» » Тәуекел ет те, табысқа жет

Тәуекел ет те, табысқа жет

Бүгінде еңбек етемін деген адамға табыс та, жұмыс та табылады. Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отырған жаңажолдық кәсіпкер Гүлмира Сисенбаева осылай дейді. Иә, кәсіп қыламын дейтіндерге қазір мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндік көп. Ол еткен еңбектің еселеп қайтатынын жақсы біледі. Осыдан бес жыл бұрын тапсырысқа түрлі тәттілер мен торт пісіріп жүретін. Ал қазір тірлігін дөңгелентіп, ауылда шағын наубайхана ашып отыр. Бұл – тынбайтын табандылықтың арқасы.
Гүлмира Тасболатқызы 18 жасында ауылда бірге өскен Алтынбек есімді азаматқа тұрмысқа шығады. Мектепті бітіре сала қол ұстасқан екі жас талай кедергіні кешкендіктен үйлену оңай, үй болу қиын екенін біледі. Артынып, тартынып, бірде бар, бірде жоқ күй кешіп жүріп өмірге 4 баланы әкеледі. Жас шаңыраққа бар несібе мен береке осы сәбилермен бірге келген бе дерсіз. Оның осы кәсіпке келгеніне де он жылдан аса уақыт болыпты. Тағдырдың салған түрлі қиындығына қарамай, бір күні жарқырап күннің шығарына сенген оның үміті үнемі алға жетелеп отырады. Айтқан әңгімесіне қарап қызығасыз, таң қаласыз, таңдай қағасыз. «Әйелдің қырық жаны бар» дегені дәл осы кісіге қарата айтылғандай.
– Бала үшін өмір сүріп, барымызды аямаймыз. Туған күннің сәні – торт қой кәдімгі. Сол балаларға деп туған күннің дәмді дүниесін аудан орталығындағы наубайханадан алып келеміз. Күннің ыстығында бетіндегі гүлі еріп, ауылға келгенше әлгі әрленген әдемі торттың ажары қашады. Бірде қызымның туған күніне алып келген тортымның дәмі бұзылып, қызым ұшынып ауырып қалды. Содан осы тәттіні неге өзім жасап көрмеймін деген ойға келемін. Қазіргідей интернеттің жылдамдығы жоқ. Қалада тұратын сіңіліме айтып, торттардың рецептісін көріп, сұрап аламын. Кішкентай балалармен үйде отырғанымды көрген сіңілім Толқын да «үйде қарап отырғанша, жолдасыңның бір жағына болысып, ақша тап. Айналысар тірлігің, қалтаңда ақшаң болмаса балаларыңды қалай асырамақсың? Тапқан табысыңа олардың керек-жарағын алып бересің, қалағаныңды аласың» деп кеңес айтады. Мені қамшылап, алға жетелеген осы – бір ауыз сөз еді. Бұл оқиға 2013 жылдары болатын. Сіңілімнің берген мотивациясына мәз болып мектептің асханасына бардым. «Мен бәліш пен тоқаш пісіремін, мектепке солай сатсам» деп ұсыныс білдірдім. Осылайша тапсырыстардың саны да арта бастады. Пісіретін тәттіні де түрлендіре бастадым. Ауылдың шағын дүкендеріне өткіздім. Кешкілік балаларды ұйықтатып тастаймын да, кішкентай пешке таңға дейін сол тәтті нанымды пісіремін. Жұмыртқаның қорабына бәліштерім бүлініп қалмасын деп салып аламын. Кейбірі бұл істі ерсі көретін. Бірақ мен ұялмайтынмын. Ал қазіргі келіндердің қолына осылай қорап беріп қойса, солай жүрер ме екен?! Иә, намыс көретін нәрсе емес. Менің бар ойым сол балаларды жеткізу, қатарынан кем етпеу болды. Тиыннан теңге құралады емес пе?! Түскен аз ақшаны ұқыпты жұмсап, қажетті құрал-жабдықтарымды алып дамыта бердім, – дейді кәсіпкер.
Анасының кәсібінің жандануына себеп болмақ ниетте ұлы Ғалымжан Шәкібеков «Ауыл аманаты» бағдарламасы негізінде 7 млн теңге несие алып, нан өнімдерін жасауға арналған құрал-жабдықтар алып, ауылдан шағын наубайхана ашады. Осылайша кәсібін дамытып, оны отбасылық бизнеске айналдырады.
Қазір нан өнімдерін ауылдағы дүкендерге ғана емес, көрші Ақтөбе, ІІІ Интернационал ауылы мен күре жол бойындағы «Ақ сарай» кешеніне тасымалдайды. Ақжар ауылымен де келісім жасалды. Жақын күндері ол ауылға да өнімдерін жіберетін болады. Шағын наубайханада 15-ке жуық нан өнімдері дайындалады. Кәсіпкер қазіргі таңда екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Ауыл тұрғындарына мерекелік жиындар мен айтулы күн, туған күндерде тапсырыспен торт жасайды.
– Әуелде көне үйде тұрдық. Жолдасымның жұмысына қосымша менің де кәсібімнен ақша түсе бастаған соң жаңадан үй салуға кірістік. Түрлі жағдайлар болды. Ұйқысыз өткен түндерім бар. Шағын цех ашсам деген арманым мені ұйықтатпады. Аллаға шүкір, қазір арманым орындалды. Шүкіршілік етіп, әр жұмада ауыл дүкеніне тегін нанымды да таратып отырамын. Осы наубайхана жұмысын бастағанда дүкендерді аралап, өнімдерімді көрсетіп тапсырыс қабылдайтын болдым. Көлік жүргізуді де үйрендім. Қазір көрші ауылдарға өзім апарып тастаймын, – дейді кәсіпкер келіншек.
Кәсіпкердің нан өнімдері қымбат та, арзан да емес. Орташа бағаны ұстауға тырысады. Бір байқағанымыз, тұрақты тұтынушылары үнемі үлкен сенім артып, алғысын жаудырып отырады. «Қарғыс алма, алғыс ал» дейді дана халқымыз. Көптің көңілінен шығып жүрген Гүлмираның ісі көпке үлгі боларлықтай. «Жұмыс жоқ» деп қарап жатпай, табандылық танытты. Бір ауыз сөздің құдіреті бүгінде оның табысты болуына сеп болды.
Ақнұр САҒЫНТАЙ 
28 сәуір 2024 ж. 604 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 346

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 428

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930