көргенмін.
Маған енді ұрпақ қайда дегеннің,
Ортасы жанға толғанын көргенмін.
Қазақ айтқан жоқ па еді,
Итің мен малыңды теппе,
Іргеңе келген мейманын кетеді.
Қырықтың бірі Қыдыр болады.
Мейманды күтсең,
Бақ пен ырысың қонады.
Саған рақмет, ата жолын тұттың,
Мейман деп мені күттің.
Маған бес ұл берді,
Екі арысын аман болсын!
Құдай менен жарлы емес
Қалғанын өзің сұрай бер, – деп, батасын берген екен.
Жазып алған Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ.