АҚШ азаматтары артық салмақ бойынша көш бастады
Артық салмақтан арыла алмай жүрген азаматтарымен Америка әлемде көш бастап тұр.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының соңғы мәліметтеріне сүйенсек, Америка тұрғындарының 40 пайызға жуығы семіздікке шалдыққан. Ол аздай, бұл көрсеткіш жылдан-жылға өсіп келеді. Себебі бұл елдің халқы фастфуд тағамдарына құмар және күнделікті өмірде артық жүріс-тұрысқа жоқ. АҚШ-тың медициналық статистика институты қызық зерттеу жүрігізген. Тексере келе олар семіздікке табысы аз азаматтар шалдыққанын анықтап отыр. Ал нәсілге бөлсе, афроамерикалықтар мен Латын Америкасынан шыққан тұрғындар арасында толық адамдар көп.
Ранд Стак, медицина ғылымдарының докторы:
- Семіздік – АҚШ-та үлкен мәселе. Нағыз індет деуге болады. Бұған қарсы үкімет нақты нұсқауларды да шығарды. Маман ретінде біз май үлесі аз диетаны ұстануға шақырамыз. Семіздіктің басты себептерінің бірі – қант пен көмірсутектерді шамадан көп мөлшерде тұтыну. Азаматтар ең алдымен семіздіктің түбі жамандыққа әкелетінін түсіну керек. Ол жүрек-қантамырлары ауруына, депрессияға, ұйқының бұзылуына, қан қысымының көтерілуіне және диабетке әкеп соғады.
Медицина сарапшылары артық салмақпен күресудің өзіндік жолын ұсынады. Олардың айтуынша, зиян тағамдардың бағасын көтеру керек. Содан соң мұның залалын халыққа түсіндіру үшін ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерді қолдану қажет деп санайды. Қазірдің өзінде АҚШ-тың көптеген мектептерінде газдалған сусындар мен зиянды тағамдарды сатуға тыйым салынған. Бірақ әзірге жағдайдың түзелер түрі жоқ.
24.kz