» » Бармағынан бал тамған

Бармағынан бал тамған

qarmaqshy-tany.kz «ЕҢБЕК ЕТСЕҢ ЕРІНБЕЙ, ТОЯДЫ ҚАРНЫҢ ТІЛЕНБЕЙ» ДЕГЕН НАҚЫЛДЫҢ АСТАРЫНДА ТЕРЕҢ МӘН БАР. БҮГІНДЕ ЕҢБЕК ЕТЕМІН, НӘПАҚА ТАБАМЫН ДЕГЕН АДАМҒА ЖҰМЫСТЫҢ ТҮРІ КӨП. БЫЛАЙША АЙТҚАНДА, ЕКІ ҚОЛҒА БІР КҮРЕК ТАБЫЛАДЫ. БҰРЫНҒЫДАЙ «ҚОЛЫҢДА БІР ЖАПЫРАҚ ҚАҒАЗЫҢ БОЛМАСА, ЕШ ЖЕРГЕ ІЛІНБЕЙСІҢ» ДЕЙТІНДЕЙ УАЙЫМ ЖОҚ. ӘРИНЕ, ОЛ ӨМІРЛІК ЖОЛДАМАНЫҢ ОРНЫ БӨЛЕК. ДЕСЕ ДЕ, ЕҢБЕК ЕТЕМІН ДЕГЕН АДАМҒА ТАБЫСТЫҢ САН ЖОЛЫ БАР. МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН ҚОЛДАУҒА АРНАЛҒАН БАҒДАРЛАМАЛАР ДА ЖЕТЕРЛІК. ОСЫ РЕТТЕ, КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫНДАҒЫ ТАБЫСТЫ ӘРІ ҮНЕМІ ҚАЖЕТТІЛІК ТУЫНДАЙТЫН ТҮРІ – КОНДИТЕРЛІК.
Мәселен, әлемде адамзаттың 70%-дан астамы, тіл үйірер тәттілерден бас тарта алмайды екен. Өзіміз де бала кезімізден тәттіге құмартып өстік. Әлі де болса түрлі дәмдімен қоюлап шәй ішкенді құп көреміз. Сондықтан, кондитерлік шағын кәсіп түрі болғанымен, қазіргі таңда халық арасында үйде пісірілген тәтті тағамдар сұранысқа ие. Себебі ерекше дәмді тағамдарды пісірумен қатар оны безендірудің өзі – бір өнер. Осындай тәтті тағамдарды кәсібіне айналдырып отырған жанның бірі – Мөлдір Серікбаева.
Мөлдір – осы ауданның тумасы. Кенттегі №26 мектепте тәлім алып, «Тасымалдауды, қозғалысты ұйымдастыру және көлікті пайдалану» мамандығы бойынша алдымен орта, кейіннен жоғары білімді игереді. Тұрмыс құрған соң балалық шақтағы қызығушылығы кәсіпке жол бастайды.
– Қыз баласы болғандықтан ас үй жұмыстарына қызығушылық кішкентайымнан пайда болды. Ең бірінші отбасыма тәтті тағамдарды пісіруден басталған болатын. Негізінен мен табыс табамын деп емес, өзіме хобби ретінде айналысатынмын. Ең алғаш келін болып түскеннен кейін, әр нәрсені бір пісіріп көретінмін. Осыны аңғарған жолдасым өз кәсібімді ашып көруге ой тастады. Қолдау болса неге жасап көрмеске деп мен де белсене кірістім. Осылайша өткен жылдың желтоқсан айында бірінші отбасымның, екінші мемлекеттің қолдауының арқасында қайтарымсыз грант иегері атандым. Қаңтар айынан бастап кәсіпкер ретінде түрлі тәттілерді тұрғындарға ұсынып келемін, – дейді кәсіп иесі.
Бүгінде жас кондитер заманауи торттардың барлық түрін әзірлеп, тәтті бәліштер, трайфл, эклер сынды шәйға арналған тәттілерге тапсырыс қабылдайды. Бағалары да қолжетімді. Хоббиі кәсібіне айналған келіншек тәттілерді қазіргі дамыған заманда әлеуметтік желідегі онлайн шеберлік сағаттарынан үйренген. Мұның өзі іс бастаймын деген жанға ешнәрсенің кедергі бола алмайтынын көрсетеді.
– Мен барлық тәтті түрін тек тапсырыспен жасаймын. Осылайша тұрғындарға әрдайым балғын өнім ұсынамын. Бізге ең қажеттісі – ол уақыт. Тұтынушылардың басым көпшілігі қазір тапсырыс беріп, 1-2 сағатта дайын болғанын қалайды. Алайда, әр тәттінің дайындалу әдісі әртүрлі. Әрқайсысына жеке бап керек. Сондықтан тұтынушыларға тапсырысты мейлінше ертерек беру қажеттігін үнемі айтып отырамын. Кәсіпті енді бастағаныма қарамастан, алғыс айтушылар, тұрақты тұтынушыға айналғандар да бар. Олардан естіген әрбір алғыс мені алға жетелеп, кәсібіме деген сүйіспеншілігімді арттыра түседі. Болашақта осы кәсібімді одан әрі дамытып, жұмыссыз жүрген жастарды жұмыспен қамти алатындай дәрежеге жеткім келеді, – дейді Мөлдір Оразбекқызы.
Иә, бармағынан бал тамған кәсіпкер елдің алғысымен алға жүріп, ойға алған ісін дөңгелетіп келеді. Бастысы адал еңбек, таза маңдай термен табыс табуда. Бұл қатарластарының біршамасына үлгі, кәсіп бастауға бата алмай жүргендерге көрнекі мысал.
Қарап отырсақ, терлеп тапқан табысқа ешнәрсе жетпейді. Дана халқымыз «Еңбектің наны, жалқаудың жаны тәтті» деп бекер айтпаған ғой. Ерінбей еңбек етемін деген адамға табыс көзі де, мүмкіндік те жетерлік. Тек жоғарыдағы кәсіпкер секілді алған бетінен таймай, жалқаулықтан бойын аулақ ұстап, кедергілерге қарамай, тынбай тіршілік қылса болғаны.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
28 наурыз 2023 ж. 339 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 217

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 150

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 325

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930