» » Әлемдегі ең тәтті иіс

Әлемдегі ең тәтті иіс

Мен үшін дүниедегі ең тәтті иіс ол жаңа туған сәби мен әжелерге тән. Расымен, барлық сәби мен ақ жаулықты әжелердің иісі бірдей. Неге екенін білесіз бе? Себебі екеуінің де көңілі ақ, пейілі кең. Сондықтан да мен сәби мен әжелерді қатты жақсы көремін.


Мені көбіне «әженің баласы» деп ешкім атамайтын. Себебі әжем ауылда, ал мен қалада тұратынмын. Дегенмен, әкем мен анамның ортасында жатуға жалыққан кезімде әжемнің ауылына баруға асығатынмын. Ал ол «сезон» жазда келеді. Мектептің жазуы мен санауынан демалуға берілетін үш ай каникулда ауылға баруға асығамын. Жаздың бірінші күнінен-ақ дорбамды сақадай-сай етіп дайындаймын. Өзіммен бірге сол кездегі ең керекті заттарды аламын. Олар – бір-екі ойыншық, кішкентай жастығым мен мектеп бітірген соң берген мақтау қағазым. Ойыншықтар әрине ойнау үшін, ал «грамотаны» әжеме көрсету үшін алушы едім. Кішкентай жастық ол менің бала кездегі жолдасым. Түн батса болды соны іздеп, құшақтап ұйықтаймын. Әкемнің рұқсатын алған соң анаммен пойызға отырып бір күндік жолға шығамыз. Ал ауылға жеткен кезде нағыз қызықтың көкесі басталады.

Ағамның қызыл «жигулиінен» түсе сала әжеме қарай жүгіріп, асыға құшақтаймын. Ол да өзінің сағынышын білдіріп басымнан иіскеп, бетімнен сүйіп әлек. Үйге кіргенде жеңгем сары май, қаймақпен дастарқанды жайнатып шай әзірлеп қояды. Мені әкеліп тастауға келген анаммен үйдегілер әңгіме айтып, мен әжемнің аяғында жатып бал қаймақ жағылған нанды жеп жатамын. Осылайша демалыс басталады. Бір-екі күннен соң анам үйге қайтарда «тәртіпті бала» болып бетінен сүйіп, көзім жасаурап шығарып саламын. Мұны сезген әжем бірден ойымды басқа жаққа бұрып, алаңдатып алып қалады. Басында бір-екі күн тығылып жылап аласың, кейін ол да қалады. Таңертеңнен кешке дейін әжемнің жанынан бір елі қалмай жүремін. Жан-жақтан бауырларымыз да демалысқа әжемнің үйіне келіп, кезекті қызықты демалысты бастаймыз.

Әже қонаққа өзімен ертіп әкетсе сенен бақытты адам жоқ. Төр жаққа әжемнің жанына ыңғайланып отырасың. Көзің түскен затыңды құлағына сыбырлап айтасың да тойғанша жеп отырасың. Қарныңды тойдырып алған соң әженің алдына жатып ұйықтайсың. Кейін үйге қайтар кезде оятып, бір көлікке отырамыз. Үлкен кісі болған соң үй иелері әжемді үйге машинамен әкеліп тастайды. Үйге кіре сала жастығымды тауып алып, әжемнің қасына жатып тәтті ұйқыға кетемін. Сосын әжемнің көшеде келе жатқанда кезіккеннің бәрін «пәленшенің пәленшесі» деп таныстыратын әдеті бар. Ол кездегі бала көңіл оны елемейтін, ал әжем туған-туысын танысын деп айтады. Ол ауылдың бір ерекшелігі мені танитын адам көп еді. Алыстан көре сала «Әй, мынау Жайқоныстың баласы ғой» деп әссалау сұрап, бетімнен сүйеді. Мен оларды білмесем де, әкемнен айнымаған «түрімнен» мені бәрі танып қоятын.

Жаздыгүні аулада күн батқанша жүгіріп ойнап жүреміз. Жеңгемен таласып-тармасып сепаратор тартып, қалған-құтқан қаймақты саусағымызбен жейміз. Үйдің төбесінде кеуіп тұрған құртты ұрлайтынымыз тағы бар. Шөптің үстінде секіріп ойнаймыз. Тауық қорадан жұмыртқа жинап жарысамыз. Сондай қызу ойынның арасында кейде әжем жанына шақырып: «Мә, мынаны ешкімге көрсетпей ал» деп кәмпит немесе ақша береді. Сондай кезде еңсеңді тік көтеріп, мақтаныш жүзбен бауырларымның жанына ораламын. Сондағы бар ойым «Мен әжемнің ең сүйікті баласымын». Сол көрсетпе деген сөзден өзіңнің әженің ең жақын, ең сүйікті немересі екеніңді түсінесің. Бірақ, бір күні оның барлығы жалған болып шықты. Шынтуайтында әжемнің сүйікті баласы мен болмай шықтым. Жо-оқ, әжемнің сүйікті ұлы ешкім емес. Ол барлығын бірдей жақсы көреді. Ол тек маған емес жанында жүрген барлық бауырға сол «көрсетпе» деген сөзбен қолындағысын таратып береді екен. Кішкентай жүрекке осынша мейірімділік пен махаббатты сыйдыру тек әжелерге тән қасиет шығар, сірә.

Бұл күндері 80 жасты еңсерген әжем әлі сол күйі мейірімді. Жақында барғанымда әжем тағы да сол баяғы әдетіне салып зейнетақысының ақшасын қыстырып «Ешкімге көрсетпе, жаным» деп бетімнен сүйді. Бірақ мен енді әжеме алданбаймын ғой. Себебі ол барлығын бірдей жақсы көреді. Әр бала оның ең сүйікті немересі. Дегенмен, шындықты баяғыда әшкере еткенімді әжеме айтпай, ыстық құшағына еніп кеттім. Кейін киімімнен әженің иісі шығып тұрған кезде өзімді бақытты сезіндім.

Қазіргі кезде әжемді қатты сағынып жүрмін. Уақыты келгенде оның ыстық құшағында демалып қайтам. Одан бөлек мен болашақ баламды әжем бесікте тербеткенін қалаймын. Кіршіксіз таза көңілді шақалақ пен мейірімді әженің хош иістері қосылғанда мына әлемдегі ең тәтті иіс пайда болады. Сол иісті өкпеме толтырып, бірер сәтке болса да өзімді бақыттың шарықтау шегіне жеткен адамдай сезінем. Ал ол кезге жасым жеткенше әжеге БАЛА мен бола тұрамын.

Аслан ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ
28 сәуір 2020 ж. 2 851 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 019

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031