» » Дұрыс тамақтану орталығы керек-ақ

Дұрыс тамақтану орталығы керек-ақ


   Бірде қаладағы әпкемнің үйіне бардым. Бір мезетте есіктің қоңырауы шырылдады. Есікті ашқанымда «Сіздің тапсырысыңыз» деп қолыма қалташаны ұстатты. Абдырап алып қалдым. Әзірге ештеңе түсінбедім. Сол мезетте әпкем «Ертеңгі тамағым келіпті ғой» деді. «Сонда қалай?» деп әлі ішкі ойыммен алысып тұрмын. «Шамалы салмақ тастайын деп едім ғой. Бұл күні бойы ішіп-жейтінім. Мынау сусыны, мынау таңғы, түскі ас...» деп қалташадағы тағам толы контейнерлерді тоңазытқышқа сала бастады. Жақындап қарасам, тіпті уақытына дейін жазылыпты. Бұрын кинодан ғана көретін дүниеміз, қазір қалада да бар екен. Тек қалтаңызда қаражат болса болғаны.
  Иә, әрбір үлкен қалада мұндай «Дұрыс тамақтану орталықтарының» түр-түрі бар. Бірі – саулығы үшін диетаға отырса, енді бірі әпкем секілді салмақ тастау үшін тұтынады екен. «Бір қазанға піскен» тамақты ортаға қойып жейтін біз үшін бұл дүние таңсық көрінді. Бірақ қаладағы күйбең өмір үшін бұл қалыпты жағдайға айналған секілді. Себебі дұрыс тамақтану үшін базардан арнайылап азық-түлік алу керек, оны дайындау үшін уақыт та керек. Ал мұндай орталық сізге барлығын тек жеуге дайын етіп үйіңізге дейін әкеліп береді. Уақыт үнемдейсіз, әрі физикалық тұрғыдан шаршамайсыз. Бұл мұндай өніммен алғаш танысуым болса, жақында бұл дүниені жандандырған тағы бір жағдайға кезіктім.
   Газеттегі кезекті сұхбатым аудандық ауруханадағы перзентхана бөлімінің меңгерушісі Альбина Жұмабаевамен өрбіген еді. Дәрігер де дұрыс тамақтану туралы айта келе, «Жүкті келіншектер де осындай өнімдер тұтынса, өзі үшін де, сәби үшін де пайдалы болар еді. Тіпті ауданнан осындай орталық ашылса, қос қолдап қолдар едік. Қоғам арасында дұрыс тамақтану туралы оң көзқарастың қалыптасуына үлес маман ретінде үлес қосуға дайынбыз. Себебі сау анадан, сау бала өмірге келеді. Бұл дегеніміз келешек ұрпақтың саулығы емес пе?» деген еді. Бұл пікір де ойыма ой қосты.
   Қазір көпшілік тұтынатын тағамның бірі – фаст-фуд. Тез, дәмді. тойымды, әрі арзан. Жасыратыны жоқ, жеңіл асқа жерік болдық. Тәбетіңді ашып, тіл үйіргенмен, кесірі  көп күттірмейді. Асығыс жүріп, талғамай ас ішудің салдарынан, әлем күннен-күнге «дөңгеленіп» барады. Сонымен, қандай тағамды тұтынып, неден бастарту керек. Жалпы дұрыс тамақтану деген не? Мұны көпшілік «қатал диетамен» шатастырып жатады. Бірақ, олай емес. Диетологтардың пайымынша, дұрыс тамақтану – тән мен жан саулығы. Салауатты тамақтану орталығының басты мақсаты да осы. Астың адалын айырып ішуге үйрету.
   Расында да қазіргі таңда дұрыс тамақтану мәселесі өзекті болып отыр. Әрбір адам тамақты талғап ішкені жөн. Құнары аз, сапасыз азық-түлік, түрлі жасанды қоспалары бар тағамдар мен сусындар адам денсаулығына зиян. Дұрыс тамақтанбаудың соңы түрлі аурудың пайда болуына әкеліп соғады. Ал салауатты өмір салтын ұстанбаған адам семіздік дертіне шалдығады. Өлім-жітім себептерінің ішінде семіздік бесінші орын алады екен. Медицина артық салмақтың адам өмірін 7 жылға қысқартатындығын дәлелдеді. Мамандардың айтуынша, бүгінде балалар мен ересектердің 80 пайызы дұрыс тамақтанбайды. Соның салдарынан тұрғындар арасында ас қорыту жүйесінің бұзылуы, ішек құрылысының қабынуы және асқазан жарасы, қант диабеті, жүрек-қантамыр ауруларына шалдығушылар қатары көп.
