Сөнбейді ана, сіз жаққан өмір шырағы
Сейсенбіде Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында «Аналарды ардақтайық!» жобасы аясында жоғары санатты ұстаз, еңбек және тыл ардагері, ардақты ана, асыл жар бола білген Ақбалыш Жалғасованы еске алу құрметіне орай «Ұстаз – Ана» тақырыбында облыстық жазба ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылды. Оған аудан тұрғындары, жырсүйер қауым, ардагерлер мен жастар және ұстаз анамен бірге қызмет еткен әріптестері, жақындары мен ұрпақтары қатысты.
Іс-шара алдымен аудан әкімі Жандос Еркінбек, Қармақшы ауданының құрметті азаматы Рзақұл Сәденұлының және аудан ардагерлері мен аналарының Жосалы кенті орталығындағы «Асыл ана» ескерткіші алдына гүл шоғын қою рәсімінен бастау алды.
Мұнан соң мәдени іс-шара сахна төрінде аудан әкімі Жандос Еркінбекұлының құттықтауымен жалғасын тапты.
– Құрметті жырсүйер қауым, жыр мүшәйрасына қатысушы ақындар! Бүгінгі «Аналарды ардақтайық!» жобасымен асыл ана, еңбек және тыл ардагері Ақбалыш Жалғасованы еске алуға арналып отырған облыстық ақындар мүшәйрасына қош келдіңіздер! Ұлағатты ұстаз – оқушыларға өмірі мен адал еңбегін, дарыны мен білімін арнаған озат мұғалім болды. Ол оқумен қатар оқушыларды өнерге, шығармашылыққа бейімдеп, түрлі үйірме ашып, әдеби шығармалардан сахналық қойылымдар дайындады. Сөйтіп жастарды актерлік шеберлікке, тәрбие мен білімдарлыққа, өмірден өз орындарын табуларына, адамгершілік қасиеттерге бағыттап отырды. Аналық мейірімділікке, ұстаздық мейірбандылыққа баулыды. Мектептегі жас мұғалімдердің талантын шыңдауға, олардың ұстаздық еңбегінде көптеген әдіс-тәсілді меңгеруге атсалысты. Қоғамдық жұмыстарға да етене араласты. Осындай керемет жан туралы айтылар ой да, жазылар жыр да таусылмақ емес. Бір қолымен бесік тербетіп, бір қолымен әлемді әлдилеген ардақты анамызға арналған жыр мүшәйрасы – жас ақындардың талантын ұштайтын үлкен өнер жарысы. Аяулы анамыздың өнегелі өмір жолын, абыройлы атқарған жарқын істерін жаһұт жырларымен өрнектейтін қатысушыларға ақ жол тілейміз, – деді ол жылы лебізін арнап.
Мүшәйраның мақсаты – 45 жыл өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнап, ұстаздардың ұстазына айналған А.Жалғасованың атқарған өнегелі өмірін өлеңмен өрнектеп, келелі істерін жас ұрпаққа дәріптеу. Атаананы қадірлеуді бала бойына сіңіру.
Жыр жарысы 2 кезең бойынша ұйымдастырылды. Бірінші кезеңде ұлағат иесіне өлең арналса, екіншісінде қасиетті Қармақшы топырағына жамбасы тиген ұлы қобыз атасы – Қорқыт бабаны жырға арқау ету. Мүшәйраға 14 пен 35 жас аралығындағы 18 үміткер қатысып, бақ сынасты.
Сайысқа қатысушылардың өнерін саралауда қазылар алқасына Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Берік Саймағанбетов төрағалық етсе, Қазақстан Журналистер одағының мүшелері Ғазиза Әбілда, Сәрсенкүл Райымбаева және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қуат Адис өз бағаларын берді.
Қазылар алқасы ақынның сөз тапқырлығы, өлең мағынасының тереңдігі, шумақ ұйқасының сәтті шығуы, тақырыптың ашылуы, әдеби сөз саптау шеберлігі, идеяның мазмұны мен қиял ұшқырлығын есепке алды.
Іс-шараның қорытындысында ІІІ орын қызылордалық Ақерке Балманова мен жалағаштық Ақбота Жәлиге бұйырса, ІІ орынды шиелілік Бекжан Ержігіт қанжығасына байлады. І орынға жаңақорғандық Дәулет Сұлтанғали лайықты деп танылса, бас жүлдені қармақшылық Диас Мустахимов жеңіп алды. Ал арнайы жүлде сырдариялық Ақтөре Ибрагимұлы мен қызылордалық Бексұлтан Санақұлға тапсырылды. Қалған барлық қатысушыға ынталандыру сыйлықтары табысталды. Жүлдегерлер мен басқа да бақ сынаушылар аудан әкімінің дипломы және алғыс хатымен марапатталса, мүшәйраның демеушісі – Нұртаевтар әулетінің қаржылай сыйлығына ие болды.
– Ақынға Жаратушымыз өмірге деген құлшыныс тудыратын ерекше қасиет берген. Алла тағала Ислам дінін көркем мінезге теңеген. Соған сай Пайғамбар жіберген. Адамдарға үлгі болсын деп мінезін көркем қылып жаратқан. Сол көркем мінездің алғашқы сипатының бірі – әлемді уыздай ұйытып отырған мейірімділік. Мейірімділікті әлбетте анадан іздейміз. Сол себепті де ауданда ананың құрметіне арналған елдің ортасында ұйысқан мейірімділік орнасын деген тілекпен ескерткіш қойылды. Анамыз өмір бақи қатардағы мұғалім болып істеді. Елмен араласты. Ұстаздың, ананың орны ел үшін айрықша екенін білеміз. Сол үшін де ананы ұлықтау, ұстазды ұлықтау деген жақсы бір бастама болсын деп осы іс-шараны бастап кеттік. Жылдан-жылға нәтижесін беріп жатыр. Аймағымыздың шет-шетінен жиналған ақындарымыз өлең шумақтарын оқып, жырсүйер ортаның қошеметіне бөленуде. Біз де ризамыз, мың да бір алғыс айтамыз. Қадамдарына нұр жаусын. Қазылар алқасы әділ шешімін шығарып жатыр. Исламның ғұламалары айтқан екен, «бізге Құран кітабы түспегенде «Аср» сүресі жетер ме еді» деп. Сүренің ерекшелігі осы төрт қасиет кімнің бойында бар, Алла тағала сол адамды екі дүниеде де абыройлы қыламын деген. Ол – біріншіден, иманы бар адам, екіншіден, ізгі істер атқарып жүрген адам, үшіншіден, ақиқатты, шындықты насихаттап жүрген адам, төртіншісі – сабырлық қылған адам. Осы қасиеттердің барлығы әкешешеміздің бойында бар болатын. Қалжан ахун айтқан екен, «Қазақтың баласының екі мектебі бар. Сол екі мектепті бітірген қазақтың баласы жаман болмайды деп. Сондағы екі мектебіміз – әке мен ананың мектебі. Сол мектептер мықты жұмыс істесе, болашағымыз зор болмақ. Ұстаздарға да ықыласымыз шексіз. Баршаңызға көп рақмет. Өсіп-өніңіздер, ұрпақтарыңызбен мың жасаңыздар, – деді Нұртаевтар әулетінің атынан сөз сөйлеген Рзақұл Сәденұлы алғысын жеткізіп.
Жыр мүшәйрасынан соң «Қармақшы» мейрамханасында Ақбалыш ананың рухына арналып ас беріліп, Құран бағышталды.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА