Түн жарымда түрткен кім?
Ескі көшемен баяулата жүріп келемін. Қасымда нағашымның қызы бар. Жазғы каникулда біздің үйге демалуға келгені ғой. «Қасыңнан тастама» деп нағашым сеніп тапсырған соң барар жерге ертіп баратыным бар. Күн ұясына батқан. Әлсін-әлсін самал жел есіп, айнала тынық күйге енген.

Оянып кетсем керек, шөл қысып жатыр екен. Орнымнан тұра сала ас бөлмесіне асықтым. Қолбақырмен фләктан су алайын десем, қолыма ұсталмайды. Иә, кинода қайтыс болған адам, елестер затты ұстай алмайды ғой. Сол секілді болды. Зәре құтым қалмады. Жүгіріп барып анамды түртпектедім. Тұрмайды. Әкеме бардым. Ол да үнсіз. Барлығын қатар түртіп жүрмін. Тіпті жұлқылап, айқайлаймын. Ешкім естір емес. Ойымда тек бір сауал тұрды. «Мен қалай өлдім?».
Көзімнен жас пора-пора боп ағып орныма қарай жүгірдім. Апырмай-ау, денем шалқадан түсіп жатыр. Дем алады, қозғалмайды. Әрі-бері түртпектеп ем тұрмайды. Арғы бөлмеде ағам компьютерде отыр екен. Жанына барып «көке-е-еу» деп ем құлаққабын шешіп айналаға көз тастады. Мені көрмейді, бірақ сезіп отыр. Мен де қоймай түртіп қоям. Зәре құты қалмай піссімілләсін айтып жатыр.
Соншалықты ұзақ түс көрмеппін. Қиыны жақындарыңа жете алмауың, айта алмауың. Орныма барып сылқия отыра кеттім. Кенет оң құлағымнан әлдекімдердің дауысы естілді. Атымды атап, шақырып жатыр. Манағыдай оң иығымнан біреу басып қалды. Қарасам, үлбіреген ару. Күлімдеп тұрып:
– Сенің жаның денеңнен шығып кеткен. Бұл – астрал. Екінші әлемде жүрсің. Тезірек денеңді тауып тұрғаныңда орал, – деді де көзден ғайып болды.
Ентелей барып денемнің үстіне жатып ем «а-аһ» етіп орнымнан атып тұрдым. Әлі түн жарым. Бәрі ұйқыда. Ағам компьютерден әлі тұрмапты. Жаным расымен параллель әлемде болғанына көзім жетті. Сол кезде көрген дүние сол қалпы тұр. Жүгіріп ағама бардым.
– Көке, жаңа бір дауысты естіген жоқсыз ба? – дедім.
– Естігендей болдым, барып ұйықта қорқасың, – деді қатқыл дауыспен.
Әйтеуір көз ілініп, таңмен таласа ерте тұрдым. Бәрі оянып алған. Дастарқан басында әлденені талқылап отыр. Жақындай келіп тыңдап ем, анам:
– Түнде бастырылдым-ау, түлен түрткендей болды. Қайта-қайта жұлқыды. Қозғала алмай, әбден қорықтым, – деді ұйқысын аша алмай.
Оған бәрі қосыла кетті. «Мені де», «Мені де түртті» деген әңгіме дастарқан басында айтыла берді. Есіктен сығалай тыңдаған мен оларға артық әңгіме айтудан қорықтым да орныма барып қайта жаттым. Сол түні түлен емес, мен түрткенімді қайдан білсін...
Айнұр ӘЛИ