Ұлттық өнімнен артығы жоқ
Қазақстанда шағын және орта кәсіпті барынша дамытып, елдің әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеру – бүгінгі таңда басты міндеттерінің бірі. Иә, кәсіп те, кәсіпкерлер саны жыл сайын артып келеді. Олар жұмыссыздықты жоюда өз үлестерін қосуда. Кәсіптің де сан түрі бар. Кәсіп ашамын деген әрбір адамға елімізде мүмкіндік көп. Таңдау өз еркіңде. Алайда кәсіп көп болғанымен, ұлттық тағамдарымызды өндіретін кәсіпкерлер қарасы аз. Бүгінде ұлттық тағамға сұраныс бар ма? Ұлттық тағамдарымыз өз деңгейінде насихатталып жүр ме?
Иә, қазір қолдың құрт-майына сұраныс жоғары. Өйткені, тұтынушылар да түрлі қоспасы бар ағарғаннан гөрі таза табиғи өнімді тұтынғысы келеді.
Ол – иіркөлдік Гүлжанат Асанова. Өткен жылдың қарашасында қайтарымсыз грантты жеңіп алып, ұлттық өнімдерді сатылымға шығаруда. Кәсіпкер құрт, ірімшік, май, қаймақ өнімдерін жасап шығаруда. Одан бөлек, Гүлжанаттың түрлі тәтті пісіруге де икемі бар. Тапсырыс түссе дастарқаныңызды тәттілермен толтырып беруге дайын.
– Шағын және орта бизнесте ұлттық тағамдарымыз бен отандық өнімдерімізді барынша дәріптеуіміз қажет. Сол себепті мен дәл осы ұлттық өнімдерді таңдадым. Қазақтың қандай ұлттық тағамы болса да дәмді әрі адам денсаулығына пайдалы. Сондықтан біз ұлттық тағамдарымызды ұялмай дәріптеп, көпшілікке ұсына аламыз. Дәл құрт өнімі сұранысқа ие, тіпті оны бренд ретінде қалыптастырып экспортқа шығаруға болар еді. Қазіргі таңда екі саланы да қоса алып жүрмін. Ұлттық өнімдерге өзге облыстардан тапсырыс көп. Өз балаларыма да табиғи өнім бергенді жөн көремін. Әсіресе, құртта кальций дәрумені көп. Бұл адамға ең қажетті дәруменнің бірі, – дейді кәсіпкер.
Жас кәсіпкердің айтуынша, шағын және орта бизнесте ең бірінші тәуекел керек. Ал тәуекел етпеген жағдайда жақсы нәтиже күтпеген дұрыс. Қазір Қазақстанда мүмкіндік көп. Кәсіп бастаймын деген адамға еш кедергі жоқ. Ең бастысы ниет пен әрекетті ұштастыра білу керек. Кәсіпте әрдайым заман талабына сай өнім өндіруің қажет. Серіктестеріңнен айырылып қалмас үшін, бәсекеге қабілетті болуың керек.
– Қазіргі таңда бизнес орталықтар, бизнес тренерлер өте көп. Бүгінде көпшілігі өз кәсібін ашқысы келеді. Кәсіпкер болудың бір артықшылығы ешкімге тәуелді емессіз. Өзің би, өзің қожасың. «Айлық қашан түседі?» деп күтіп отырмайсыз. Бір сөзбен айтқанда, ешкімге тәуелді болмайсыз. Бұл жерде еңбегіңе қарай, нәтижесін көресіз. Жалпы, кәсіпкер болудың артықшылығы көп. Отбасыңызға, жақындарыңызға көңіл бөлуге уақыт табасыз. Таңдау өз еркіңізде. Кемшілігі табыс көзі бірде бар болса, бірде жоқ болуы мүмкін. Ол өзіңіздің еңбегіңізге байланысты болмақ. Мен алдағы уақытта осы істі әрі қарай жалғастырып, кең көлемді жұмысы бар цех ашқым келеді. Ол уақыттың еншісінде, – дейді кәсіпкер Гүлжанат Асанова.
Иә, кәсіп бастаймын дегенге мүмкіндік көп, ал тағамға келсек, ұлттық өнімнен артығы жоқ.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