» » ЖАҢАЖОЛДЫҚ КОНДИТЕР

ЖАҢАЖОЛДЫҚ КОНДИТЕР

Еңбек етемін деген адамға атқарар іс  көп. Бұған дәлел жаңажолдық Гүлмира Сисенбаеваның кәсібі. Ол – ешкімнен қомақты қаржы алмай-ақ үйден тәттілер пісіріп тірлігін дөңгеленткен жан.
Бір ауылда өскен Алтынбек пен Гүлмира 18 жасында отау құрыпты. Мектепті бітіре сала қол ұстасқан екі жас талай кедергіні кешкендіктен үйлену оңай, үй болу қиын екенін біледі. Жоғары не арнаулы білім алмаған соң жұмысқа тұру да жеңіл емес. Артынып, тартынып, бірде бар, бірде жоқ күй кешіп жүргенде бірінен соң бірі 4 бала өмір есігін ашады. Жас шаңыраққа бар несібе мен береке осы сәбилермен бірге келгендей. Бала үшін өмір сүріп, барымызды аямаймыз. Әрқайсысының туған күнін тәтті тағам – тортсыз тойламайтын ата-ана дәмді дүниені Жосалы кентінен арнайы алдырып отырады. Ауылға келгенше әрленген әдемі торттың ажары қашады. Тасымалдау әрін кетіреді.  Ара-тұра жейтіндіктен бұл тәттіге балалардың сүйсінетіні қандай ғажап. Қарап тұрып жүздерінен қуаныш пен күлкі кетпесе дейсің.Соларды бар қылам, нар қылам деп тыраштанасың. Осылай өмір өте береді. Гүлмираға бірде «неге осы тортты алыстан алдырмай өзім істеп көрмеймін», – деген ой келеді. Балаларға бәліш пен тоқаш пісіріп бастап, кейін торт жасай бастайды. Қонаққа келген құрдас келіншектер қызығып, ақысына бізге де істеп бер деп тапсырыс береді. Тиыннан теңге құралады емес пе? Түскен аз ақшаны ұқыпты жұмсап, құрал-саймандары мен қоспаларын артығынан алып қоюға дағдыланған. Ал жолдасы Алтынбек дәнекерлеу ісін үйреніп, сол мамандыққа машықтанады.
Уақыт  ағымына қарай талғам мен сапа арта түсті. Бұрын бисквит, балды торттарға теңесетін тәтті жоқ болса, қазір  «Вупи пай», «Қызыл бархат», «Сүтті қыз» торттары сұраныста. 2013 жылдан бастап ауыл ішінен тапсырыс ала бастаған Гүлмира қазір бұл торттардың барлығын пісіреді. Бір қызығы торт жасауды үйрететін ешбір шеберлік сабағына қатысып, кондитерлік цехта жұмыс істемеген. Күні-түні ғаламтор ақтарып, «You tube» арнасынан дайындалу жолын көреді. Бар ынта ықласын осыған арнайды. Дәмді ас әзірлейтін сіңлісі Толқын үнемі қолдау білдірген. – «Адал жолмен нан табудың еш әбестігі де, ұяты да жоқ. Пісір де мектепке бар, есік алдына шығарып сат, туған-туысқа айт. Айналысар тірлігің, қалтаңда ақшаң болмаса балаларыңды қалай асырамақсың. Қарап отырма», – деп өзін қанаттандырады. Оны қамшылап, алға жетелеген осы бір ауыз сөз еді. Өткенін еске түсірсе тіпті жанарына жас та алады. Пирогтарды бүлініп қалмасын деп үлкен-үлкен қорапқа салып ауыл аралап сатады. Жолдасының жанына жалау болып қиындықпен бірге күреседі.
Қазір Жаңажол ауылы емес көрші елді мекендер мен Жосалы кентінің тұрғындары да Гүлмираның тортын іздейтін дәрежеге жетті.  Күніне шамамен он шақты торт пісіреді. Қуыршақ, машина, балалар ертегісінің кейіпкерлеріне тапсырыс қабылдайды. Арасында жасалуы қарапайым болып келетіні, күрделі технологияны қажет ететіні де бар. Ол әрбір бөлшегіне дейін тұнып тұрған креатив болғанын қалайды. Салмағы ауыр, биіктігі бірнеше қабат торттар үйлену тойына арналады.
–Торт пісіргенде жаным жай тауып, барлығын ұмытып кетемін. Қазір қай жиын-тойыңыз да тортсыз өтпейді. Туған күнде де, тойда да бұл тағам дастарханның сәніне айналды. Шеберлік сабағын өткізіңізші дейтін ұсыныс көп түседі. Үйренем деген адам үшін мүмкін емес нәрсе жоқ. Бастысы – таза ниет пен адал еңбек. Шын ынтасы барға ешбір сабақтың қажеті жоқ. Оны өз басымнан білемін. Интернетте іздегеніңнің бәрі бар қазір. Ерінбесең болғаны. Мемлекеттік бағдарламамен несие алып кондитерлік цехынды кеңейт деп кеңес айтатындар бар. 1-2 жылдың бедерінде үйдің бір бөлмесінен азық-түлік сататын дүкен аштым. Әзір барлығын өзім үлгертемін. Тұңғышым Аружан – студент. Демалысқа келгенде көмектеседі. Менде бос уақыт мүлдем жоқ. Әрбір адам уақытты тиімді пайдаланып, бейім іспен айналысса жамандыққа орын болмас еді, – дейді Гүлмира Тасболатқызы.
Кәсіпкердің торттары қымбат та, арзан да емес. Орташа бағаны ұстауға тырысады. Бір байқағаным, тұрақты тұтынушылары үнемі үлкен сенім артып, тапсырыс береді. Әдетте кондитерлер бағаны салмағына қарай қояды. Гүлмираныкі 1000 теңгеден басталып 12000 теңгеге дейін жетеді.
Елдің бәріне ұнау әсте мүмкін емес. Бастысы кәсіпкер сынды қабылдай алады. Тұтынушыларынан дәмі дұрыс болмаса, ұнамаса  жасырмай айтуын сұрайды. Себебі екіншіде сол қателік пен кемшілікті қайталамауға тырысады. Өзі қиындық көрсе де балаларым тарықпасын деп тынбай жүрген кәсіпкер жанның деніне қуат тілейміз. Табандылығы мен бастағанын аяғына дейін жеткізуді мақсат  ететін қасиетінен үлгі алайық.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА,
«Қармақшы таңы».
ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ
Толымкүл Рүстемова:
  • Гүлмираның қолынан шыққан торттың дәмін татпаған жаңажолдықтар кемде кем шығар. Алдағы уақытта ауыл экономикасының артуына өз үлесін қосып, үлкен кондитер ашады деп сенеміз. Торт жасайтын шеберімізге шабыт тілейміз. Тіл үйірер  тәттілерімен халықты қуанта берсін.
Бақыт Жарылқапова:
  • Тұрақты тұтынушысымын. Гүлмираның тортын жеген де, жемеген де арманда. Бұл да – өнер. Алланың берген өнерін өз ізденісі, тынымсыз еңбегімен абыройлы алып келеді. Торттарының бағасы тиімді. Ойымыздағыдай етіп жасап береді.
26 сәуір 2019 ж. 978 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 160

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930