» » ӘБІЛҚАЙЫР ХАННЫҢ СЕНІМДІ САРДАРЫ

ӘБІЛҚАЙЫР ХАННЫҢ СЕНІМДІ САРДАРЫ

Қазақтың дархан көңіліндей ұшы-қиыры жоқ көсіліп жатқан даласына қарап, осынша байтақ, жазира өлкені бұрынғы өткен қилы-қилы заман тоғысында, қиян-кескі жаугершілік соғысында жауға таптатпай, оларды ішкері аттатпай, аман-сау сақтап қалған ата-бабаларымыздың табандылығы мен қайсарлығына таңданбасқа және мақтан тұтпасқа хақымыз жоқ.


Асылы, батырлық – халқымыздың қанында бар асыл қасиет. Мұны ешкім де жоққа шығармайды. Оның анық та, айқын куәгері – тарихтың өзі. Ал, тарих нақтылық пен дәлдікті қажет етеді. Әсіресе, тарихи тұлғалар хақында қалам тербегенде ақиқат ауылынан алшақтауға болмайды. Мұны да тарихшылар мен зерттеушілер үнемі айтып келеді. Тіпті, ел ауызынан естіген, дерек көздерінен оқыған әңгіме, сөздердің де қисынды-қисынсыздығына тағы бір көз жеткізіп, оларды көңіл сүзгісінен мұқият өткізіп алудың артықтығы жоқ. Өйткені, оқиға кейіпкері, яғни тарихи тұлға туралы тың туынды жазудың жауапкершілігі тым жоғары екенін ұмытуға болмайды. Атақты батыр Арыстанбай Айбасұлының туғанына (1693-2018 ж.ж.) биыл 325 жыл толып отыр. Осыған орай айтулы батыр туралы жинаған деректерімізді тағы сараптан өткізіп, осы зерттеу мақаламызды ұсынып отырмыз.

Сыр бойы және Батыс өңірі халқына кезінде батырлығымен, шешендігімен танымал болған, неше ғасырдан бері халық жүрегінен ұмытылмай, ерлік салты, атақ-даңқы анызға айналған айбатты батыр Арыстанбай Айбасұлы 1693 жылы Қуаң мен Сырдың аралығындағы (қазіргі Ақжар ауылының аумағы) қоныста дүниге келген. Әрине, бұл батыр баба жайлы жұрттың дені біле бермеуі мүмкін. Өйткені, жеткілікті зерттеуді әлі де қажет ететін, есімдері ұмыт бола бастаған қазақ батырлары толып жатыр. Арыстанбай батыр – міне, осындай, еленбей келе жатқан тарихи тұлға.

Қазақ тарихында қазақ жерін, оның момын, жайбарақат жатқан елін жаулап, басып жаншып, оны бодан, құл етуді көздеген арам ниетті басқыншылардың құйтырқы жоспарын күл-талқан еткен қанды шайқастың көп болғаны белгілі. Солардың ішінде ең әйгілісі – 1727 жылы болған «Қалмақ қырған» шайқасы екені әмбеге аян. Қазақ пен қалмақ арасындағы осы қырғын шайқаста шешуші рөл атқарған Кіші жүз ханы Әбілқайыр жасағының бас қолбасшыларының бірі – Арыстанбай батыр­дың жоңғар шапқыншылығына қарсы ерлік­пен шайқасқаны туралы жазушы Әбіш Кекілбаевтың ертеректе жарық көрген «Елең-алаң» кітабында айқын да, анық жазылғанын оқырманның есіне тағы бір салғанның артықтығы жоқ.

