Болсайшы ұстаздардың бәрі осындай...
Қазақ мектебінің болашағы туралы М.Жұмабаев «Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты» деп айтып кеткендей, елдің тарихи, мәдени, рухани болмысын дамытуда, ұлттық мектепті қалыптастыруда ұстаздың еңбегі зор. Әрбір ұлы тұлғаның өзі ұстаз алдында бас иеді. Саналы ғұмырын мұғалімдікке арнап, өмірін бала тәрбиесімен тығыз байланыстырған ұстаздар жетерлік. Олар үшін шәкірттің жеңісі – өз бақытымен пара-пар. Оқушыларын біліммен сусындатып, олардың биік белесті бағындыруына сеп болып жүрген ұстаздың бірі – Жанат Ешниязова.
Ол ауданға қарасты Дүр Оңғар ауылында туып-өсіп, №107 мектепте оқиды. Әрі қарай Қызылордадағы №1 мектеп-интернатта сабағын жалғастырған. Онан соң, Н.Гоголь атындағы педагогика институтында «биология және химия» мамандығы бойынша жоғары білім алады. Алғашқы еңбек жолы туған өлкедегі орта мектептен басталса, 2005-2009 жылдары аудан орталығындағы О.Шораяқұлы атындағы №30 мектепте ұстаздық етеді. Білікті ұстаз 2009 жылдан бүгінге дейін Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейде «биология және химия» пәндерінен сабақ береді. 30 жылдық тәжірибесі бар, жоғары санатты «педагог-зерттеуші». Бұл уақыт аралығында ұстаз алдынан қанша шәкірт түлеп ұшып, үлкен өмірге қанат қақты. Оларға бағыт-бағдар беріп, үлгі болудың өзі – ұстаздықтың бір қыры.
– Мұхтар Шаханов «Әрбір бала – күйсандық. Ол күйсандықтың кілтін тапқан ғана аша алады» дегені бар. Бала жүрегіне жол тауып, оның қажеттілігіне орай білім беруге тырысамын. Тұлғалық қабілетін ашып, шығармашылығын шыңдап, таланты болса ұштап, ел ертеңін ойлайтын, сауатты, білімді азамат қалыптастыру – әр ұстаздың парызы. Десе де, баламен жұмыс істеу үшін тек теориялық тұрғыда мықты болу ғана емес, әдістемелік тұрғыда да жақсы қарулану қажет. Баланың оянбай жатқан тылсым нүктелерін тауып, біріге жұмыс істеуге, пәнге деген қызығушылығын арттыруға өмірден мысалдар келтіріп, өнеге етемін. Себебі білім – мәңгілік азық. Ал кемел білім жолында баланың дамуына мүмкіндік жасау – ұстаздың қолында, –дейді Жанат Зейнуллақызы.
Өз ісін ерекше махаббатпен, шын ниетімен адал атқаратын ұстаздың осы уақытқа дейінгі жеткен жетістігі мол. Ол аудандық, облыстық білім бөлімінен бөлек, 2016 жылдан бері осы жылға дейін Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің, 2017 жылы Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің алғысын арқалап жүрген ардақты ұстаз. Сондай-ақ, 2018 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің, облыстық «Сыр дарыны» білімділер академиясында мектеп бітіруші түлектерді жоғары деңгейде дайындағаны үшін арнайы алғыс хатпен марапатталған. Ал биыл облыстық білім басқармасы мен білім қызметкерлері кәсіподағының құрмет грамотасына лайық деп танылған. Бұл құрметтің барлығы сан жылғы тынымсыз еңбектің нәтижесі болса керек. Жетістігі мол ұстаздың бір сыры – жаңалықты жатсынбай қабылдап, заман көшіне ілесіп отырғандығынан да болар. Өйткені Жанат Зейнуллақызы білім беру үнемі жаңашылдықты талап ететінін алға тартты.
– Мұғалім болу – кәсіп қуу емес. Ол – тәңірден берілетін сый, кез келгенге бұйырмайтын сыбаға. Бұл мамандық үлкен жауапкершілікті талап етеді. Жаңа ғасырдың жаңашыл, жеке тұлғасын қалыптастыруда жаңа технологияларды, жаңа әдіс-тәсілді қолдануға тырысамын. Әсіресе оқушыға жаңа дүниені бере салудан гөрі, бірінші тәжірибе жасап, сол тәжірибеден теория құрастыруға жетелеймін. Яғни бала практикадан өтіп, соның аясында тақырыпты толық игеруіне жағдай жасаймын, – дейді тәжірибелі ұстаз.
Ерекше әдіспен оқушы көңілін аулап, білімге құштарлығын аша білетін ұстаздың шәкірттері өлшеусіз еңбекті қайтарып келеді. Жанат апай жетекшілік еткен оқушылар жыл сайын аудандық, облыстық, республикалық, президенттік олимпиадаларда, ғылыми жобаларда топ жарып, әрдайым көш басынан көрініп жүр. Бұл ұстаз үшін еселі еңбектің жемісі, мәртебенің төресі. Онан бөлек, мұғалімнің, мектептің тағы бір көрсеткіші ұлттық бірыңғай тестілеумен байланысты екені мәлім. Бұл ретте түлектер үшін маңызды сын, ұстаздар үшін ұзақ уақыт төгілген тердің жемісін алар сәтте білікті ұстаз үнемі оң нәтиже көрсетуде. Жыл сайын жоғары көрсеткішке қол жеткізетін ұстаз, биыл да көпті қуантты. Ол дайындаған 14 оқушының 10-ы жоғары оқу орындарының грантын, 3-еуі медициналық колледж грантын иеленді. 4 оқушысы «Алтын белгі» иегері атанды.
Ұстаздықтан өз бақытын тапқан Жанат Ешниязова отағасымен бірге 4 перзент тәрбиелеп өсіруде. Өмір өрнектері осылай өрілген ұстаздың ұлағатты істері мен бағындырған белесі, ізденімпаздығы мен жаңашылдығы өзгеге үлгі болуға әбден лайық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