Сүт сатудан басталған бизнес
qarmaqshy-tany.kz АДАМНЫҢ ОЙЛАҒАНЫ БОЛА БЕРЕ МЕ? АҚТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ТУМАСЫ ГҮЛШАРА ТАЛАСҚЫЗЫ ҰСТАЗ БОЛУДЫ ҚАЛАҒАН. ОҒАН МЕКТЕПТЕГІ ҮЛГЕРІМІ ДЕ САЙ КЕЛЕТІН. ӨЗІНЕ САБАҚ БЕРГЕН МҰҒАЛІМДЕРІНЕ ЕЛІКТЕП ӨСКЕН ЖАС ҚЫЗ ҚАЛАДАҒЫ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ИНСТИТУТҚА ЕМТИХАН ТАПСЫРЫП КӨРГЕН, ӨКІНІШКЕ ҚАРАЙ АРМАНДАҒАН ТІЛ, ӘДЕБИЕТ ФАКУЛЬТЕТІНЕ ТҮСЕ АЛМАЙ, СҮРІНДІ. СОНАУ АУЫЛДАН ТЫС ШАЛҒАЙДА МАЛ БАҒЫП ОТЫРҒАН АТА-АНАСЫНЫҢ БҰЛ ЖАНЫНА БАТПАДЫ ЕМЕС, БАТТЫ, ӘРИНЕ. ДЕСЕ ДЕ, БАЛА КҮНІНЕН ҚЫЗЫНЫҢ ҚАЙСАР МІНЕЗІН БІЛЕТІН ОЛАР КІШІ ОҚУҒА ҚҰЖАТ ТАПСЫРҒАНЫНДА ДА БАТАСЫН БЕРІП, ШЫҒАРЫП САЛҒАН-ДЫ.
Ол Қызылордадағы коопертивтік училищесі болатын. Оны бітірісімен жұмысқа араласты. Оқудың артығы болмас деп, Ресейдің Свердловск қаласынан «Бухгалтерлік есеп» мамандығы бойынша тағы да білімін жетілдірді. Ауыл мектебінде есепші, кассир болып еңбек етті. Әрі қарайғы наны сауда саласынан бұйырған екен. Дүкенде істеді. Сол аралықтарда бойжеткен болашақ жарын кездестіріп, тұрмыс құрды. Бір әулеттің инабатты келіні атанды. Балалышағалы болды. Сөйтіп жүргенде Одақ ыдырап, тоқырау басталады.
Ол кездің қандай болғанын қазіргі жас ұрпақ білмесе де, аға буын жақсы біледі. Жетпеушілік, талонмен азық-түлік алу, бұлыңғыр болашақ халық тұрмысына әсер етпей қоймады. «Мемлекет асырайды» деген түсінікпен 70 жыл өмір сүрген халыққа оң-солын бағдарлау екіталай еді. Бүгінде кәсібін дөңгелетіп, жолға қойған Гүлшара Таласқызы бұл жөнінде сол кезеңдерде сауданы қалай бастағанын былайша әңгімелейді.
– 1995 жылдан бастап 7-8 жыл мектептің бір бөлмесін жалға алып, оқу құралдарын, тәттілер сатумен айналыстым. Алдымызда не күтіп тұр, келешегіміз қалай болады, деген сұрақтар көкейімізде тұрды. Мектепте істеп жүргенімде жеке шыққым келіп, неден бастасам екен деп біраз ойландым. Алдымен еске түскені, үйімнің орталықта орналасқаны. Ақырында төрт жолдың торабынан сүт сатсам да жаман болмаспын деп шештім. Аудан орталығына ауылдан 2 мезгіл автобус қатынайды. Ағарғанмен жұмыс істеудегі бірінші саудам сол автобустың біріне 4 кола сүт салудан басталды. Екінші күні 5, үшінші күні 7 кола салып, бірте-бірте көбейтіп, 100 құтыға жеткіздім. Халықтың тұрмыс деңгейі төмен, ақша да ұсына бермейді. Сондықтан бір малдың сүтін бір күні май, бір күні шай, бір күні қант қылады. Сүт құйып жіберетін бос құтының (баклажканың) өзін табу әлдеқандай. Сүт құйып жіберген құтыларды сол жақтағы сүт сатушылар кері қайтарып, көліктерге қайта салады. Оның біреуіне сатылған сүттің ақшасын шүберекке түйіп жібереді. Бір мың, екі мың теңгені құрайды. Ол көп ақша саналатын. Кейде сүттің өтпей қалатын да кезі болады. Арасында өзім барып сатамын, өткіземін. Сауданың аты – сауда. Ондайда ағарғанымды алып, Байқоңырға қарай кетемін. Ол жақтан өткізіп, ауылға қайтамын. Осылай да жұмыс істеп жүрдік. Соның нәтижесі берекелі кәсіпке ұласты. Сүтпен адал жұмыс істедім. Ашып кететіні болады. Ұйып қалады. Жаз, қыс бар демекші. Соның бәрін түнімен ұйықтамай, пісіп айран болмаса ірітіп құрт қылып, ұқсатып, ретін таптым. 2006 жылы жолдасым Жұмабек Берманұлы вахталық жұмыстан қайтып келе жатқанында жол апатынан қайтыс болды. Онда кенжеміз енді ғана бір жастан үш ай асқан болатын. Арқасүйер азаматымнан айырылу – көз-жасқа ерік берумен қатар, ойымда қалай да әкесіз қалған балаларымды аман-есен жеткізіп, азамат қатарына қосуым керек деген мақсат тұрды, – дейді ол кәсібінің қыр-сырымен бөлісіп.
Осындайда мына тәмсіл еске түседі. Хазіреті Омар заманында сүтке су қосып сатпау жөнінде жарлық шығады. Бірде халифа ел аралап жүргенде бір үйдің маңынан өтіп бара жатып анасы мен қызының сөзін құлағы шалып қалады. Сонда анасы қызына ертеңгі сатылатын сүтке көбірек су құюды айтып жатады. Оған наразы болған қызы анасына халифаның бұған сәйкес жарлығы барын есіне салады. Қызының сөзін қаперге алғысы келмеген анасы: «Ой, тәйірі, сол Омар халифа сені көріп тұр деймісің?» дейді. Сол кезде қызы: «Омар халифа көрмесе де Алла көріп тұр ғой, анашым» деп жауап берген екен. Мұнан шығатын қорытынды – саудадағы адалдық ол қашан да адамды айналасына қадірлі, сыйлы етсе, бақ-берекені қоса дарытатыны.
– Ағарғанмен таза жұмыс істедім. Жұрт су құятын болса, мен құйтырқылық жасамай, адалынан жұмыс істегеннен, бәлки өзімнің де бағым шығар, әйтеуір 5 теңгеден құралған кәсібімді дамытып, шағын дүкен етіп аштым. Оны аралас сауда дүкені етіп үлкейттік. Одан тұрмысқа қажеттінің бәрін табуға болады. Мұнан соң тағы да басқа жерден дүкен салдық. Бір күні нан көметін наубайханамыз болды. Бір күні шағын кафе де ұйымдастырдық. Бүгінде отбасыға жететін жағдайымыз бар. Қызым Ақбота Жезқазғанда тұрады, тұрмыста. Балам Достық қолымда. 4 немеренің әжесімін. Келін жұмсап отырған енемін. Кенже балам Досымжан Қорқыт ата атындағы университеттің студенті. Грантта оқып жатыр. Оған да осы кәсіптің арқасында қаладан үш бөлмелі үй алдық. Адал еңбекпен осындай жоғары дәрежеге жеттім. Қазақ әйелі мықты деп айтып жатады. Балаларымның әкесі өмірден өткенде 40 жаста екенмін. Содан бері тынымсыз еңбекпен отбасының тұрмысын тіктеп, жағдайын жасап келемін, – дейді адалдықты өміріне де, кәсібіне де мұрат еткен ана.
Кәсіпкер шот қағудың шебері. Жергілікті тұрғындармен қатар сырттан келетін қонақтар, шетелдіктер де оның бұл шеберлігіне тәнті. Әпкеміздің бұл қабілетін талай жан объективке шырт еткізіп, арнайы фотоға түсіруге келетіндер көп көрінеді. Ол ауыл арасында қайырымдылық жасаудан кенде емес. Қолы ашық азаматшаның жасап жүрген қайырымының ел бірін білсе, бірін біле бермейді. «Бастысы, қарт кісі болсын, бала болсын қуанту. Қолымнан келсе, жақсылық жасауды, сыйлық бергенді ұнатамын. Адамның арасын жалғайтын игі қадам жақсы көңіл күй де орнатады» дейді ол бізді жолға шығарып салып тұрып.
Сәрсенкүл АҚКІСІ