» » Бақытын ұстаздықтан тапқан

Бақытын ұстаздықтан тапқан

qarmaqshy-tany.kz Қыз баланы қазақ атамыз төріне шығарып, төресіндей сыйлаған. Соған сай, ол да бауырына жанашыр, отбасына қамқор болып келген. Текті отбасында өмірге келген Зинеп те ата-анасына қолқанат боп бой жетті. Сабағын беске оқыды. Қатарына қарағанда зерек те алымды болып өсті. Қағілез мінезімен үйдегілердің көңілін аулап, мектептегі қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысатын. Мәдени шаралардың ортасынан табылатын қаршадай қызға қызықпайтындар кемде-кем болатын. Оның осы көпшіл де мейірімді болмысы өсе келе білім саласына жетелеп, ұстаз деген ұлағатты мамандықтың иесі етті.

Зинеп Қаражанқызы педагогикада қырық жылға жуық қызмет еткен білікті ұстаз. Жүздеген шәкірттің жүрегіне білім шырағын жаққан бала бағбанының қол жеткен табысы да аз емес. "Менің бақытым, жетістігім – қанаттандырып ұшырған оқушыларымның өмірден ойып орындарын алғаны" дейді ол бір сөзінде. Шынымен де, оның кейбір шәкірті ұстаз жолын ту етіп, мұғалімдікті таңдаса, кейбірі еліміздің әр түкпірінде абыройлы еңбек етіп жүрген өз ісінің шеберлері.
Ұлағатты жанның білім саласындағы еңбек жолына тоқталар болсақ, ол 1953 жылы Жосалы кентінде дүниеге келген. 1960 жылы кенттегі Калинин атындағы No105 мектептің 1 сыныбына қабылданып, бастауышты үздік бағаға бітіреді. 1965 жылы сол уақытта жаңадан салынған No183 мектеп аумағындағы төрт көшенің балалары осы оқу ордасына ауыстырылып, білімдерін жалғастырады. Сөйтіп, 1968 жылы 8-ші сыныпты үздікке тәмамдаған жасөрім Қызылордадағы М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесіне оқуға түседі. Ауыл қызының қаладағы студенттік өмірі де қарбалас күндерге толы болды. Әуеліде қоғамдық жұмыстарға белсене қатысса, кейіндеу училищеде құрылған оркестр құрамында жүріп талай мәрте сахнада өнер көрсетеді. Топта кәсіподақ ұйымының ұйымдастырушысы болса, түрлі іс-шарада студент жастардың басын қосып, көптеген игі істерге атсалысады. Педагогикалық училищені ойдағыдай бітірген жас маман 1972- 1974 жылдары шалғайда жатқан Қуаңдария кеңшарында бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Орта кәсіби мамандықты әрі қарай да толықтыра түсуді мақсат еткен ол қаладағы Н.Гоголь атындағы институттың "Математика" факультетіне оқуға түсіп, математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шығады.
Ер адам үшін де, әйел баласы үшін де өмірдің заңдылығы – отбасын құру. Кейіпкеріміз де 1974 жылы Бектеміс атты жігітпен танысып, жанұя құрады. Берекелі шаңырақта үйелмелі-сүйелмелі ұл-қыздары дүниеге келіп, ата-ананың мерейін өсіреді. 1975 жылы аудан орталығына қоныс аударғанда алғашында No105 орта мектепте 1992 жылға дейін ұстаздық етсе, осы жылы О.Шораяқұлы атындағы No30 орта мектепте мұғалімдік қызметін жалғастырады. Мұнда 2011 жылға, яғни зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін абыройлы еңбек етті. Ол қырық жылға жуық еңбек тәжірибесінде қаншама шәкірт тәрбиелеп, түлетіп ұшырды. "Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы" дегендей, мұғалімін өнеге тұтқан М.Тұрғанова, Ж.Әбділова, Н.Ермекбаева, М.Мырзабаева, Қ.Тұрымтаев, И.Тәжімаханова, С.Кенебаева, Э.Тиыштыбаева сынды оқушылары бүгінде білім саласының білікті мамандары. Ұзақ жылғы еңбегінде Зинеп Рысмамбетова он бастауыш сыныбын шығарып салыпты.
Апайдың салаға сіңірген еңбегі елеусіз қалмады. Ол республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі көптеген марапаттың иесі атанды. 1999 жылы Қазақстан Республикасының «Үздік мұғалімі» төсбелгісін омырауына тақты. Жоғары білімді, жоғары санатты ұстаз ретінде құрметпен зейнеткерлік демалысына шықты. Дегенмен, зейнетте екенмін деп қол қусырып отырған апайымыз жоқ. Мектепте өтетін іс-шараларға қатысып, жастарға ақыл-кеңесін беріп жүр. Ағайын-туыстың да ұйытқысы. Асыл әже отбасында немерелерінің біруақ сабағын қадағалап, олардың үздікке оқуына септігін тигізуде.
– Білім – қиындығы мен қуанышы қатар жүретін сала. Бала болашағын айқындайтын салада шәкірттеріміздің тәрбиесі мен білімі сарапқа түседі. Сол себепті ұстаздар қауымына зор жауапкершілік жүктелген. Зинеп Қаражанқызының да мектебімізге сіңірген еңбегі өлшеусіз. Ардагер ұстаз ретінде мектеппен әркез байланыста. Аға буынның өнегесі жастарға әрдайым үлгі, – дейді О.Шораяқұлы атындағы No30 орта мектептің директоры Бауыржан Дүйсенбаев.
С.АҚКІСІ
11 ақпан 2023 ж. 579 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 022

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031