Қазыналы қария

Жасы үлкен қария көрсек «бата сұрайтын» жақсы дәстүр бар емес пе?! Сәрсенбінің сәтті күнінде Тұрмағамбет ауы­лына сапарлатып барған едік. Ауылға барып, бар жақсыны көзбен көріп, құлақпен естіп оны оқырман қауымға жеткізу біздің міндет қой. Әдеттен жаңылмай, ауылдағы жасы үлкен, батагөй әженің шаңырағына сәлем бере бардық.
90 жастағы Шаһар Жәлиева Жалағаш ауданы, Жаңаталап ауылының тумасы. 17 жасында осы Тұрмағамбет ауылына келін болып түсіп, бүгінде ұрпағының қанатын кеңге жайып, бір әулеттің ажарын келтіріп отырған ардақты әже. Келін боп түскен уақытын әжей былайша еске алады:
– Мектепте сабақты өте жақсы оқыдым. Есепке де епті едім. Ауылда есепші болып жұмысқа енді орналасқан кезім. Енем қатаңдау кісі болды. Жұмыс істегенімді жаратқан жоқ. Мен де үлкен кісінің сөзінен аттамай, ол жұмысқа қайта бармадым. Кейіннен ауылда түрлі салада еңбек еттік қой, – дейді ол.
Оның өмірлік серігі Нұрғали Әлиев соғыс ардагері болған. Шаһар әжеміз де тыл ардагері. Соғыс жылдары тылда жүргендер де майданмен үндесіп еңбек еткені белгілі ғой. Әжемен әңгімелесу үстінде жолдасы туралы да сұраған болатынбыз. Ол езу тартып күліп жіберді. Әженің әңгімесін ұйып тыңдап отырған біз де ду күлістік. «Көкең өте салмақты кісі болды. Өмірінде маған бір кіжініп, зекіп көрген емес. Тіпті маңдайымнан шертіп көрген жоқ. Жұмыс істеп жүрген тұста кей ер адамдар әйеліне ұрысып сөйлеп жатқанда, ол мені киімімен жа­уып «көрме, қорқып қаласың» деп қорғап жүретін. Дүниеден өтер шақта мені балаларға, келіндерге тапсырып кетті» дейді әжеміз.
Әже 6 құрсақ көтерген. Төрт ұл, екі қызынан бүгінде отызға жуық немере, он беске тарта шөбере қызығын көріп отыр. Қолындағы ұлы Жұман бүгінде зейнеткерлікке шыққан, ал келіні Райкүл ауылдағы балабақшада қызмет етеді. Балалары мен ауыл халқының барлығы оның жайдары мінезін айтады. Ешкімге артық ауыз сөз айтпайтынын, жайлылығын, тіпті ауыл тұрғындары қандай бір істі бастарда әжеден бата алып кететінін айтады.
«Құрыштан құйған құдіреттей болып төріңде қазыналы кейуана отырса – ол әулет бақытты. Өйткені «Қариясы бар үй – қазына» деп атам қазақ тегін айтпаған. Апам осы ауылға үлгілі адам. Бұл босағаға келгелі бері апамнан үйренгенім көп. Оның бабын жасап, тілеуін тілеп отырамыз.
Апам келіндеріне ұрысып көрмеген.
Ауызынан жылы сөзі түспейді. Біреуге артық ауыз сөз айтып көрген емес» дейді қара шаңырақтағы келіні Райкүл.
– Әке-шешемнің жасамаған жасына келдім. Аллаға мың да бір шүкір. Өмірді беретін де, алатын да бір Жаратқан иеміз ғой. Әкем 48 жасында өмірден өтті. Өздері әкеден үш ағайынды болатын. Содан соғыста жүрген екі бауырының қара қағазын ойда-жоқта бірден қолына ұстата қояды. Қапелімде бауырларынан айрыламын деп ойламаған әкеміз бұл ауыртпалықты көтере алмай үш күннен соң дүниеден өтті. Ол кезде мен небәрі 4 сынып оқимын. Әлі күнге дейін көз алдымда. Бір әулет үш бірдей ардақтысынан айрылып, қара жамылған еді. Үш үйлі жан осылайша шулап қала берді. Барлық қиыншылықты шешем көрді. Бізді өсіріп, жетілдірді, – дейді әжеміз әңгіме арасында.
Көп жасаған қария – сар­қыл­май­тын дария. Қазіргі бейбіт өмірге әжейдің көңілі тоқ. Иә, бүгін біз бейбіт елде өмір сүріп жатырмыз. Әжеміз де өз басынан өткен қиындығын өзінің балалары, кейінгі ұрпағы көрмесе екен дейді. Сол себептен де ұрпағын батасымен сусындатқан қария тілегіне елдің амандығын, халықтың бірлігін қосып отырады. «Біздің көрген қиындығымыз жастарды айналып өтсе екен деп тілеймін. Қазақ деген елдің көшін алға сүйрейтін жастарға тілерім, рухтарың мықты болсын, сонда ғана өмірдің қиындықтарын жеңе аласыңдар. Бүгін бар да, ертең жоқ жалт-жұлт еткен дүниеге емес, адамды қайда жүрсе де, кіммен жолдас болса да сатып кетпейтін, өлсең өзіңмен кететін рухани байлыққа құмар болыңдар» деп әжей бізге де ақ батасын беріп, шығарып салды.

Ақнұр САҒЫНТАЙ
01 мамыр 2021 ж. 1 127 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 051

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031