» » Қызығушылығы кәсіпке ұласты

Қызығушылығы кәсіпке ұласты



Бүгінде жеке кәсібін ашып, күнкөріс көзіне айналдырып отырған жандар жетерлік. Еңбекпен табыс тауып, ниеттенсең болғаны емес пе? Осы ретте кент тұрғындарын түрлі тәттілерімен қуантып жүрген Жаңыл Қосжанованы айтпай кетуге болмайды.
Кент орталығында орналасқан «Тәтті өнімдер» дүкеніне жиі бас сұғатынымыз рас. Қай кезде барсақ та, күлімдеген жүзімен, ақжарқын мінезімен, бар тәттісі дайын тұратын Жаңылды көріп қуанамыз. Әрбір тұтынушыға деген рия­сыз көңілі өзіне баурайды. Осындай ерекше көңілмен, шын ниетпен дайындалғандықтан болар, әрбір өнімі сүйсініп жеуге тұрарлық.
Жаңыл осы кенттің тумасы. №121 мектепте тәлім алып, колледжде білімін жетілдіреді. Алайда мамандық бойынша жұмыс істегеннен гөрі, тәтті дайындауды сүйгендіктен, осы уақытқа дейін кент мейрамханаларында ұзақ жылдар бойы түрлі тәтті дайындаған. Ал бұл кәсіпті ақпан айынан бастап қолға алған. Ашылғанына көп уақыт болмаса да, дүкеннің тұрақты тұтынушылары қалыптасқан. Кәсібін өз қаражатымен бастаған кәсіпкер алдағы уақытта мемлекет ұсынған мүмкіндікті пайдаланып, көкжиегін кеңейтуге ниетті.
– Мен бала кезден тамақ, тәтті өнімдер әзірлегенді жақсы көремін. Асты түрлі етіп дайындауды жеңгелерімнен көріп, қызығушылығым артты. Сосын өзім де жасап көре бастадым. Әрдайым дәмді етіп ас дайындау, түрлі тәтті пісіру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Оған да ерекше ептілік пен икем керек. Алғаш ас дайындағанымда ата-анам мен бауырларым дәмді екенін айтқан. Сол кезден бас­тап оларды қуантуға тырысатынмын. Балалық қызығушылықпен бойыма сіңген қасиет бүгінде өмірімнің мәніне, тірлігімнің көзіне айналып отыр. Қазір де әрбір тәттіні ерекше махаббатпен дайындаймын, – дейді кәсіпкер.
Расында да, асты дәмді ету кез келген­нің қолындағы іс емес. Сондықтан тағамы тәтті асханалар мен өнімі ерекше дүкендерді тұрғындар бекер іздемесе керек. Кез келген өнім дайындайтын орынның мол табыс табуы сондағы аспаздың ерекше ептілігіне тікелей байланыс­ты.
Осы ретте Жаңылдың тәттілеріне күмән келтіруге болмайды. Оның қолынан шыққан самса, чебуреки, тәтті тоқаштар бүгінде үлкен сұранысқа ие. Дүкенге келушілердің де, той-жиынға арнайы тапсырыс берушілердің де қатары көп. Осындай дәмді тағамдар жасайтын Жаңыл күнделікті табысына көңілі толатынын айтады.
– Жеке кәсіп ашып, көпшілікке тәтті тағамдар түрін ұсынып, олардан алғыс алып отырғаныма қуаныштымын. Осы уақытқа дейін жеке кәсіп иесі болуды армандаған едім. Бүгінде оған қол жеткіздім. Әлі де алға қойған мақсатым көп. Жеке кәсібімді жылдар өте ұлғайтқым келеді. Санаулы тағам түрлерімен шектеліп қалмай, олардың санын арттыру да жоспарда бар. Алдағы уақытта заманауи торттардың түрін меңгеріп, мәзірге оны да қоспақпын. Тәтті пісіруге ешқашан ерінген емеспін. Керісінше бұл іс мені шабыттандырады. Өзімнің сүйікті ісіммен асханада таңнан кешке дейін жүре беруге дайынмын. Тек тапсырыс берушілер мен дүкен тұтынушыларының көңілінен шығуды ойлаймын, – дейді ол.
Үйренсем, білсем деп талпынған жанның жетер асуы асқақ. Алдына үлкен мақсат қойған жан сол жолдан таймаса, биіктерге жетері хақ. Кәсібін жақында ашып, сол мақсатта тапжылмай еңбек етіп жүрген жанның несібесі де мол болмақ.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
19 сәуір 2022 ж. 783 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031