Ұлағат иесі
МҰҒАЛІМ БОЛУ – ӘРКІМНІҢ ҚОЛЫНАН КЕЛЕДІ. АЛ, НАҒЫЗ ҰСТАЗ БОЛУ ҮШІН КӨП ЕҢБЕК ПЕН ТЕР ТӨГУ ҚАЖЕТ. БҮГІНГІ МАҚАЛА 35 ЖЫЛДАН АСА САНАЛЫ ҒҰМЫРЫН ҰСТАЗДЫҚ ЖОЛҒА АРНАП, БІЛІМ САЛАСЫНДА ЕЛЕУЛІ ҚЫЗМЕТ ЕТКЕН НАҒЫЗ ҰСТАЗДЫҢ БІРІ – КЕНЖЕГҮЛ ДАУЖАНҚЫЗЫ ТУРАЛЫ БОЛМАҚ.
Ұлағат иесі 1958 жылы ауданға қарасты Сарытоғай ауылында теміржолшылар әулетінде дүниеге келген. Төретам кентіндегі №417 орта мектепті бітіріп, Н.Гоголь атындағы педагогикалық оқу орнының қазақ филологиясы бөлімінде білімін жетілдірген. 1980-1890 жылдар аралығында бастауыш сыныпта, 1990 жылдан бастап қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ұстаздық еткен ол 2016 жылы Жанқожа батыр атындағы №269 мектептің алғашқы зейнеткері ретінде зейнетке шыққан. Ардагер ұстаз еңбегінің зейнетін көріп, 2017 жылы мұсылмандық парызын өтеу үшін Меккеге барып келген.
Білікті ұстаздың облыстық, аудандық білім жүйесіндегі жас ұрпақты оқытып, білім беру мен тәрбие үрдісін ұйымдастырудағы және жетілдірудегі шығармашылық еңбектері еш кетпеген. Ол түрлі дәрежедегі мақтау қағаздары мен құрмет грамоталарымен, «Ұстаз ұлағаты», «Ардагер ұстаз», «Ерен еңбегі үшін» төсбелгілерімен, облыс, аудан әкімдерінің, Байқоңырдағы президент өкілінің алғыс хаты мен құрмет грамоталарымен марапатталған. «Бесік тербеген әйел» тақырыбындағы облыстық шығармашыл әйелдер байқауының жеңімпазы атанған ол ұстаздығымен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласқан. Сондай-ақ, ардагер ұстаз Төретам кентіндегі №80 мектептің 70 жылдық тарихына арналған үлкен кеш өткізуге мұрындық болып, осы мектеп туралы «Тарихы терең, ақылы кемел мектебім» тақырыбында кітап шығаруға ықпал еткен. Кейіпкеріміз мұнан бөлек бірнеше кітаптың авторы. Ол «Ұстаздардың ұстазы» атты еңбегінде мектеп шежіресі мен ардагер ұстаздар жайлы мәліметтер берсе, «Құтты мекен – мектебім» атты кітабында қазіргі мектеп өмірі мен онда қызмет етіп жүрген үлгілі ұстаздар жайында жазады. Ал «Талаптың мініп тұлпарын» атты кітабында шәкірттері туралы баяндайды.
– Ұстаз деген сөзді, ұстаз деген мамандықты мен ең қадірлі де қасиетті кәсіп деп есептеймін. Себебі, ұстаз шәкіртін адалдыққа баулып, өмірлік азық боларлық пайдалы білім мен жанына ізгіліктің нәрін себеді. Жақсы мен жаманды үйретіп, адамгершілік қасиеттерді сіңіреді. Ең жақын жанашыры әрі ақылшысы, досы әрі сырласы бола біледі. Бір сөзбен айтқанда, ұстаз – бүгінгі қоғамды алға сүйрейтін озық ойлы адамның тәрбиешісі, өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялаушы жан. Ұстаз да өз кезегінде осы міндетті жан жүрегімен сезініп, қоғам жанашыры болуға ұмтылуы керек. Осы орайда «Ұстаз қандай болу керек?» деген сұрақтың жауабын қазақтың данышпан, дана ақыны Абай атамыздың шығармаларынан табамыз. Ұстаз – «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» иесі. Ыстық қайратымен бар білген білімін оқушы бойына сіңіретін, нұрлы ақылымен өміріне жарық сәуле шашатын, жылы жүрегімен баланың жан-дүниесін баурай білген ұстаз ғана баланы тұлға ретінде қалыптастырады. Жаңа ғасырда мұғалімінің бойында сергектік, байқағыштық, сезімталдық, әділдік, байсалдылық, ұстамдылық, сабырлылық сияқты қасиеттер тоғыса келе, мейірімділік атты ұлы ұғыммен ұштасып жатса ғана ұстаз еңбегі өз мәресіне жетіп «Ұлы ұстаз» деген ардақты атаудың шын иегері болады, – дейді ардагер ұстаз.
«Ұстазсыз шәкірт тұл» дегендей, Кенжегүл апайдың да шәкірттері бүгінде сан-салада қызмет жасап, еліміздің гүлденуіне тер төгуде. Сондықтан ардагер ұстазды білімі мен біліктілігін шыңдау жолында игілікті істер қалдырған ұлағатты ұстаздар қатарына жатқызуымызға толық негіз бар. Өнегелі ғұмырында қаншама шәкіртті білім нәрімен сусындатып, бойларына ізгілік дарыта білген Кенжегүл Мангушева – шәкірттерінің білімге деген сүйіспеншіліктерін оята білген жан.
«Дүниеде көп адамды бақытқа кеңелткен адам – бақытты» деген ұлағатты сөз бар. Қаншама шәкірттердің қолына бақыт, білім кілтін ұстатқан ұстаз Кенжегүл Даужанқызы – бақытты жан, ардақты ана, аяулы әже. Ұрпағымен жайқалып отырған ардагер-ұстазға денсаулық тілеп, әлі де қоғамға пайдасын тигізіп, ұрпақтарға үлгі бола берсін деген ниетіміз бар.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