» » » БЕСІКСІЗ ҮЙДЕ БЕРЕКЕ ЖОҚ

БЕСІКСІЗ ҮЙДЕ БЕРЕКЕ ЖОҚ

Рухани жаңғыру деп жар салып, өскіндердің ішкі сарайына бар құндылықты ен­гі­зуге еңбек­тенудеміз. Қанша заң қабылдап, бағ­дарлама шығарсақ та отбасылық тәрбиені ұлттық негізге бағыттамай ұтарымыз жоқ. Қазір қазақтығымызды танытар қа­сиетті де құтты тал бесікке таңылмай, маңдайына әлди әнін тыңдау бұйырмаған балалар өсіп келеді. Бұл қазақылықтан хабары жоқ, тамыры тереңге тартылған ұлтының ұстанымына, қасиетті қағидаларына көз жұма қарайтындардың көп­тігінен туындауда.
Аңызға сүйенсек, ең алғашқы бесік Жетісу мен Алтайдың бойын мекен еткен Айдархан бидің кезінде пайда болған. Бидің әкесі, төңірекке белгілі Мизам баба қазақ даласына ағаш отырғызумен, орманды көбейтумен айналысса керек. Елге сыйлы баба 150 жыл өмір сүрген. Өзі сүрген ғұмырында еккен көшет-талдардан үлкен бау-бақша өсіреді.
Мизам бабаның о дүниеге сапар шеккенінен хабардар қытайлар бақилық бабаның еңбегін көреалмаушылықпен өртеп жіберіпті. Сол уақытта бабаның баласы, Айдархан алыс ауылға сапар шегіп кеткен екен. Би түсінде әкесін көреді, лезде бір сұмдықтың болғанын сезген ол, үйге қарай аттың басын бұрады. Ауылға асығыс жетіп, ну орманның орнында шөл далаға айналған ауылын көріп қатты қапаланады…
Бірақ жылдар өте береді… Би үйленіп, тұңғышы дүниеге келеді. Бірақ туа сап, сәби тоқтамай жылай береді. Оған шартарапқа аты шыққан емшілер де көмектесе алмайды. Бір күні бала жылауын тоқтатады. Әкесі қуанып кетіп, жүгіріп үйге кірсе, оны ақ шапан киген бір қария өрттен аман қалған сынық бұтақтарға жатқызып, сәбиді тербетіп отырады. Айдархан би жақын келгенде, ақсақал ғайып болады. Оның орнында қалған ағаш бұтағымен Айдархан, қазіргі «бесік» деп айтылып жүрген бұйымды жасайды. Осылайша, «бесік» көшпелі қазақ халқының ажырамастай мұрасына айналады.
Иә, бай болсын, батыр болсын, патша болсын бәріміз жер бесіктен, тал бесіктен қуат алып, қа­наттандық. Баланың тәрбиелі болып өсуіне отбасының әсері мол. Ал отбасының ең маңызды қызметінің бірі – тәрбие беру. Тәрбие – тал бесіктен басталады. Бесіктің ұрпақ үшін пайдасы да ұшан-теңіз.
Бесікке жатқан бала дені сау, ұйқысы тыныш, дүниетанымы кең, өмірге құштар болып өседі. Тілі де ерте шығады. Қол-аяғы бос жатқан сәбидің ұйқысы тыныш болмайды. Ұйқысы қанбаған баланың зердесі толық жетілмейді. Сәбидің тұла бойы тазалыққа үйренеді. Бесік болмаған жерде бесік жыры да айтылмайды. Бала жатар «құтты ұяны» жырмен тербеген дала даналағының астарында ғалам мен тіршілікті ән арқылы байланыс­тырар құдірет жатқан жоқ па? Бала қай тілде жыр тыңдаса сол тілдің жанашыры болмасына кім кепіл? Өз шаңырағының астында таным-түсінігімізге жат даңғыраған дыбыс пен ессіз әуен тыңдап еті үйренген сәбиіміз, болашақ ұрпағымыз ұлт болмысымен біте қайнасып өседі деп айта алмаймыз. Бұлай жалғаса берсе ешкімге ұқсамайтын өз рухани әлемімізге өгейси қарап, өзгенің арзанқол жылтырағына әуестенбей ме? Өзге дінге бет бұрып кететіндер, болмыс пен қазаққа тән құндылықты аяқасты ететіндер соның арасынан шығады.
Қуаныштың артығы жоқ сәбиден,
Арманыңды жалғастырып тұратын.
Әлем үні басталады әлдиден,
Мұрагерің ұмыттырмас мұратың. Қараңызшы, бір ғана өлең шумағында тұтас бір ұлттың, қазақ деген қаймағы бұзылмаған халықтың ең қымбат байлығы жатыр.
Дүниеге сәби келсе қуанатын қазақпыз. Ең үлкен тойдың бірі де нәрестенің өмірге келуі. Шілдеханадан кейін көп ұзатпай баланы бесікке салу ырымы бар. Бұл рәсімге әйел-аналар шақырылады. Бесікке салу жолы ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, өнегелі әжеге, әйелге тапсырады. Мұның өзі жаңа келген сәбидің өмірі жақсылыққа толы болсын дегенді білдіреді. Бір-екі келіншек бесікті жақсылап жабдықтаған соң, алдымен, бесікті отпен аластап алады, сосын «тыштырма» жасайды (бесіктің түбек салынатын тесігінен балаларға тәтті үлестіріп беру осылай аталады). Мұнан соң нәрестені айнала отырып, бесікке бөлеп, оның үстіне, баланы әруақтар қорғап жүрсін деп атадан қалған сырт киім, ел тізгінін ұстар азамат болсын деп аттың тізгінін, ел арасында айбынды болсын деп қамшы қояды. Бесікке салу, жалпы бұл құндылық қолданысқа қандай деңгейде екенін сараптау мақсатында сауал да жүргізіп көрдік.
Бірі – бесіктен көрген рахатым көп. Әсіресе, нә­рестені таза ұстауға, жылағанда тербетіп жұ¬батуға таптырмайтын дүние, – десе, мен балаларымды кереуетте, кольяскіде өсірдім. Бесікке жатпағаннан кемтар болып қалғаны жоқ. Бесік дегенің жұмысы көп, төсеніші қабат-қабат зат қой. Мен екі баламды анамның тәсілімен-ақ аяқтарын тәй-тәй бастырдым. Қазір дайын «памперс» бар, сол рахат. Бесік жыры туралы ештеңе айта алмаймын. Өйткені, ондай жыр бар екенін естігенім болмаса, хабарым жоқ», – деді жас келіншек. Ал жас әке бесік жырын айтатын әйелді көрген емеспін. Балаға көбірек қарайтын анасы ғой. Бізге жылатпаса болды. Қайда жатқызса да, – деп құлықсыз сөйледі.
Елбасы Н.Назарбаев бір сөзінде: «Әйел – бесік иесі. Демек, әйелдің жайы түзелмей – бесігіміз түзелмейді, бесігіміз түзелмей – еліміз толық түзелмейді» деген еді. Расымен бұл тұжырымның төркінінде терең мән жатыр. Ел болам десек бесігімізді түзейік. Өйткені бесіксіз үйде береке жоқ.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА,
«Қармақшы таңы».

03 мамыр 2019 ж. 1 844 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 027

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031