» » Ебін тапқан екі асар

Ебін тапқан екі асар

qarmaqshy-tany.kz Қолы қимылдаған адамға кедейлік жоқ. Рас, дүние. Ебін тауып әрекет етсеңіз, кәсіпті дөңгелетіп әкетуге болады. Әркім тек өзіне ыңғайлы, бейіміне қарай еңбек етсе болғаны. Осындай кәсіпті жан-жақты зерттеп, оны табыс көзіне айналдырып жүрген жанның бірі қармақшылық – Айдана Көздібаева.
Жүзі жылы, сөзге мығым кәсіпкермен «Атамекен» палатасы аудандық филиалында өткен қызкеліншектің көрмесінде байқадық. Ол бүгінде жартылай дайын фабрикат өнімдерін шығаруда. Кеспенің 2-3 түрі, жайма, сондай-ақ кондитерлік өнімдердің түр-түрін кекс, коржик, торт пен тоқаштарды тапсырыспен дайындайды. Кейде аудандағы дүкендерге де өткізеді.

– Бұл кәсіпті 2 жылдан бері істеп келемін. Жалпы қол қусырып қарап отыру деген маған жат нәрсе. Қолымнан келсе барлығын істеп көргім келеді. Қазір бәрі жұмысбасты. Уақыт тығыз. Үй шаруасы мен ас үй жұмысына кейде үлгермей қалып жатамыз. Сондайда табиғи, таза, сапалы, дайын өнімдердің болғанын дұрыс көремін. Өзім секілді аналарға көмек беру ниетімен осы істі қолға алғанмын. Бүгінде дүкенге барсаңыз барлығы дайын. Тіпті тапсырыспен тамақ беруге де халық үйреніп қалған. Десе де, уақыт жағынан үлгермей қалатын сәттер болады. Сол кезде жайма, кеспелерді салып ыстық, дәмді тамақ дайындауға болады. Бұлардың жарамдылық мерзімі 3 ай. Тоңазытқышта сақталуы тиіс. Ас даярлар алдында 10 минут бұрын шығарып қойған жөн, – дейді жеке кәсіпкер.

Иә, бұл маусымдық жағдайларға әсер етпейтін кәсіп түрі. Жылдың кез келген мезгілінде жайма, кеспе, тұшпара, манты тағамдарына сұраныс жоғары. Дүкен сөресінде жартылай дайын өнімнің түр-түрі бар. Әйтсе де қызылды-жасылды қораптағылардың барлығы дерлік сырты ішіне сай келмей жатады. Осындайда қолдың таза өнімі болса ойланбай алар едік деп жатамыз. Ал кәсіпкердің бұл өнімдері осы сұранысты қанағаттандырып отыр. Икемі мен ебін тапқан адамға «жұмыс аз, ақша жоқ» деген құр сылтау ғана. Мұны Айданамен сөйлескен аз уақыт әңгімеде аңғардық.

– Анам – кондитер. Мен құрсақта жатып-ақ пісіру ісіне бейімделгенмін деп әзілдеп, жүрген жерде айтып қаламын. Декреттік демалыста қарап отырмай, бір іспен айналысу керек деп оқымаған курс қалмады. Инстаграм желісі негізінде түрлі онлайн курстарға қатыстым, тәжірибе жинақтадым. Енді көзбен көріп, үйренсем деймін. Бөпем әлі кішкентай болған соң мұны кейінге қалдырып отырмын. Алдағы уақытта жартылай дайын өнімдерден мұздатылған тұшпара, самса істеу ойымда бар. Сонымен қатар, кеспеге дайын дәмдеуіштер қосып, роллтон есебінде шығарғым келеді, – дейді Айдана.

Бесік тербеткен ананың үйде отырып табыс тапқысы келетіні анық. Айдана Көздібаева мұнымен шектеліп қалғысы келмейді. Тек кәсібіне аздаған қолдау болса деген ниетін де жасырып қалмады. Ауданда өткен кәсіпкерліктің өңірлік кеңесі жиынында облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Наталья Мишукова оның өнімдеріне ерекше басымдық беріп, құжаттарын тапсырып, мемлекеттік бағдарлама негізінде қаржыландыруға мүмкіндігі бар екенін жеткізді.

Ол аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде жұмыс істейді. Қазіргі уақытта бала күтіміне байланысты демалыста. Жолдасы – Азат та кәсіпкерлік саладан алыс емес. Өзінің жеке шаш қысқартатын салоны бар.

Адал тапқан дүние берекелі болатынына кейіпкеріміз арқылы тағы бір көзіміз жетті. «Жақсы кәсіп – толық ырыс» дегендей, адам өмірден өз орнын тауып, тұрмысын түзеп, елге пайдасын тигізуі үшін оған жақсы, берекелі кәсіп көзінің керектігі даусыз. Әрі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бүгінде ел экономикасын алға ілгерілетудің бірден-бір жолы болып отыр. Сондықтан да болар елімізде кәсіпкерлерге қолдау көрсетудің түрлі жолдары, тетіктері көбейіп жатқаны көңіл қуантады.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
17 мамыр 2023 ж. 528 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№102 (10367)

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031