Тәуекел табысқа жетелейді
«Армандай біл, ол – тегін ғой» деген ұстаным қоғамда кең тарады. Расымен, арманның адам қанаты екенін білсек, армандауға болмас па? Ал егер оны жүзеге асырсақ, тіпті бөлек әңгіме. Жазғалы отырған жайдың жалғасы сол арманмен қанаттанып, бүгінде бір-бір кәсіптің иесі болып отырған жандар жайында болмақ.
Қазіргі қоғам нені көтермейді? Әрине, жалқаулықты, «Алма піс, аузыма түс» деп бос сенделуді. Өйтпеске не істемек керек? Енді қараңыз, кәсіп ашу дегенде алдымен адамда қорқыныш басым болады. «Бастай аламын ба? Қалай жүзеге асырамын?» деген сауалдан санасын арашалай алмайды. Мұндайда бізге жігер керек. Айқын мақсат пен нық сенім қажет. Одан соң мемлекет берген мол мүмкіндікті тиімді пайдаланып, сол арманның жүзеге асуына қарекет етуі тиіс. Ондай жандар біздің ауданда жоқ емес. Солардың бірі – Жомарт Рахымжанов. Мемлекеттен 2 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант жеңіп алған ол ұлттық нақыштағы кәдесыйлар шығаруда. Қармақшы ауылының тұрғыны ерекше сыйлықтар, түрлі ою-өрнекпен көмкерілген бұйымдар, кәдесыйлар жасап бастайды. Мұнан соң халықтан сұраныс артып, қызығушылығы одан әрі еселене түседі. Осы істі одан әрі дамыту үшін кәсіпкерлер палатасында «Бизнес кеңесші» оқу курсына қатысады. Одан соң кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерген ол жаңа бағытпен идеясын инновациялық грантқа ұсынады. Нәтижесінде өзі армандаған гранттың жеңімпазы атанады. Бүгінде кәсіпкер берілген қаражатқа осы кәдесыйлар жасап шығару үшін керекті құрал-жабдықтарын сатып алуда.
– Армансыз адам болмайды. Мен де армандай білдім. Онымен қоймай, оның жүзеге асу жолында еңбектендім. Бастысы – мемлекет көрсеткен қолдауды тиімді пайдаланып, кәсібімді одан әрі дамытқым келеді, – дейді ол.
Кәсіптің көзін тапқан білер. Ал оның табыстысы – құс өсіру. Қармақшы ауылының тұрғыны Жандос Жолтаев осы бағытта кәсіп ашып, оны ширатып отырған жастың бірі. Ол аудандық кәсіпкерлік палатасында «Бастау-Бизнес» бағдарламасы аясында кәсіпкерлікті жүргізу негіздері бойынша оқу курсында тәжірибе жинақтайды. Бизнес жоспарын әзірлеп, қорғайды. Нәтижесінде «Бастау бизнес» жобасы арқылы өз кәсібін бастап та кетеді. Мұнда ол 555 000 теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Бүгінде талапты жас 60-қа жуық тауық баптауда. Мұнымен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта шаруашылығын кеңейтіп, кәсібін одан әрі дамытпақ ниетте. «Бастысы адамға сенім керек. Одан соң жас келсе іске көшуді құп көремін. Бос жатқаннан болмайды. Мүмкіндікті пайдалану керек» дейді Жандос Жолтаев.
– Жұмыссыздық мәселесін шешудің бірден-бір жолы кәсіпкерлікті дамыту. Осы мақсатта «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қызылорда облыстық филиалы және Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасының қолдауымен "Бизнес бастау" жобасы жүйелі жүзеге асырылып, кәсіптен несібе теруге талпынған жан көп. Желідегі жалпақ жұртқа мәлім, бізде отбасылық бизнесімізді бастадық. Былтырғы жылы, бизнес бастау жобасы аясында "Жиһаз жасау цехы" жобасын сәтті қорғап, 505 000 тг көлемінде қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізсек, биыл "Бизнестің жол картасы" бағдарламасымен "Ағаш өңдеу цехы" бизнес жобамызды сәтті қорғап, 2 млн теңге қайтарымсыз қаржыға ие болдық, – дейді жас кәсіпкер Азиз Дүкенбай сөз кезегінде.
Бүгінде ол цех жұмысын жандандыруға қажетті құрал-жабдықтарын сатып алып, цех жұмысын кеңейтуде. ЖК "ДОС" жиһаз цехы қазір аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіп келеді.
Ал жосалылық Динара Қалабаева «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» «Еңбек» бағдарламасымен 555 600 теңге көлемінде қайтарымсыз грант жеңіп алды. Түскен қаржыға түшпара жасау цехын ашып, бүгінде кәсібін дөңгелетіп отыр. Әрине, алдымен кәсіпкердің өнімі сапалы болуы шарт. Сонда ғана оған сұраныс арта түседі. Ал Динараның жергілікті дүкендерге сатылымға шыққан түшпарасына тұрғындар да дән риза. «Арманда, қанаттан, жүзеге асыр!» деген ұстанымды серік еткен жас кәсіпкер болашақта кәсібін одан әрі дамытқысы келеді.
Түйін
Қазір шағын және орта бизнесті дамытуға мемлекет басымдық беруде. Соның нәтижесінде, ауданда кәсіпкерліктің өрісі кеңеюде. Солай кәсіп ашамын дегендер арманын жүзеге асыруда. Сіз де ойда жүрген идеяңызды шындыққа айналдыра аласыз. Ол үшін аудандық кәсіпкерлік палатасының есігі әрдайым ашық.
Айнұр ӘЛИ