Қарттың қадірі


Бала кезімізде демалыс сайын ата-әженің, нағашылардың үйіне жиі барып тұратынбыз. Біздің келгенімізді олар да жақсы көріп отыратын. Бар тәттісін, құрт-майын алдымызда тосушы еді-ау. Нағашы атамның "Ақнұрға айраннан құйып бер" деп жеңгеме айтатыны әлі күнге дейін құлағымда қалып қойыпты.
Ал студент кезде ауылға демалысқа келгенде анам бірінші кезекте ата-әженің үйіне барып сәлем беруді тапсырады. Бұл бізді қазыналы қарияның қадірін білуді үйреткені еді.
Біз ата-әжеден ештеңе күтпейтінбіз. Тек маңдайдан иіскеп, жылы сөз айтқанын ғана іздейтін ек. "Айналайын" деген солбір сөзін осы күндері сағынамын. Себебі өз ата-әжем де, нағашы ата-әжем де бақилық болған. Ара-тұра барғанымыз болмаса, олардың қолында тұрып тәрбиесін де алмадық. Нағашы әжемнің ауырып жатқанында оның қолында болған сүйікті немересінің "апа, өлмеші" деп жылағаны да көз алдымда. Біз сәл жырақта болсақ та қимаушы едік. Ал "әжесінің қызы" болған сол тәтемнің апам қайтқанда үйдің артында неге еңкілдеп жылағанын кейінірек түсіндім. Енді әженің қойнында еркелеп жататын, маңдайдан иіскеп емірене сүйетін жанның жанында жоқ екеніне сенгісі келмей жылаған екен ғой.
Нағашы әжем кетерінен соңғы жылдары біраз ауырды. Үйге барғанда шкафтың үстіндегі банкаларға сүлік салулы тұратын. Қайтатынын іштей сезгендей. "Мен өлсем көп жылаңдар" деп майсөкті дөңгелектеп біздерге, барлық балаларға үлестірісіп беретін. Ол кезде кішкентай бала болдық. Әжемнің бұл сөзін түсінбедік. Тек қана майсөкті тоя жеп алатынбыз.
Ата-әженің тәрбиесін алған балаға халықтың ықыласы ерекше ғой. Бұл мектептен өткен бала зерек те ерек болып, бүкіл елдің мақтанына айналатын. Қазақ әжесінің керемет образын қалыптастырған бірегей тұлға – Абайдай дананы тәрбиелеген Зере осының көрінісі емес пе?!
Бүгінде қария атына лайық адамдар азайып, қартайғанда қадірі кетіріп бара жатқандай. Ертеректе жасы қырықтан асқан қазақ қарттыққа бет бұрып, немере бағып, елге үлгі болуға тырысқан. "Қарты бар үйдің қазынасы бар" дегендей жасы кішілер оларға құрмет көрсетіп, қадірлеген. "Төріңнен қарт кетпесін" деп, той-томалақты батасыз бастамай, қариядан бата алуға тырысқан. Бұл үрдіс қазіргі таңда әлі де болғанмен, сиреп барады. Жаhанданудың салқыны тиіп жатқандай.
Иә, қазақы танымда үйдің төрін үлкендер үшін сайлап, үлкендер кетсе, бақ-дәулет, ырыс кетеді деп ырымдаған. Ауыл қариялары көп оқымаса да, өздерінің үлкендерден көргенін, табиғаттан үйренгенін, қазақи ұғымнан түйгенін дәріптеген.
Рас, бүгінгі қоғамда қарттың қадірін жете түсіне алмайтын боп барамыз. Мұны ата-анасын қараусыз тастап, қала асып кеткен балалардан, әке-шешені керек етпей қарттар үйіне өткізгендерден, шетел асып кеткен жандардан көріп жүрміз. Апырмай-ау, біз осындай тасжүрек халық па едік? Ата-анадан сырт айналатындай нендей күйге жеттік екен?
Қалаға кетіп, үйдегі әке-шешені жалғыз тастап кететіндер бар. Олар бізді қартайғанда жанымда болып бабымды табады деп жетілдірген жоқ па еді? Бала күнінде "қолғанатым" деп еркелеткен баланың есейгенде ата-анасын қараусыз қалдырғаны қалай? Біздің ықыласпен, мейіріммен, жылы шыраймен қарт әке, шешеміздің әжім түсіп шыймайланған бейнесіне бір қарайтын көзқарасымыз олар жасаған жақсылықтардың бәріне тұрмайтындай қымбат болғаны ма?

Желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақ алдыңғы толқын ағалардың өнегелі ісін бойына сіңірсе – ел ертеңі жарқын болады. Қариясын сыйлап, төбесіне көтерген елден қасиет-кие айналып өткен емес. Бүгінгі жас буын ертеңгі қариялық жолға басады ғой. Қош. Қазыналы қарттың қадірінен айырылып қалмасақ болғаны.
Ақнұр САҒЫНТАЙ


03 ақпан 2021 ж. 990 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 024

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031