АНАЛАРДЫҢ БОЛСАЙШЫ БӘРІ ОСЫНДАЙ
Қазақтың көптен ұтары да, басқаға мақтан тұтары да – ұрпағы. Кемеліне жетіп, керегесін кеңейтетін де, кемерін тасытып, көсегесін көгертетін де – осы ұрпағы. Ал, осындай ұрпақты өмірге әкеліп, оған жарық дүние сыйлайтын алтын құрсақты аналарымыз. Сондай ананың бірі – жаңажолдық Гүлмира Тұрғанбайқызы. Иә, он баланың анасын қалай құрметтемеске? Батыр ананы неге төбемізге көтермеске?
Ананың өмірге әкелген он бір құрсағының бүгінде оны аман-саулықта. Әйгерім де солардың қатарында жүрер ме еді, кім білсін?! Қоңыр күздің кезекті бір күнінде тәтті қызы періште болып көкке ұшып кетті. Әттең, сол күні ана жүрек тілім-тілім болмағанда? Барға шүкір еткен қазақпыз ғой, барына тәуба. Гүлмирасы келін болып түскенде Күләйша апаның шығарға жаны болмады. Үріп ауызға салған келіні – 18 жаста-тұғын. Енесіне ұнағаны – келіннің иманжүзділігі еді. Елдің батасын алды. Жаңаталаптың қызы Жаңажолға осылай келін болып келген-ді. Арада жылжып жылдар өтті. Өмірлік азаматы Аршабекпен бірге ұл-қыз тәрбиеледі. Бүгінде Әсемі отбасылы, немере сыйлаған. Дидар мен Мейіржан егіс бригадасында жұмыс істейді. Түтіні түзу ұшқан ауылдың нағыз түлектері. Гүлмарал – студент, бұйырса, елдің атын шығарар болашақ дизайнер. Ал, Ринат туралы тіпті қызық. Жас шабандоз он бір жасынан жылқы баптайды. Төрт жылдан бері ауылдың атбегісі Рүстем Сәметовтен сабақ алады. Сабақтан бос уақытында атқа шауып, жаттығады. Келешек қазақтың атқамінер нар ұлы туып келеді. Батырға тән мінезін ауыл-аймақ жиі айтады. Ақнұр да өнерден құралақан емес. Ұлттық колоридке бай сурет салып, би билегенді жақсы көреді. Назым – балуан. Жаттықтырушы Әділбек Кенеевтің шәкірті. Санжар – үшінші, Гүлбану бірінші сынып оқушысы. Кішкентай Гүлбану – апайы Аймереке Жәлелованың «Би» үйірмесінің белді мүшесі. Отбасының қазіргі кенжесі – Сырым үш айлық нәресте.
Бала болған соң ауырмай тұрмайды. Бірде – жауырыны жабысады, енді бірде – ит тиеді. Тамағы көтеріледі. Қазақ ырымшыл халық қой. Мұндайда көп ана халық медицинасына жүгінеді. Кейіпкеріміз де қазақы қасиетті пір тұтқан жан. Уақытында әжесі балаға ем жасаса, анасы Мирамкүл апаның да көзге тіл салып, бала қарайтыны бар. «Тектіден – тәбәрік» дегендей, қолы шипалы Гүлмираның да ауырған бала деген көңілі ерекше. Оның бұл қасиетін ауылдастары осыдан алты жыл шамасында біле бастаған. Ол жайында ауылдасы Дәрігүл Ақбаева былайша әңгімелейді.
– Баламның сырқатына орай, Гүлмира алты ай, он күн бойы сылап-сипап ем жасады. Қазір жақсымыз. Мектепке барамыз. Осынша уақыт дәрігерге апарып, уқалату мүмкін емес қой. Әрі кетсе, он күн барарсың. Гүлмираның алақаны шипалы. Науқасқа деген ықылысы өте күшті, – дейді тұрғын.
Г.Диханбаева баламен бірге, үлкендерге де массаж жасап, алғысын алып жүр.
– Бұл мен үшін кәсіп те, жұмыс та емес. Алладан келген қасиет. Жақсылық жасасам деп тұрамын. Сол ниетімнен болу керек, «ауылдың емшісі» атанып кеттім. Адам денсаулығы ойнайтын іс емес. Гигиена мен тазалықты назарға аламын. Тамақ басарда қолды залалсыздандырып, қызыл май немесе леголь пайдаланамын. Әдетте, жауырыны жабысқан сәби мазасызданып, шыңғырып жылайды. Мұндайда жауырынын уқалау арқылы ажыратамын. Қазір екі баланың бірі дисплазиямен туады. Бұл – қарапайым тілде ұршық басының жетілмеуі. Оны дер кезінде емдемесе, бала аяғының кемістігіне әкеледі. Аталған науқас түріне де ем жүргіземін. Жағдайға қарай, кейде – өзім барамын, кейде – аналар сәбиін өздері әкеледі, – дейді Батыр ана.
Күлкі. Күлкі дегенде, орынсыз, ыржалақ күлкіні айтып отырғанымыз жоқ. Һакім Абайдың: «Әннің де естісі бар, есері бар...» демекші, күлкі де сондай. Айқайлап, болмаса қақалғанша күлуді емес, жымиып қана күлетін, сол арқылы айналасына мейірімін шашатын әдемі күлкіні айтамыз да. Қай ауылдасымен жүздессек те, Гүлмира Тұрғанбайқызының әркез күлімдеп жүретінін тілге тиек етеді.
– Бұл деген – керемет қой. Таза рәуішті күлкі – таза жүректен шығады. Ол қорқыныш пен ашуды болдырмайды. Мейірлі күлкінің денсаулыққа тигізер пайдасы көп. Күлкі – көңіл-күйдің өлшемі. Күле білсең – ұзақ өмір сүре білесің, ортаға шаттық сыйлай білгенің, – дейді ол күлімдей қарап.
Түйін:
Нарықтың заңы қатал. Тегін ешнәрсе жоқ. Тірліктің тізгінін бос ұстасаң – ол сені алысқа сүйретіп кетуі ғажап емес. Гүлмира да еңбегіне ақы алады. Әрине, қаладағыдай бағусыз баға емес, қолжетімді, қалтаны ұрмайды. Кейде тіпті елдің бергенін алумен шектеледі. Қаралушының жағдайына қарайды. Ол үшін бастысы ақша емес, бастысы – науқастың сырқатынан тәуір болғаны.
С.Жаудатбек