Кіші жүздің ханы, қазақ сұлтан­дарының соңғы буыны Өсекенің ұрпағы Әбілқайырдың маңына кезінде жауға қарсы қол бастаған және оның ел билеу ісіне, әсіресе, Ресеймен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуына жәрдемін тигізген батырлардың жиі шоғырланғаны белгілі. Солардың бірі де, бірегейі – Арыстанбай Айбасұлы жайлы деректер де бар. Бұл орайда белгілі зерттеуші, жур­налист, этнограф Тынышбек Дайрабай мен батырдың жетінші ұрпағы, ақын әрі шежіреші, Қармақшы өңірінің қадірлі қар­ты Әлімбай Әлиасқаровтың кезінде біршама зерттеу және насихаттық жұмыстар жүргізгенін білеміз. Бұл екі сөз зергерлерінің жазбаларын салыстырып қарағанымызда Әбіл­қайыр хан да, Арыстанбай батыр да бір жылда, яғни 1693 жылы туған екен. Хан өзімен құрдас болғандықтан Арыстанбай батырға қысылтаяң сәтте өзгелердің қо­лынан келе бермейтін шаруаны тапсырады екен. Соның бірі – Әбілқайыр хан жасағының жорықтан оралған кездегі күзгі қара нөсерге тап болу оқиғасы. Қос зерттеушінің жазбасында да бұл оқиғаның барысы шынайы суреттеледі. Батыр ұрпағы Әлімбай қарияның үйіндегі магнитофонға жазылған дауысын қайта-қайта тыңдағанымызда Арыстанбай баба туралы ұғымымыз онан сайын кеңейе түскен еді. Әлекеңе бұл әңгімелердің өз ата-бабалары, кеудесі алтын сандық-ел ақсақалдары арқылы жеткені анық.

1700 жылдан бастап Ресей патшалығы, Қоқан, Хиуа хандықтары қазақ жеріне көз алартуын үдете түскен-ді. Жан-жақтан қыспақ көбейіп, қазақ жұртының тынышы кете бастайды. Ресей мен қазақ арасындағы қатынас туралы құжаттарда және Әбіл­қайыр хан туралы кейбір деректерде Арыс­танбай Айбасұлының есімі де арагідік кез­десіп қалатынын Т.Дайрабай жиі айтып жүр. Осы алмағайып кезеңде Арыстанбай батырдың Кіші жүз ханы Әбілқайырдың жанынан табылуы кездейсоқ жайт емес. Хан маңына ел мүддесін ойлайтын игі жақсылар – батырлар мен билер ғана жиналады. Өйткені, «Ақылдасып пішкен тон келте болмас» дегенді бұрынғылар бекерден-бекер айтпаған. Әрі ол Ресей мен Кіші жүз қазақтары арасындағы қарым-қатынастың бір жүйеге түспей жатқан кезі еді. Бір жағынан құба қалмақтардың, екінші жағынан башқұрттардың тасалап келіп, тарпа бас салудан тайынбайтын райы байқалады. Мына іргедегі түрікпендердің де бөріктерін шошайтып, қайқы қылыштарын жалаңдатып тұрғаны үрей тудыратын. Осының бәрін ескерген Әбілқайыр хан 1730 жылдан бастап терістіктегі Ресеймен қарым-қатынас орнатуға батыл әрекет жасайды. Ресей еліне жіберілген елшілердің арасында аға батыр Арыстанбай Айбасұлының да болып, көп шаруа тындырғанын айтқымыз келеді. Деректерге сүйенсек, Арыстанбай бабамыз ірі сүйекті, ұзын бойлы, көрнекті кісі болған. Батырлығымен қоса өте епті, айлакер кісі болғанға ұқсайды. Тілге ұста, сөзге шешен, әрі хан көңілінен шығып отырған кісіні қай жерге болмасын ұялмай жұмсауға болады. Өйткені, істің сәтімен бітуі адамына байланысты. Хан мұны жақсы білген.
Міне, осындай тұлғаның сол кездегі тарихи оқиғалардың нақ ортасында болуы – оның қайраткерлік қызметінің бір қырын аңғартады. Тарихтан белгілі, 1731 жылдың 10 қазанында Ырғыз өңіріндегі, Майтөбе деген жерде Кіші жүз қазақтары Ресейдің қоластына кіруге келісім жасап, ант қабылдайды. Кіші жүздің 27 рубасысы антқа қол қою рәсіміне қатысады. Осы бір қазақ даласына үлкен өзгеріс әкелген тарихи оқиғаға қа­тысып, хан тапсырмаларын бұлжытпай орындап отырған батырлардың бірі – Арыс­танбай болғандығын дерек көздері растайды.
Арыстанбай батырдың жорық кез­дерінде сарбаздарға дем беріп, олардың қай­ратын жанитын жалынды өлең-жыр­лары, шешендік сөздері көп болған ек­ен. Со­ның бір парасы төмендегідей болып келеді.

