» » Тіл үйірер тәттілер

Тіл үйірер тәттілер

qarmaqshy-tany.kz Бүгінгі таңда өз кәсібін ашып, еңсесін тіктеуге бетбұрыс жасағандарға мемлекеттік қолдау көп. Соның нәтижесінде бизнес негіздерін меңгеріп, грант иесі атанып, кәсібін дөңгелетіп отырғандар қаншама?

Иә, қазірде кәсіп ашқысы келетін жандар көп. Әйтсе де қаражат жағы қолбайлау болып, тартынып қалатындар аз емес. Сондайда мемлекет беріп отырған мүмкіндіктен қапы қалмай, қайтарымсыз грантқа қол жеткізгендердің бірі – Гүлмариям Мұратқызы. Ол түрлі тәтті торттар мен кондитерлік өнімдерді дайындайды.
Қазіргі таңда дәмді торттар пісіріп, тапсырыс қабылдау қыз-келіншектердің негізгі кәсіп көзіне айналып үлгерді. Күн санап технологияның дамығаны соншалық көздің жауын алатын тәттілердің сан түрі халық сұранысына ие болып жатыр.
– Өзім көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Әкем су шаруашылығы мекемесінде жұмыс істейді. Анам – аспаз. Маған осы өнер анамнан дарыса керек. Тәтті пісіруді бұрыннан жақсы көретінмін. Алғашқыда тек үй ішіне арнап қана жасайтынмын. Кейін келе «тапсырыспен жасап берші» деген сұраныстар көбейді. Үй шаруасындағы ана болған соң балалардың қасында жүріп-ақ тәтті пісіруге деген қызығушылығымды табыс көзіне айналдырғым келді. Жақында ғана кәсіпкерлікке бағытталған «Ұлттық жоба» шеңберінде 1 225 200 теңге қайтарымсыз гранттың иегері атандым. Бүгінде берілген қаражатқа кондитерлік өнім даярлайтын құрал-жабдық алдым. Енді кондитерлік өнімнің барлық түріне тапсырыс қабылдап, жұмыс істеп жатырмын, – дейді ол.
Нәзікжандылардың көбі ас үйде тамақ әзірлеуді жақсы біледі. Дегенмен тіл үйірер тәттіні екінің бірі жасай алмайды. Ебі мен бейімі болмаса бұл істен қайыр жоқ. Ал Гүлмариямның дайындаған түрлі торты мен дәмді тоқаш-бәліштері, самса, құймағы ауыл тұрғындары тарапынан жоғары бағалануда.
Ол 2015 жылы Алдашбай ахун ауылындағы берекелі отбасыға келін болып түседі. Өмірлік серігі Еркеғалимен шаңырақ көтеріп бүгінде Асылжан, Ерасыл, Әмір, Бекасыл есімді балаларды тәрбиелеп отырған көпбалалы ана.
Кейіпкеріміз «Жалқаудың жаны тәтті, еңбектің наны тәтті» деген ұстаныммен өмір сүреді. Қандай да болсын істің маңдай тер мен адал еңбекпен келетінін жақсы біледі. Бұл тәмсілді өсіп келе жатқан балаларына да үйретуден жалықпайды.
Торт пісіре білудің өзі өнер. Себебі күн өткен сайын торттың түрімен қоса безендірілуі де өзгеріп барады. Көздің жауын алатын мұндай ұсақ-түйек жұмыс уақыт алады. Әдемілікпен қатар дәмі тіл үйірер торт жасау оңай шаруа болмай тұр. Ұқыптылық пен тазалықты талап ететін бұл саланы меңгеру екінің бірінің қолынан келмес.

– Қазіргі қоғамда қарап отыруға болмайды. Әр адамның алдыға қарай ілгерілеп дамып отырғаны абзал. Мен де алдағы уақытта белгілі кондитерлерден сабақ алып, тәжірибе алмасқым келеді. Білім алу ешқашан да кеш емес деп есептеймін. Сонымен қоса алдағы уақытта ауылдан кондитерлік дүкен ашқым келеді, – дейді ол ағынан жарылып.

Кез келген істі кәсіпке айналдыруға болады. Бұл барлығының қолынан келеді, бастысы – ниет.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
08 қараша 2022 ж. 546 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 219

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 150

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 326

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930