» » АРТЫҚ САЛМАҚТАН ҚАЛАЙ АРЫЛАМЫЗ?

АРТЫҚ САЛМАҚТАН ҚАЛАЙ АРЫЛАМЫЗ?

– Жақында аудандағы мекемелерді аралап, ондағы мамандардың бойын, салмағын өлшеп, саламатты өмір салтын ұстануға шақырдық. Артық салмақ қосып алғандар тексерілгендердің 50 пайызынан асады. Семіздік пен артық салмақ екі бөлек нәрсе. Жұрт семіздікке ұласқанда бір-ақ келіп жатады. Семіздік жүрекке артық жүктеме беріп, жүректің жұмысын нашарлатады. Қан айналым жүйесін бұзады. 70-80 келі дегеніміз бұл ІІІ дәрежелі семіздікке жатады. Уақытылы өлшеніп, өз денсаулығын бақылау қажет. Мәселен, бойы 160 см адамның салмағы 60-63 келі болу керек, – деді облыстық Жастар денсаулығы орталығы Қармақшы құрылымдық бөлімшесінің дәрігері Ұрқия Тұрмағанбетова.
Рас, біз аурудың алғашқы белгілері пайда болғанда емес, әбден асқынып, шегіне жеткенде ғана аурухана табалдырығын аттаймыз. Алдын ала тексерілу дегеніңіз атымен жоқ. Бұл күнде семіздікке ұшырағандар артық салмақ қосылғаннан-ақ дәрігерге қаранса, бұл деңгейге жетпес пе еді?!
– Артық салмақ неден болады? «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» деген тәрізді мәселенің бір ұшы дұрыс тамақтануға кеп тіреледі. Біз, қызылордалықтар тұзды көп қолданамыз. Еттің өзін тұздап, қақтаймыз. Оны тамаққа қосарда тағы тұз себеміз. Негізінен адам организмі күніге 5 грамм тұзды қажет етеді. Қазір біздің облыста әр адам орта есеппен күніне 16 грамм тұз пайдалануда. Әлдеқайда артық. Осылайша тамаққа тәбетімізді ашып алып, тойғанымызды білмей жейміз. Денеде май жиналып, содан артық салмақ пайда болады, – деді дәрігер.
Қазақта «таңғы асты тастама, түскі асты досыңмен бөліс, кешкі асты жауыңа қалдыр» деген аталы сөз бар. Бекер айтылмаса керек-ті. Қазір көпшілік таңғы асты ішпей, көбіне бірден түскі асқа беттейді. Асқазан жұмысы содан нашарлай бастайды. Дәрігерлер таңертеңгі ыстық тамақтың адам денсаулығына пайдасы зор екенін айтады. Дұрыс және уақытылы тамақтану адам денсаулығына зор пайдасын тигізеді. Қажетті калорияны таңғы астан бастау керек.
Ұялы телефонға ауық-ауық «артық салмақтан арылу жолдары», «бір аптада артық салмақ ғайып болады», «сіздің іздеген дәріңіз» деп жарнамасы жер жаратын дәрілерді ұсынады. Рас, кейде жұмыс істеп отырғанда жылтың-жылтың етіп шыққан дүние үшін зығырданың қайнайды. Оның кеңесіне құлақ асып, дәріні пайдаланып жүргендер бар. Әйткенмен, қажетсіз салмақ қосуды сап тыятын дәріңіздің де күші уақытша екен.
– Интернеттегі жарнамалар тек алдау мен арбаудың айналасы тәрізді. Әлгі дәрілер адамды жүдететіні жасырын емес. Денедегі майды зорлықпен ыдыратады. Оны іше бастаған соң үзбеу керек. Ал, дәрі іше беру асқазанға зиян. Оны да қосыңыз. Дәрі ішуді тоқтатқаннан бастап салмағыңызды еселейсіз. Кез келген дәрінің кері әсері болады. Бәлкім, біреуге жағар, біреуге жақпас. Интернеттен дәрі сатып алып, ауруын аурумен жамап жатқандар қаншама?! Қажет болса, сол сайттарда дұрыс тамақтанудың жолдары тұр. Одан соны үйренген абзал, – деді Ұрқия Тұрмағанбетова.
Бұл күнде саламатты өмір салтын насихаттаушылар әрбір мекеменің есігін қағып жүріп, денсаулықты қалай сақтау керегін айтып, үгіт-насихат жұмысын жүргізуде. Бәрінен бұрын миы жылдам қабылдайтын мектеп оқушылары дұрыс тамақтануды әдетке айналдырған көрінеді.
Бойым 162 сантиметр болса, салмағым 65 келі екен. Дәрігер «осы қалпыңды сақта. Артық салмақ жоқ, қайтесің толып?» деді. Ер азамат болған соң, қарын шығарып, сәл ірі көрінгің келеді екен. Алайда, табиғатың осы болса, асып қайда барасың? Денең іріленгеннен не пайда, егер ол ауруға апаратын болса... Айтпақшы, мамандар пікіріне құлақ асып, артық салмақтан дұрыс тамақтану жолымен арылып жүрген жандар бар екен. Аты-жөндерін атамауды сұрады. Бірақ айтуларынша, сыптай болып, қатарға қосылыпты.
Дәулет ҚЫРДАН,
«Қармақшы таңы».
15 қыркүйек 2018 ж. 2 236 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 028

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031