» » » Жазба ақындар мүшәйрасы

Жазба ақындар мүшәйрасы

Көктемнің керемет мерекесі қарсаңында Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде «Аналарды ардақтайық» жобасы аясында жоғары дәрежелі ұстаз, тыл ардагері, 45 жыл өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаздардың анасы, ардақты ана Ақбалыш Жалғасованы еске алуға арналған «Ұстаз – Ана» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өтті. Оның атқарған келелі істерін өлеңмен өрнектей отырып, ата-ананы қадірлеуді жас ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан жыр додасы ардақты ұстазға арналған бейнероликпен басталды. Онда өмірі өнегеге толы жанның ғұмырнамасы баяндалды.
Ақбалыш Жалғасова 1930 жылы Қармақшы ауданы, Қосарық ауылы, Ворошилов кеңшарында дүниеге келген. 1949 жылы Ворошилов мектебінде мұғалім болып, еңбек жолын бастаған. Н.Гоголь атындағы жоғары оқу орнының қазақ тілі мен әдебиеті ма­ман­дығын бітірген. Кейіннен Тұр­мағамбет, Ақжар, Жаңақала ауылдарында мұғалімдік қызмет атқарған. Тәжірибелі ұстаз, озат мұғалім атанған ол еңбек жолының соңғы он жылында №183 Ү.Томанов атындағы орта мектепте қызмет етіп, құрметті еңбек демалысына шыққан. Ал тылда атқарған еңбегі бір төбе. Ол жары Сәден Нұртайұлымен 5 перзент өсіріп, тәрбиелеген мерейлі отбасының отанасы.
Аталған сайыста бақ сынау үшін облысқа қарасты аудандардан және Қызылорда қаласынан 19 жазба ақын арнайы келген. Сүбелі сөзден жыр терген ақындарға жыршы, ҚР мәдениет қайраткері Берік Саймағамбетов, ақын, ұстаз Зарипа Тасымова, ҚР мәдениет саласының үздігі Арнұр Көшеней, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Қуат Адис, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Назгүл Бердіқожа төрелік етті.
Ал мүшәйраның алғы сөзі аудан әкімінің орынбасарына берілді. Ол ардақты ұстаздың өмір жолына тоқтала келе, ақындарға жылы лебізін білдірді.
– Ақбалыш Жалғасова – ұстаз-ана. Оқушыларға білім берумен қатар, оларды шығармашылыққа баулып, түрлі үйірме ашып, актерлық шеберлікке баулып, жас таланттарды шыңдаған. Осындай керемет жан туралы айтылар ой да, жазылар жыр да таусылмақ емес. Бір қолымен бесікті, бір қолымен елді әлдилеген ардақты Ақбалыш анамызға арналған жыр мүшәйрасы жас таланттарды шыңдайтын үлкен сайыс. Оның өнегелі өмірін жырға тізгелі отырған ақындарға сәттілік тілеймін, – деді аудан әкімінің орынбасары Жандос Еркінбекұлы.
Жыр додасы екі кезеңнен тұрды. Біріншісі – Ақбалыш апаға арнау болса, екіншісі – Қармақшы еліне арналған өлең оқу. Бақ сынауға келген ақындар кезекпен дайындап әкелген өлеңдерін оқып, жиналған көпшілікті жырмен сусындатты. Көңілден шыққан жыр шумақтарына халық та қошеметін аямады. Қатысушылардың өлеңдері тыңдалып болған соң, мүшәйра қорытындысы жарияланды.
– Бүгін бір жақсы күн болды. Жақсы күн дейтін себебіміз бар. Біз бәріміз анадан жаралғанбыз. Сондықтан да «Аналарды ардақтайық» жобасы аясында өтіп жатқан іс-шараның барлығы аналарға арналған. Бүгінгі додаға жиырмаға жуық ақын қатысты. Әр ақын өзінің жазу стилі қалыптасқан, елдің арасында аудан, облыс атын дәріптеп жүрген жандар. Ақынға қазылық жасау өте қиын. Себебі біздің қазақ сөздік қоры жөнінен жер бетінде ІІІ орын алады. Біздің сөздік қорымызда 650 мың сөз бар. Осы сөздің барлығын жұртқа паш етіп, сөз астарын, сөз сырын елге паш ететін осы ақындар. Сөздің мәнісін келтіріп, жырға қосатын ақындардың арасынан үздігін анықтау мыстың арасынан алтынды іздеп тапқандай қиын. Сөз байланысы мен сөздің құрылысы, берілу формасы жөнінде ақылдаса отырып әділ шештік қой деп ойлаймын, – деді қазылар алқасының төрағасы Берік Саймағамбетов.
Сайыс нәтижесінде қазылар алқасының шешімі бойынша Бас жүлдеге қызылордалық Мөлдір Айтбай лайық деп танылса, І орын қазалылық Ақжол Түменбайға бұйырды. ІІ орынды жалағаштық Жасұлан Серік иеленсе, ІІІ орынды қармақшылық Орынбек Құндыбеков пен Гүлжанат Қадырбекова қанжығасына байлады. Өзге қатысушыларға алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ,
Ерсін СӘДУҰЛЫ (сурет)
12 наурыз 2022 ж. 1 207 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031