» » Ұлттық асханамыз қайда?

Ұлттық асханамыз қайда?

Қиықша, бүркеме, уызғанақ. Бұл не деп ойлайсыз? Әрине, ұмытылып бара жатқан қазақтың ұлттық тағамдарының бірі. Ал, сіз сол тағамның дәмін татып көрдіңіз бе? Жоқ. Себебі, бізде италиянның пиццасы мен түріктің дөнері, өзбектің палауы мен жапонның сущиі бар. Үйде отырып-ақ беретін «доставкасы» тағы бар. Ал, мұның атауын өзіміздің жоғарыда тізімі келтірілген тағамымыздан әлдеқайда жақсы білеміз. Сіз қалай ойлайсыз? Біздің асхана қайда?
Қазақта «бешбармақтан» басқа ұлттық қандай тағам бар деген сауалға жауап іздемекке кітапханаға жол тарттық. Кітапханашы бізге этнограф Сейіт Кенжеахметұлының «Қазақтың дастарханы» атты кітабын ұсынды. Парақтап шықтық. Шіркін-ай! Бұл не деген ғажап? Дәмін көргені былай тұрсын, атының өзі тансық. Мәселен, ұннан жасалатын қиықша, мыжыма, шелпек, таба нан, төп, қазан жаппай, бөртпе, жарма, күлше, төңкерме, бүркеме, бауырсақ, құймақ. Сүттен жасалатын сүт, қымыз, құрт, шұбат, құрткөже, ежігей, ірімшік, сарысу, ақлақ, уыз, уызқағанақ, қорықтық, қатық, айран, сүзбе, май, торта, балқаймақ, тосап, сүт көже, ашыған көже, сүмесүт. Еттен жасалатын соғым, күздік, қазақша ет, бас тарту, мипалау, шұжық, қуырдақ, кісе қуырдақ, қазы-қарта, жал-жая, бұқпа, сірне, сырбаз қуырдақ, томыртқа, төстік, ақсорпа, тұздық, шыж-мыж, салма, қара ала шыжық, бүрме, қойды үйтіп сою, ет ыстау, көмбе, жау бүйрек, қимай, борша, бұжы, әсіп, түймеш, тоң май айта берсең көп-ақ.
Әрине, ұлттық тағам атаулары мұнымен шектелмейді. Бірақ, шетелдік брендке шығаруы былай тұрсын, өзіміздің қазекемнің бұл атаулардан хабары бар ма дерсіз.
Ал, жапондықтар өзінің бір ғана шай ішу салтымен әлемді тамсантып отыр. Италияндықтар пиццасын мақтан етеді. Бұлар әлем былай тұрсын, қала, ауыл-аймақтың мейрамханасынан табылады. Тіпті, көршіміз өзбек ағайын шайханасын әспеттеп, құрметтейді, әні мен жырына қосады. Мұндай мысалды келтіре берсең көп-ақ. Оның қасында қазекемнің ұлттық тағамдарының несі кем?
Құрметті оқырман. Мүмкін әлдебіріңіз «Қазақта мұндай тағам да бар екен-ау, білмеппіз» деп қайран қалуыңыз мүмкін. Иә, өкініштісі сол, өзіміздің ұлттық асханамызды толық тани алмай жатқандаймыз. Оны мойындауымыз керек. Ұлтымыздың басынан өткізген небір зұлмат заман төл мәдениет пен өнерден, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың небір ғажайып түрінен қол үздірумен қатар ұлттық асханамыздан да айыра жаздады. Өзіміздің құнарлы ас-ауқатымыз болса да, өзге елдің ас-тағамына әуестеніп кеткеніміз жасырын емес. «Қазақ қызы қытайға тұрмысқа шықты» деп жарияға жар салып жалған намыс қуғандар, ертеңіне «инстаграммда» отырып сол қытайдың «сущиіне» жарнама жасайды. Бұл ащы да болса шындық. Ұлтпыз деп мақтанамыз, бірақ ұлттық тағамдарымызды өзгелерге ұсынып, көрсете білетін мейрамхана, дәмхана, тіпті асханамыз жоқ. Тіпті, болмаса, ештеңе етпейтіндей, есеміз кетпейтіндей, бұл орайда ұпайымыз түгелдей жүре береміз. Сонда қазақтың ұлттық тағамдары өзімізден басқа кімге керек?
Жарнама тақталардан көбіне орысша «плов по ташкентский», «лагман по дунганский, уйгурский, корейский» деген секілді жазуларды көресіз. Бұл тағам өзбек пен ұйғырға, дүнгенге, кәріске тән екені рас. Десе де, сол ұйғыр мен дүнгеннің, кәрістің қазақ жеріне бауыр басқанына да алды жүз елу, арты сексен жыл болды емес пе? Әрине, мәдениет алмасу жүрді, соның бірі – ас мәзірі. Ендеше, «Ордалық лағман» немесе «Қазақша палау» деген секілді атаумен, өзіндік қоспалық ерекшелігі бар тағам әзірлеуге болмас па еді? Хош. Алдымен өзіміздің ұлттық тағамымыздың атауларын жаттап алайықшы...
Айталық, түріктің тәтті шәрбаты, француз бен болгар шарабы, голландия, итальян, швейцария сыралары дегенде аузымыздың суы құриды. Алматының апорты дейміз. Бірақ, ел назарын аударатын бірде-бір шара жоқ. Жалпы қазақтың бренді не болуы мүмкін? Әрине, саумал, шұбат, қымыран. Жылқының сау­малында адам ағзасына қажетті дәрумендер өзге төрт түліктің сүтімен салыстырғанда бір­неше есеге көп. Балалар үшін де бие сүті негізінде дайындалған тағамдардың да пайдасы жоғары.
P.S
«Тауық қанаттары» мен «кәртөшкі фридан» жүз есе пайдалы ұлттық тағамымызды неге насихаттай алмай жүрміз? Неге бізде ұлттық асхана жоқ? Біз өзі «Рухани жаңғырып» жүрміз бе? Ендеше оны іспен дәлелдейік. Туризм – табыс көзі. Тамақ мәзірін көбейтуде ұлттық тағамдарға мән берсек нұр үстінен нұр болар еді. Алайда, біздегі жағдай осы
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
14 шілде 2018 ж. 2 525 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031