Біраз уақыттан бері ойымда жүрген дүниенің дұрыстығын білмекке әдеттегідей әлеуметтік желіге «Ауданға дұрыс тамақтану орталығы керек пе?» деп сұрау салдым. Сондағы келген жауаптардың барлығы дерлік «керек» деп пікір қалдырған. Осыдан-ақ бұл кезек күттірмейтін қажеттілік екеніне көзіміз анық жетті. Тұрғындар пікіріне кезек берсек.
   – Дұрыс тамақтану орталығын ашудың қажеттілігі зор. Біз тамақтануға және ас таңдауға сауатты һәм саналы түрде жүгінуіміз керек. Өйткені біздің барлық ішкен тамағымыз біздің денсаулығымызға әсер етеді. Дұрыс тамақтанбау көбінесе экологиялық жағдайдың бұзылуына, ағзаға қоректік заттар мен микроэлементтердің жеткіліксіз түсуіне әсер етеді. Мұндай орталықтың мақсаты – тұрғындарды дұрыс тамақтануға және салауатты өмір салтын ұстануға үйрету. Орталыққа жүгінген әрбір адам ағзаның ерекшеліктерін ескере отырып, тағамды дұрыс қабылдау мен дайындауды үйрететін мамандардан кеңес ала алады. Мен ауданнан мұндай орталықтың ашылуын қуана қолдаймын, – дейді Назерке есімді тұрғын.
   Ал Нұрай есімді оқырман қаладағы мұндай орталыққа барғанын, тіпті ауданға алдырғысы келгенін де жасырмады. «Ол орталықта диетолог, эндокринолог, гастроэнтеролог және кардиолог мамандарының кеңесі ұйымдастырылған. Өйткені, дұрыс емес тамақтану үрдісі метаболизмді бұзады, бұл семіздікке, қант диабетіне, асқазан-ішек жолдары мен жүрек-тамыр жүйесінің ауруларына әкелуі мүмкін. Кез келген адам орталыққа келіп, дұрыс тамақтану мәселелері бойынша қажетті ұсыныстар ала алады. Мысалы, семіздікке шалдыққандарға сарапшылар тағамды салмағына, бойына, жасына және жынысына қарай тағайындайды. Сондай-ақ, мамандар әр пациентке жеке-жеке көңіл бөліп, ағзаны қалпына келтіруге, дәрумендер пайдалалануға, күрделі оталардан кейінгі науқастарға ем-дом түрлерін таңдауға көмек береді екен. Мен аудан тұрғыны болғандықтан, күнделікті қаладан тағам алдыруға бұзылып кете ме деп қорықтым. Ал кентімізде ашылса қуана-қуана алар едім. Бұл тамақ істеуге ерінгендік емес, денсаулық үшін жасалған дұрыс қадам дер едім» деген ойымен белісті.
Яғни, ауданда дұрыс тамақтану орталығына сұраныс бар. Мұндай орталық ашу қажеттілігі әлдеқашан пісіп жетілген. Біздің азаматтарымыз өнімді таңдауға саналы түрде жүгінуі керек. Тұтынушы дайын. Тек біздің кеңесті қаперіне алатын жан болса дейміз. Әрі пайдалы, табысты, сауапты іс болар еді. Ұсыныс – бізден, әрекет – сізден болсын, кәсіпкер!
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
09 қаңтар 2024 ж. 191 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 276

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 373

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930