» » ДЕНСАУЛЫҚҚА «КҮЛІП» ҚАРАУҒА БОЛМАЙДЫ

ДЕНСАУЛЫҚҚА «КҮЛІП» ҚАРАУҒА БОЛМАЙДЫ

Жастар денсаулық сақтау орталығы Қармақшы аудандық құрылымдық бөлімшесінің дәрігері Ұрхия Ідірісқызы:
Бұған дейін елімізде ісік ауруы бірінші кезекте тұрса, қазір республика бойынша жүрек-қан тамыр ауруы алдыңғы орынға шықты. Бұл облыс, ауданға да қатысты. Осыған орай, үстіміздегі жылдың 26 қаңтарынан бастап жүрек-қан тамыры ауруының алдын алу мақсатында облыс әкімінің өкімімен бірқатар профилактикалық шаралар жүзеге асуда. «Саламатты жұмыс орны» ұранымен аудандық емханада мобильдік топ құрылып, тұрғындар арасында ақпараттық-насихаттық жұмыс жүргізуде. Осы ретте Жастар денсаулық орталығы Қармақшы аудандық құрылымдық бөлімшесінің дәрігері Ұрхия Ідірісқызымен сұқбат құрған едік.
– Жүрек-қан тамыры ауруы аймақта не себептен өршіп тұр? Оны немен түсіндіруге болады?
– Қазіргі таңда Қызылорда облысы тұрғындары арасында жүрек-қан тамыры ауруының аурушаңдығы өршіп тұрғаны ешкімге жасырын емес. Аталған ауру жұқпалы емес, созылмалыға жатады. Алайда, жұқпалы емес екен деп оған бей-жай қарауға және болмайды. Қазір екінің бірі аурудың осы түрімен ауырады. Оның басты себебі – адамдардың саламатты өмір салтын ұстанбауына байланысты. Аймақ басшысы Қ.Көшербаевтың алаңдаушылық танытуы бекер емес. Облыс әкімінің өкімімен құрылған мобильдік топ ауданның бірқатар мекемелерін аралап, жұмыскерлердің қан қысымы мен бой-салмақ мөлшерін анықтауда.
– Осы кезге дейін қанша адамға тексеру жүргізілді?
– 30-дан аса мекемені аралап, 300-ге жуық адамға тексеру жүргіздік. Шара барысында 50 пайыз адам артық салмақ пен семіздікке шалдықса, 10-15 пайызының қан қысымы көтерілген. Бір айта кетерлігі, олардың арасында жастардың көптігі анықталды. Бұл нені байқатады? Әрине, бұл біздің жас кезімізден бастап саламатты өмір салтын ұстана алмай келе жатқанымыздың көрінісі.
– Артық салмақ қайдан пайда болады? Сонда жастарымыз саламатты өмір салтын ұстанбай ма?
– Жүрек-қан тамыры – ауруы артық салмақтың нәтижесі. Ал, артық салмақ – күнделікті ас мәзірінде тұздың шамадан тыс қолданылуынан. Қазақ тамақтану ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының зерттеуі бойынша Қызылорда облысында әр адамға тұз пайдалану мөлшері – 18 граммнан келген. Осы жайт аймақ тұрғындарының жүрек-қан тамыры ауруына шалдықтыруда. Негізінен күніне әр адам 5 грамм тұз қолдануы керек. Қазақ қазақ болған соң ет тағамын тұтынады. Жіліктеп ет алғанды жақсы көреміз. Сосын оны қақтап, тұздап сүрлейміз. Тұзды салаттар тұтынамыз. Мұның бәрі ауыз қуысындағы дәм сезгіш рецептор сезімталдығын күшейтіп, адамның асқа деген тәбетін арттырады. Тамақ ішкісі келе береді. Еттің майлысын ұнатамыз. Артық салмақ жинау, семіздікке ұшырау – жүрек-қан тамырын майлайды. Соның салдарынан тамыр жіңішкіреді. Қан қоюланады. Қанның тамыры арқылы өтуі жүрекке салмақ түсіреді.
– Жаңа бір сөзіңізде аурудың созылмалы екенін айтып қалдыңыз. Соған тағы тоқталып өтсеңіз?
– Жүрек-қан тамыры ауруы бір күнде пайда болмайды. Ұзақ уақыт қан қысымы – 140-та 90-мен жүреді. Кейін келе ол екінші дәрежесіне өтеді. Мұнан соң криз жағдайына ұласып, инфаркт, инсультке ұшырайды. Инфаркт – жүрек тұсының қысып ауруы, тыныстың тарылуы, сол жақ қолдың ұйып, жансыздануы болса, инсульт – бастың қатты ауруы, көздің қарауытуы, тілдің күрмелуі, бір жақ беттің қисаюы. Осындай жағдайға тап болғанда 4-6 сағат аралығында 103-ті шақырту керек. Бұл – терапиялық терезе немесе алтын уақыт деп аталады. Осы аралықта үлгірсе – науқасты мүгедектік пен өлімнен сақтап қалуға болады.
– Бағдарлама қанша уақытқа есептелген? Мобильдік топтың ендігі мақсаты не?
– Бағдарлама 3 жылға арналған. Топ жұмысының зерттеуінен соң науқасы бар адамдардың тізімі отбасылық дәрігерге ұсынылады. Олар науқасты өз бақылауына алып, сауықтыру шарасын жасайды.
– Аурудың қалай алдын алуға болады? Нендей дәрігерлік кеңес берер едіңіз?
– Бүгінде заманауи медицина дамыды деп бөркімізді аспанға атып жүрміз. Облыс орталығында жүрек-қан тамыры ауруына ота жасалады. Гемодиализ, ағза ауыстыру сынды медициналық технология жетілуде. Адам денсаулығы 90 пайыз өзіне, 10 пайыз медицинаға тәуелді. Десе де, сол баяғы психологиядан арыла алмаудамыз. Қазір адамның жұмысы компьютермен тығыз байланысты. Сол үшін де күнделікті өмірде дене белсенділігі маңызды рөлге ие. Жұмыста жаттығу жасау, қимылдау қажет. Әрбіріміз бой салмағы мен қан қысымын бақылап отыруға тиіспіз. Тамақтанғанда тұз мөлшерін 5 граммнан асырмау керек. Қуырған майлы тамақты шектеп, оның орнын 500-600 грамм болатын жеміс-жидекпен ауыстырған абзал. Сондай-ақ, тәулігіне 2 литр су ішіп отырудың да денсаулыққа, әсіресе бүйрек жұмысына оң әсері бар. 30-60 минут жаяу серуендеу немесе аптасына екі рет тренажер залында спортпен айналысу – өте пайдалы. Темекі, ішімдік те – жүрек-қан тамырының қас жауы. Жастар денсаулығы орталығында 8-800-080-22-26 қызу желі жұмыс істейді. Жат әдеттерден қалай құтылуға болатыны жайлы психологтан жасырын әрі тегін кеңес алуға мүмкіндік жасалған. Сөзімді қорыта келе айтарым, әр адам денсаулығына өзі жауапты.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұқбаттасқан: Сәрсенкүл АҚКІСІ.
14 шілде 2018 ж. 1 692 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 038

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031