– Адамның ішінен қайнап шыққан жыр – нағыз алмас, жаудың жүрегіне қадалатын найза ғой! – деген сөзді жиі айтады екен. Арыс­танбайдың:
Қаражал құла, қаражал,
Бола қалса жаралы.
Үйде отырған қатындар,
Сонда болар қаралы.
Қара халық қамы үшін,
Батыр жауға барады! – деуі осыны аңғартады.
Ел қорғаған батыр, сөз бастаған шешен Арыстанбай Айбасұлының азаматтық, батырлық һәм айтқыштық қасиеттерін айқындайтын өзге де әңгімелердің бір­қатары Тынышбек Дайрабайдың «Сырдың сырлы сыры» кі­та­­бындағы «Арыстанбайды білу керек» атты зерттеу мақаласында да жиі кездеседі. Сондықтан біз оларға қайта тоқтауды жөн көрмедік. Десе де мың өліп, мың тірілген қазақ халқын сырт жаудың қыспағынан құтқарып қалу жолында ерлікпен шайқасқан ержүрек сардарардың алдынғы сапында болған Арыстанбай батыр жайлы деректердің бізге дейін толық жетпегені ақиқат. Бұған ешкім де емес, алыс ғасырлар қойнауындағы уақыт пен мезгілдің тым қашықта қалғандығы, ерлік жайлы әңгімелердің уақытында қағазға түспегендігі себеп те болғанын ешкім жоққа шығармайды. Атам қазақ ерлікті мақтан үшін жасамаған, ел, жер, отбасы, ұрпақ қамы үшін жасаған және сол үшін өлімге басын байлаған! Арыс­танбай да осындай қарапайым, ел оғланы, нағыз намысшыл қазақ болған екен. Мұны сол замандардың көзі мен құлағы һәм шарайнасы болған – дүлдүл ақындар мен жыраулар ғана бүгінгі ғарыш дәуіріне алтындай жарқыратып, қаз-қалпында жеткізіп отырған.
Сыр сүлейі, ақын Шегебай Бектасұлы өзінің толғауында:
Ордасын бұзып қалмақтың,
Арыстанбай да өтіпті.
Ұранға шыққан ерлігін,
Көрсеткен боз ат болды күн
Әрі шешен, әрі ақын –
Қожагелдінің батыры,
Кетпеген шыдап көмбеден! – деп жырласа,
келесі шайыр Тұрмағамбет Ізтілеуов:
Арыстанбай мен Сәлтеке,
Айбаты бейне арыстан.
Қасарысқан дұшпанды,
Табанға басып жанышқан! – деп, ер рухын асқақтата түседі.

Қазақта ат есімі ұранға шыққан батыр көп. Бұл жай беріле салатын немесе кім көрінгеннің қанжығасына байланатын жай атақ емес. Ол – ұлт, ел рухын көтеретін қасиетті ұғым, намыс байрағы! Рух, Намыс бар жерде халықтың еңсесі көтеріледі, Жеңістерге қолы жетеді! Қырандары қияны шарлайды, бәйге аттары озып келеді! Жоғарыда айтқанымыздай, 1727 жылы болған «Қалмақ қырған» шай­­қасындағы ерлігі мен ептілігін, қолбасшылық қасиетін жоғары бағалаған Әбілқайыр хан Арыстанбай батырдың есі­мін сонау Сыр бойындағы 2000 үйлі қожа­гелді тайпасына өз пәрменімен ұран ғып қабыл­датқан екен. Содан бері қанша ғасыр өтсе де бүгінде өсіп-өнген қожагелді руы ас-тойларда, мерекелерде жүйрік аттарын аламан бәйгеге «Арыстанбайлап!» қосуды өздеріне зор мерей санайды.


Арыстанбай Айбасұлы – Дөйт ұранды Шөмекейден тараған атақты батыр. Кіші жүздегі Шөмекей руы негізінен кезінде алыс-жақын елдерге көп тараған. Оның себептері де көп. Шайқалып тұрған заман желі кезінде кімді қайда жөңкілтпеген?! Жау­гер­шілік, ашаршылық, қуғын-сүргін сия­қты кесапаттар мен қасіреттердің зардабын көп тартқандардың арасында жауынгер халық Шөмекейлер де бар. Оларды кең байтақ республикамыздың түкпір-түкпірінен кезіктіруге болады. Арыстанбай батыр ұрпақтары Қызылорда облысының Қармақшы ауданында, оның ішінде Ақжар ауылында көбірек шоғырланған.

