» » » Алты аға бірігіп әке болмас

Алты аға бірігіп әке болмас

Таң. Сабаққа асыққан Айжан жаяу жүкіріп келеді. Мектеп бұл тұратын жерден әлдеқайда алыста. Иә, оның қоғамдық көлікке төлер ақшасы жоқ. Шеттей төрт баласын асырап отырған тек анасы ғана. Еден жуып тапқан нәпақасы  күнделікті азыққа әрең жетеді. Ал, қатар өскен бауырлар бірінің киімін бірі киіп, өзгелер сияқты балалық дәуреннің бақытын сезінбей өсіп келеді. Алайда, мұндай жағдайға не себеп? Бала тәрбиесіндегі маңызды рөл атқаратын кім? Оларды асырап бағушы кім? Әрине, әке. Бірақ, қайда? Жалғыз ананы балаларымен тастап, өзгенің етегінен ұстап кете барды... Бұл тек бір ғана мысал. Жаныңа батар балалардың көз жасы. Ал, шата бала ше? Анасы мен әкесі тірі тұра, тұл жетім болған сәби ше? Оны койшы. Тоғыз ай бойы тар құрсақта жатып, мына әлемді көруге асыққан, бірақ көре алмаған нәрестелер қаншама? Айналаға бір сәт үңіліп көрдіңіз бе? Күнделікті қауырт тіршіліктен қоғамдағы мәселелерден бейхабарсыз. Бәлкім?!

Әке қамқорлығы мен ана мейірімінен нәр алған баладан бақытты жан жоқ шығар-ау, сірә?! Алайда, бүгінгі қоғамдық сананың уланғаны ащы да болса шындық. Жетім-жесір, жауапсыз әке мен көкек ананың көбейіп келе жатқаны кімді де болса алаңдатары анық. Бұрындары бұл елде шаңырағын шайқалтпаған әке мен тағдырдың тауқіметіне мойымаған ана көп еді. Ал қазір ше?
Ауданымыздың өзінде өткен жылдың қорытындысы бойынша 214 жас отбасы некеге тұрса, оның 67-і ажырасып үлгерген екен. Мамандар пайымынша, ажырасудың басым бөлігі 40 жасқа дейін болады. Оның ішіндегі ең көбі  – 23-29 жас аралығындағы отбасылар. Үйлену көп әрине, бірақ ажырасу да аз емес. Екі жастың қиындыққа төзбей немесе жеңіл ойлауының салдарынан баланы тірі жетім еткенін ойламайды да. Әкесіз не анасыз өскен баланың тәрбиесі не болмақ?
Қазақта «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген жақсы тәмсіл бар. Әке – ол әр бір істі ойлап барып бастайтын, қамқоршы жан. Анадан гөрі қатал. Әсіресе ер баланың тәрбиесінде оның рөлі айрықша. Әкенің мінезі, өнері мен білімі – ұл баланың өнеге алатын нысанасы. «Сегіз қырлы, бір сырлы», намысшыл ер тәрбиелеу аталар арманы болған. «Әке көрген оқ жонар» деген сөз соны меңзейді. Ал, қыз бала – ертеңгі келін. Барған жерінде қандай тәрбие алғаны анасынан айшықталады. «Бала ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі» демекші отбасынан бастау алған тәрбие оның келешегі болмақ. Шаңыраққа ие отағасының бала-шаға деп, түздің тірлігін бірінші орынға қоятыны жасырын емес. Ал, үйдегі күй – отанасының мойнында. Қаталдықтың артында өжеттілік, қайраттың артында жігер жататынын кейбір азаматтарымыз ескере бермейді. Мұның соңы әскерден қашқан ездер мен жауапкершіліктен бой тасалаған сырғалы жігітсымақтардың қатарын көбейтеді. Өскелең ұрпақ толыққанды тәрбие алу үшін әке мен ана да бірдей ат салысуы қажет. Олай болмаған жағдайда ұл-қызға әке тәрбиесі жетіспей, келеңсіз жағдайлар да жиілейді. Әкесіз өскен ұл нәзік мінезді, анасыз өскен қыз ер мінезді болмайды ма?
Бұрындары әжеміз «тәйт, обал болады, ұят болады, жаман болады» деп ақылын айтатын. Кейде сөйлеп те қоятын. Бірде ауылға бір ғасырға жуық өмірді көрген, төсек тартып жатқан сол әжемді көруге бардым. Сағынышы басылған соң, өткен  өмірінің үзіндісін тілге тиек етті.
– Қайран өмір-ай десеңші. Ауқатты үйдің ерке қызы болдым. Еркекшора едім. Түйе болсын, жылқы болсын мойнынан ұстап алып мініп кете беретінмін. Ол кездің заңы солай ма, әлде адамы ма, бірнеше жас үлкен, мүлдем танымайтын азаматқа 16 жасымда тұрмысқа шықтым. Енем үйдің биі еді, жарықтық, жатқан жері жайлы болсын. Ұйқы жоқ, күлкі жоқ. Таң атқаннан түн болғанша сылпылдап сырттың жұмысы мен үйдің тірлігін қатар алып жүрдік. Онымен қоса емізулі бала бар. Шіркінді бесікте сол бөлегеннен үн жоқ, тым-тырыс жататынын айтсаңшы. Сыртта жүріп, жыласа екен емізіп отырып азда болса тынығар ем деп армандайтынмын. Ондаған сиыр мен қой, ешкіні сауып, күбі пісіп, нан жауып, самаурынға шәй қойып, оны бірнеше адамға беру бүгінгі келіннің түсіне де кірмейтін шығар, – деп бір күрсінді. Ауыртпалық көрген әжемнің көзінен моншақ тамшы сырғып түсті.
P.S
Иә, әрине. Алты аға бірігіп әке, жеті жеңге бірігіп ананың орнын баса алмас. Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды. Бірақ, болмашы нәрсе үшін баланың көзінше жанжалдасу әкенің де, ананың да беделін түсіріп, сенімін жоғалтады. Қандайда бір қиыншылық болмасын ер адамның рөлін төмендетпеген жөн. Себебі, бəйтеректей жанның орны қашанда асқар тау. Қара шаңырағының тірегі бола білген нағыз ер-азаматтар көбейгенде ғана келешегіміз кемел, болашағымыз баянды болмақ.
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
31 мамыр 2018 ж. 3 820 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 027

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031