» » Қазақы дәмхана қажет-ақ

Қазақы дәмхана қажет-ақ

Бірде инстаграм әлеуметтік желісінде «Тақия» деп аталатын дәмхананың парақшасын көзім шалып қалды. Атының өзі тамаша ғой. Өзіне шақырып-ақ тұр. Парақшаны парақтап қарай бастадым. Алыс емес, өз өңіріміздің кәсібі екен. Жаңақорған ауданынан ашылған шағын шайхана. Бәрінен бұрын кәсібін ұлттық құндылықпен сабақтастырғаны ұнай кетті. Рас, қазірде мұндай дәмханалар сәнге айналған. Әсіресе қалалық жерде жиі кездесіп жатады. Өзімізден ашылса да артық етпейтіндей көрінді.
Әрбір ұлтты айшықтайтын өзіне тән белгісі бар. Соның бірі – ас мәзірі. Қазақ қай кезде де дәмге толы дастарқанымен танылған. Ұлтымыздың қай тағамын алып қарасаңыз да, пайдалы екенін аңғару қиын емес. Бір өкініштісі, біз өзгенің тамағына үйреніп қалғандаймыз. Дүнген халқының лағманы, итальяндықтардың пиццасы, түріктің дөнері, өзбектің палауы, жапонның сушиін жеуге құмартып тұрамыз. Жасыратыны жоқ, қазір тамақтану орталығының басым бөлігінің ас мәзірі осындай тағамға толып тұр. Бұл қатардан ұлттық тағамды кездестіру қиын-ақ. Осыдан барып неге ұлттық тағамдар дайындайтын дәмхана жоқ деген сауал туындайды.
Біздің ұлттық тағамдарымыз аз емес. Қазақы дастарқанда бауырсақтан бастап құрт, балқаймақ, май, қымыз-шұбатқа дейін жалғаса береді. Аудан тұрғындары да мұндай асхананың ашылғанын құп көреді.
– Әрине, ұлттық асхана болса барғымыз-ақ келеді. Егер оның ішін қазақы нақыштағы бұйымдармен жайнатып, ас мәзірін ерекше тағам түрлерімен толтырып қойса, біз де сонда барып тамақтанар едік. Ауданымызда тамақтану орындары жаңарып, заманға сай дамып жатыр. Саны да көбейіп келеді. Үлкен шаһарларда ұлттық асханалар бар. Десе де ондағы тағамдар сәл қымбатырақ болады. Әлбетте қазақтың қай тағамын алсақ та, бас бармақпен бағалаймыз. Бір жағы оған лайықты баға болғаны да дұрыс шығар. Егер ауданнан сондай ұлттық асхана ашылып, бағасы да халыққа қолжетімді болса, екі тарапқа да тиімді болар еді, – дейді Әлібек Ахметов.
Құдайы қонаққа қой сойып, ілтипат көрсететін қазақтың ұрпағымыз. Дастарқанымыздан ақ үзілмей, қазы-қарта, соғым ет пен сыбаға татқызу бүгінгі күні ауылдарда болмаса. көп жерде ұмыт болып барады. Десе де заманның ағысымен адам да өзгерді. Бұл біздің өмір сүру салтымызға да әсерін тигізіп отырғаны жасырын емес. Құнары мол, құндылығын жоймаған тағамдарымыз арқылы да қазақтың тамырын тереңге жайған, әр істің байыбын зерделеген халық екендігін паш етуге болады. Ұлттық асханаларда ұлттық тағамдар дайындалып, саны мен сымбаты келісіп жатса, халықтың ағылары анық. Мейрамхана ісімен айналысып жүрген кәсіпкерлерге құлаққағыс қылғымыз келді. Ұмыт болып бара жатқан қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлейтін, заманауи үлгідегі асхана, тойханалар ашылса, халық қуана барар еді деп ойлаймыз. Балқаймақ, дәмді бауырсақ, тары қосылған күрең шайды кім ішкісі келмейді?! Қазақтың ұлттық тағамдарын еуропалық үлгідегі мейрамханаға сай етіп әзірлесек ұтылмас едік. Қалай ойлайсыз оқырман, ауданға қазақы дәмхана қажет пе?
Ақнұр САҒЫНТАЙ
14 шілде 2024 ж. 119 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 294

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 390

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930