Тың кәсіптің көзін тапқан
Мемлекет тарапынан нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың бағдарламасы аясында ауданда ауқымды жобалар іске асуда. Соның бірі ретінде заман талабына сай Тайшық би мен Наурыз көшесінің қиылысында «Данара» аспаздық кафесі ашылды. Дәмхананың ашылу салтанатына Вьетнам соғысының ардагері Иса Бисенов қатысып, кәсібінің тың тынысын ашқан Г.Әшірбековаға алғысын білдірді.
– Экономика тірегі – шағын және орта бизнес. Бүгінде кәсіп ашып, өзінің емес, елдің жағдайын жақсартуға тырысқан азаматтарға алғыс білдіремін. Жастар осындай кәсіпкерлерден үлгі алып, кәсіп бастаудан қашпай, мемлекет берген мүмкіндікті тиімді пайдалануы тиіс. Кәсіппен шұғылдану кез келгеннің қолынан келеді, – деді И.Бисенов.– Отбасымызбен қаржы жинап, қосымша «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 3 миллион теңге көлемінде несие аладық. Жеке кәсіпкерлікті дамытуға үлкен жол көрсетіп отырған Елбасына, игі бастаманы қолдап, көмек көрсеткен аудан басшысына алғыс білдіремін. Жастарға кәсіп ашуға, сол арқылы өз-өзін жұмыспен қамтуға кеңес беремін. Мына қоғам жалқаулықты көтермейді. Мемлекет берген мүмкіндікті пайдалану қажет, – дейді кәсіпкер Гүлдана Әшірбекова.
Отбасылық кәсіп 6 адамды жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ, аспаздық кафе мәзірінде балаларға арналған тағам, жеңіл тамақтану мен түрлі ұлттың тағамынан дәм тату мүмкіндігі бар. Үйде отырып сұқ саусағыңызбен қалтафон батырмасын шертсеңіз тапсырыс үйге дейін тегін жеткізіледі. Алдағы уақытта «Данара» аспаздық кафесі тұрғындарға 24 сағат бойы үздіксіз қызмет көрсетпек.
Айнұр ӘЛИ,
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет),
«Қармақшы таңы».