» » ЖЕТІНШІ СӘБИЛІ БОЛҒАНДА ҚАЙНАҒАМ ҮЙ СЫЙЛАДЫ

ЖЕТІНШІ СӘБИЛІ БОЛҒАНДА ҚАЙНАҒАМ ҮЙ СЫЙЛАДЫ

Бүгінгідей дамыған заманда қаншама ғалым зерттеу жүргізсе де, жас сәбидің иісіне ұқсатып бірде-бір иіс су ойлап таба алмапты. Мұны қалайша Тәңірдің құдіреті демессің.
Бірде ұлық Пайғамбарымыздан сахабасы: «Әлемдегі ең сұлу адам кім?» деп сұрапты. Сонда Адамзаттың абзалы: «Ол – дүниеге сәби әкелгелі отырған ана» деген екен. Шынында да, адам өмірі – ұрпақ жалғасымен мәнді, оған жақсы тәрбие беруімен маңызды. Сондай ананың бірі – Жосалы кентінің тұрғыны, «Алтын алқа» иегері Жайсанкүл Нұрбекова.
1980 жылы Жаңақорған ауданы, Екпінді ауылында өмір есігін ашқан жас батыр ана Жайсанкүл Ба­зарбайқызы болашақ жарымен Жо­са­лыға жақынына қонаққа келгенде танысады. Сөзі мен сезімі жарасым тапқан қыз бен жігіт өмір бойы бір бо­луды қалады. Міне, содан бері де ара­да 18 жыл өтіпті. – Сыйластық пен та­­тулықтың жемісі – жеті баламыз,– дей­ді алтын алқалы ана жүзі шырайла­нып.
– Отағасы Бақыт Ерғазиев күзетші болып жұмыс істейді. Тұңғышымыз Лаура – кенттегі аграрлы-техникалық колледждің 3-курс студенті, тігіншілік мамандығын меңгеруде. Зарина мен Нәзира – №26 мектептің 3, 11-сынып оқушылары. Нұрсезім мен Дилназ – жақында мектеп табалдырығын аттайды. Нұрдәулетіміз – 2 жас­та, «Аққайың» балабақшасының тәрбиеленушісі болса, отбасының сүт кенжесі – Сұлтан жастан енді асты. Өзім – «Шипагер» емханасында кіші аяжанмын, – деді ол әңгімені жалғай түсіп.
– Енем – Өзтай Қарғабайқызы да, анам – Дәмегүл Байболова да 8 баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты аналар. Абысыным – Манат Ілиясова да 5 баланың ардақтысы. Қазақта: «Жақсы жерге келген келін – келін...» деген даналық сөз бар. Сол айтқандай, өнегелі әулетке келін боп түстім. Келген жерім оқыған, өскен жандар болды. 4 абысыным бар. Бір-бірімізбен татумыз. Енем өте жақсы адам болыпты. Өкінішке орай, мен енемді көре алмадым. Менің атам да, енем де – үлкен қайнағам мен абысыным. Бізге қашан да қолынан келген көмегін аяған емес, – дейді Ж.Нұрбекова.
Расында да, жомарт жүректі қай­нағасы Болат Ерғазиев інісі Бақыт пен келіні Жайсанкүлдің шаңырағында же­тінші бала туылғанда үш бөлмелі үй тар­лық етеді деп, үлкен үй сыйлады.
– Балалардың оқу үлгірімі ойда­ғы­дай. Зарина – кітап оқығанды, ал Нәзи­ра – ән айтып, би билегенді ұна­тады. Келешекте ұл-қызымызды оқытып, жетілдірсек деген арманымыз тағы бар. Ол үшін жатпай-тұрмай, еңбек етсек дейміз. Білім грантына түссе – нұр үстіне нұр. Мен ұлды болғанша тоқтамаймын дедім. 5 қыздан соң Алла алақанымызға 2 ұл салды. Көп балалы болғанның пайдасы – балалар көпшіл, бір-біріне мейірбан боп өседі. Әр баланың өмірден алар өз несібесі болады. Оның бір дәлелі – Сұлтанымыз туылғанда қайнағам басындағы үйін бізге босатып берді, – дейді отбасы құндылығын дәріптеуші.
ТҮЙІН
Өмірге бір нәресте келсе, оған сол отбасы ғана емес, бүкіл ауыл-аймақ, туған-туыс болып қуанып, шашу шашады. Халық жаңадан дүние есігін ашқан перзентке «бауы берік болсын» айтуды парызы есептейді. Ұл болса: «Айдарынан жел есіп, ат ойнатар ер болсын», деп жақсы қасиеттің даруын тілейді. Ал, қыз болса: «Жүзі айдай жарқырап, ауылға болсын өнеге» деп көрікті, ақылды болуына лебіз білдіреді. Дәстүр бойынша шарана туылысымен анасының жүрек тұсына жатқызылады. Ана жүрегінің дүрсілін естіген әрбір сәби келешекте мейірімді, бауырмал болып өседі.
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
«Қармақшы таңы».
17 тамыз 2018 ж. 1 813 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 045

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031