Осы орайда, батырдың ата тегін то­лық тартып айтқанның артықтығы бол­мас. Арыстанбайдың ата тегі – Кіші жүз-Қа­ра­кесек-Шөмекей-Бозғұл болып Боз­ғұлдан-Кел­дібай, одан Қожагелді руы тара­ған. Қожагелдіден-Тыныс, одан-Рай. Әлімбай ақын осы Рай Қожагелдіден тарайды. Ел сыйлаған ақын, Сыр сүлейлерінің маржандай сөз мұраларын жинақтаушы әдебиет жанашыры әрі білікті шежіреші Әлімбай Әлиасқаров көзі тірісінде «Арыстанбай айтты» деген шешендік сөздердің бір парасын, т.б. ақын, жырау, би, шешендердің және өз шығармаларын ерінбей екшеп, жинап, қағазға, таспаға түсіріп, ұрпағына аманаттап кеткен ек­ен. Баға жетпес осы мұраларға қазір Әлекеңнің Қызылорда қаласында тұра­тын немересі, ҰҚК бұрынғы жауапты қызметкері, отставкадағы подполковник Сәруар Әлиас­қаров иелік етуде. Ал, Қармақшы ауданының Ақжар ауылында тұрған Әлімбай баласы Сақтағанның да Арыстанбай бабасы, басқа елдің игі жақсылары хақында көнекөз, құймақұлақ қарттардан естіген әңгіме сөздерді қидан қыл суырғандай етіп айтатын шешендігі бар еді. Мұның өзі ұрпақтар сабақтастығын бір дәлелі.
Арыстанбай батырдың туған жылы белгілі, Әбілқайыр ханмен құрдас екенін жо­ғарыда айттық. Ол ханнан 29 жылдан кейін, яғни, 1777 жылы 84 жасында қайтыс болған. Бейіті Ырғыз өңіріндегі хан қорымында, Әбіл­қайыр ханның жанында жатқаны кейі­н­нен белгілі болған. Батыр бейітінің ба­сында бір үлкен қисық ағаштың өсіп тұрғанын көзі тірісінде қасиетті орынға зиярат ете барған батырдың жетінші ұрпағы, халық ақыны Әлімбай ақсақалдың өзі көріп, сол жерден еліне бір уыс топырақ алып қайтқан екен. Баһадүр бабасы жайлы деректерді жинап, жадында тоқып, оларды кейінгі жас ұрпаққа таратып, насихаттауға Әлімбаев Сақтағанның да сіңірген еңбегі зор еді. С.Әлімбаевтың айтуынша, республикалық «Ана тілі» газетінің тоқ­саныншы жылдары шыға бастаған ал­ғаш­­қы сандарының бірінде қазақтың аға батырларының ұзын тізімі беріліпті. Сонда Арыстанбай Айбасұлының да аты-жөні жа­зылған көрінеді.

Қазақ елінің бостандығы мен тәуел­сіздігі үшін басқыншы жаулармен ерлікпен шайқасқан Арыстанбай батырдың есімін әрдайым қастер тұту – ұрпақ парызы. Өйт­ке­ні, Тәуелсіздіктің тамыры тым тереңде жатыр. Бабалар ғасырлар бойы армандап өткен, соған жету жолында қан төккен көк байрақты Тәуелсіздіктің қадір, қасиетін, оның баға жет­пес құндылығын бүгінгі жас ұрпақтың жанындай ұғынатынына және оны айрықша мақтан тұтатынына кәміл сенуге болады. Өйт­кені, қанда бар қасиет мәңгі жоғалмайды ғой! Осы орайда ұранға аты шыққан, атақты батырдың есімін жаң­ғырту мәселесі ұмыт қалмаса екен дейміз.
Ибрагим БЕКМАХАНОВ,
ақын.
05 желтоқсан 2018 ж. 2 058 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 250

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 351

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930