» » Аналарды ардақтайық

Аналарды ардақтайық

Қара жерді тең басып жүрген әрбір перзент анаға ерекше құрмет жасауды парызым деп түсінеді. Осы мақсатта Мемлекет және қоғам қайраткері Рзақұл Нұртаевтың бастамасымен «Аналарды ардақтайық» жобасы аудан көлемінде іске асырылып келеді. Бұл жобаның жас ұрпаққа берері мол. Ұлттық тәрбие сіңген ұрпағымыздан күтерімізде кем болмасы анық. Жақында Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және «Аналарды ардақтайық» жобасы аясында ұлағатты ұстаз, тыл ардагері Ақбалыш Жалғасованы еске алуға арналған «Ұстаз-Ана» атты онлайн форматта облыстық жазба ақындар мүшәйрасы және «Анаға сәлем» атты бейне роликтердің аудандық байқауы өтті.
Ақбалыш Жалғасқызы 1930 жылы Қармақшы ауданы, Қосарық ауылы, Ворошилов ұжшарында дүниеге келген. 1938 жылы Жосалы кентіндегі қазіргі №26 Ш.Уәлиханов атындағы мектепке бірінші сыныпқа оқуға барып, оны 1948 жылы үздік бітірген. Ақбалыш анамыз алғашқы еңбек жолын 1949 жылы Ворошилов мектебінде мұғалімдік қызметтен бастаған. 1948 жылы Н.Гоголь атындағы (қазіргі Қорқыт ата атындағы) педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түсіп, 1955 жылы "қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі" мамандығын алған. 1949 жылдан бас­тап Тұрмағамбет, Ақжар, Жаңақала ауылдық округтеріндегі орта мектептерде ұстаздық қызметті адал атқарып, Ұлы Отан соғысы жылдарынан кейін елдегі азаматтарды жаппай сауаттандыру, хат таныту жұмыстарына белсене араласқан. Ол жылдары сыныптағы оқушылардың жас ерекшеліктері әртүрлі болатын. Осындай қиыншылықтарға қарамастан, өзінің мамандығын сүйіп, еліне адал қызмет еткен Ұстаз-Ана оқумен бірге оқушыларды өнерге, шығармашылыққа баулып, үйірмелер ашып, әдеби шығармалардан сахналық қойылымдар дайындауға, яғни оқушыларды бейіміне қарай өнердің түрлі жанрына баулыған. Бұл шығармашылық жұмыстарға оқушыларды ғана емес, мектептің жас мұғалімдерін де қатыстырып, таланттарын шыңдауға атсалысқан. Еңбек жолының соңғы он жылында Ү.Томанов атындағы №183 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиет пәнінің озат мұғалімі болып қызмет етіп, құрметті еңбек демалысына шыққан І санатты тәжірибелі ұстаз болды. Ақбалыш Жалғасқызының жұбайы, өмірдегі серігі белгілі ұстаз, тарихшы, зерттеуші – Сәден Нұртайұлы. Ол «Ислам және Марал баба», «Дін кереметі», «Имандылық иірімдері» және «Кең даланың ұлылығы» атты кітаптардың авторы, «Оқу ісінің үздігі», облыстық дәрежедегі зейнеткер, Қармақшы ауданының құрметті ақсақалы болды. Жұбайлық өмірінде 52 жыл, яғни жарты ғасырдан астам уақыт тату-тәтті өмір сүрген Ақбалыш анамыз Сәден Нұртайұлының «Имандылық иірімдері» кітабындағы «Қас қағым сәт» атты өз естелігінде: «Сәкеңнің сөзі ұлағатты, ойы таза, жүріс-тұрысы ілтипатты, жасаған ісі қайырымды яғни бір сөзбен айтқанда мәдениетті кісі болатын» деп адал жарына деген шынайы да кіршіксіз таза ризашылық пікірін білдірген еді. Екеуінің отбасында 5 бала тәрбиеленіп, бақытты ата-ана, мерейлі де мәуелі отбасы иесі бола білді. Асыл ана 2017 жылы дүниеден озды. Дүниедегі ең ардақты, абзал жан Анаға қандай ескерткіш, ән менен жыр, поэма мен дастан арналса да артық емес. Тағылымды тарихта есімдері алтын әріппен жазылған Тұмар ханым, Қарашаш, Айғаным ханша, Домалақ ана, қыз Дана мен Бопай, қазаққа Абайдай алыпты тәрбиелеп берген Зередей аналарымыздың өнегесін өн бойына жинаған Қорқыт баба мәңгілік мекен тапқан қасиетті елде де асыл аналар жетерлік. Осындай аналарымыздың бірі тыл ардагері, 45 жыл өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаздардың анасына айналған Ақбалыш Жалғасованың атқарған абыройлы да өнегелі өмірін өлеңмен өрнектей отырып, келелі істерін ұрпаққа дәріптеу, екі байқаудың да мақсаты болатын. Оған 24 талапкер қатысып, бақтарын сынады. Тағы бір талапкер мүшәйрадан тыс ұстаз анаға арнау жырын ұсынды. Мүшәйраға қазылық еткен белгілі жыршы, ҚР мәдениет қайраткері Берік Саймағанбетов, белгілі ақындар Қуат Адис, Зарипа Тасымова, Ғазиза Әбілдалар ұсынылған шығармалардың барлығын жіті саралап, құрылымдық, мағыналық, поэзиялық тұрғыдан әділ бағаларын беріп, оң шешім қабылдады. Алдағы уақыттарда ұлттық дәстүрімізді дәріптейтін мұндай жобалар көптеп жүзеге асып, Ел Президенті Қ.Тоқаев айтқан «Ұлттық болмысты қайтаруға» қарқынды жұмыс жүргізіле береді. Анаға құрмет – елге, жерге, Отан сүйгіштікке жасалатын асыл парыздың бас­тамасы болып қала береді.
Арнұр КӨШЕНЕЙ,
Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінің директоры
13 сәуір 2021 ж. 720 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031