» » » Батырдан бата алған ақсақал

Батырдан бата алған ақсақал




Өткенде іссапармен ауданға қарасты Қызылтам стансасына бардық. Мектепте өткізілген семинардың бір бөлімі қазыналы қарттарға арналып, қариялар арнайы шақыртылыпты. Қуана келетін олар көрген-түйгендерінен мағыналы әңгіме өрбітті. Сонда өнегелі өсиеттерді айтып, көпті аузына қаратқан Өтеп атамен таныстық. Кейіннен мағыналы әңгімесі, үлгіге толы өмірі бар қартымыздың батасып алып, әңгімесін тыңдамаққа арнайылап атбасын бұрдық.
Қазақ қашанда қартын қадірлеген, оны құрмет тұтқан халық. Үлкенге деген ілтипатының да орны бөлек. Ежелден тәжірибесі мол, көпті көрген, дана, елге айтары бар кісіні «ақсақал» деп атаған. Олар елішілік, туысаралық, отбасылық үлкен дауларды шешіп, ортақ байлам айтқан. Хандардың қасындағы кеңесші де, дала соты да осы қариялар болған. Олардың қай кезде де жолын кес­пей, төрге шығарған. Балаларды да кішкентайынан «Үлкеннің жолын кеспе», «Үлкенге құрмет көрсет», «Үлкеннің сөзін бөлме» секілді тыйымдармен тәрбиелеген. Ақсақал келсе, қолына су құйып, сүлгісін әперіп, жұмсағанына барып, әркім қолынан келгенінше қызмет еткен. Ал қазыналы қарттар елге ақылын айтып, батасын берген.
«Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деп бекер айтылмаса керек. Бізді өсиет әңгімелерімен таңғалдырған Өтеп Бекжанов осы ауылдың тумасы. Жетпістің жетеуіне жақындағанымен қимылы ширақ, өзі тың. «Балықты көп жеген адам ұзақ жасайды, әрі денсаулығы мықты болады. Өзім әлі ине сабақтай аламын» деп те қояды. Орта мектепті бітірген соң, жұмысқа кіріскен ол түрлі салада қызмет етеді. Осы маңға жақын Бескепе деген жерде «Майкөл» деген көл болыпты. Онда 60 балықшы еңбек еткен. Бір жылдары 130 тонна балық алып 100 шақты үйді асырапты.
– Сонда істеп жүргенімде қызығып әр нәрсені бір сұрай беруші едім. «Бұл қайда жіберіледі, қалай есептеледі» деп. Мұндай сауалдарыма «Саған не қажеті бар?» дегендей басшылық күле жауап беретін. Сонда «Бұл күндер туралы кейін біреу сұраса айтамын ғой» деуші едім. Расымен бүгінде ол көл тартылып кеткен. Анау жылдары диплом қорғамақ болған жас бала келіп, біршама ақпарат алып кетті. Өткенді зерттеуіне аз да болса үлес қосып, білгеніммен бөліскеніме қуаныштымын, – дейді дана қарт.
Бүгінде даналықты толғап, тарихтан сыр шертетін қарияларымыз көп емес. Ал Өтеп атаның жастарға айтар өсиет әңгімелері көп-ақ. Бір парасын бізге де айтып берді. Онан бөлек, дана қария жас күнінде Батыр Бауыржан Момышұлының қолын алғанын да ерекше сезіммен жеткізді.
– 1970 жылдары болса керек. Жұмыс істеп жүрген мекемеден жастарды оқуға жіберіп тұратын. Осылайша бір топ жас білімімізді жетілдіруге Алматыға жол тарттық. Қаланы аралап, танысып жүргенімізде вокзал маңында Бауыржан Момышұлы көліктен түсіп тұр екен. Бұрын газет бетінен суретін көріп көз таныс болғанбыз ғой. Ол кісімен қос қолдап амандасу қажеттігінен де хабардармыз. Дереу барып, қолын алуға асықтық. «Ассалаумағалейкүм» деп қолымызды ұсына бергенде «Әй, қара домалақтар, қайдан жүрсіңдер, әй?» дейді бізге амандасып жатып. Біз жөнімізді айттық. «Е-е дұрыс екен, мен іссапармен жол жүріп бара жатырмын. Аман болыңдар» деп асығыс кете барды. Бұл кездесудің өмірімізде ойып тұрып орын алатын ерекше сәт болатынын сол кезде білмесек керек. Бірақ қанға сіңген қасиетпен, таза ниетпен ел сыйлаған адамның қолын алуға асыққанымыз рас. Ол кезде Баукең Кубаға бара жатқан екен. Оны кейіннен газет бетінен оқыдық қой. Өмірімдегі ерекше жүздесудің құрметіне екінші ұлымның атын Бауыржан деп қойдым, – дейді қария.
Жастық шағынан кітап парақтап, газет бетін ақтаруды әдетке айналдырған қария расымен даналықтың үлгісі. Сөздерінің арасында жергілікті Тұрмағамбет ақынның өлеңдерін, Бауыржан Момышұлының даналық сөздерін, мақал-мәтелді шебер қолданады. Осы ретте, біз естіген өсиет әңгімені сіздерге ұсынуды жөн көрдік.
Қазақ ежелден көшпелі халық. Сонда қоныстанған жерде бір төбе бар екен. Сол ауылдың қариясы сонда отырып алып, ауылға келе жатқан адамды көзбен қабылдап, кетіп бара жатқан адамды көзбен шығарып салып отырады-мыс. Бірде екі атты адам келе жатады. Олар дәл қасына келіп, аттан түсе салып:
– Ассалаумағалейкум, ата, – депті.
Сонда қолын қалқалап отырып,
– Әй, бұл қай бала? – дейді қарт. Сонда олар:
– Ата танымай қалдыңыз ба? Біз сіздің немерелеріңізбіз ғой, – дейді.
– Әй, шырақтарым, немерем болсам немерем шығарсыңдар. Дәл менің жаныма келгенше үш рет қателік жібердіңдер. Мәнісін сұрасаңдар айтайын. Маған келетін адам анау жолдың арғы жағынан атынан түсіп, сонда арқандайды. Бері қарай маған жаяу келеді. Сол кезде сырттан көрген адам «Мынау бір тәрбиелі ауылдың балалары екен» дер еді. Бұл – бірінші қателік. Одан кейін қайсысың үлкенсіңдер? – депті.
Сонда балалар «екеуміз де құрдаспыз, ата» деп жауап беріпті.
– Құрдас болсаң, құрдас шығарсыңдар. Бірақ біреуің аттан түсіп, екіншіңе аттан түсуге жәрдем беруің керек еді. Сонда оны көргендер «Мынау бір мәдениетті елдің баласы екен ғой» деп айтады. Бұл – екінші қателігің. Ал үшіншісі – мен мына жерде отырған адаммын. Сендер екеуің қатар келіп, амандасуға қол созғанда қайсысыңның қолыңды аларыңды білмей сасып қалдым. Әуелі біреуің амандасып, екіншің кейіннен сәлемдесуің керек еді,– деп шешіп беріпті.
Бұл біз естіп жүрген әңгімелердің арасындағы тың, ерекшесі болды. Өсиетші қария жұбайы Қазына әжеймен 4 ұл, 1 қыз өсірді. Ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырған шаңырақтың перзенттері бүгінде түрлі салада еңбек етуде.
– «Күйді мың адам тыңдайды, бір адам ұғады» дейді. Сол секілді мен айтқан әңгімелердің біреуі болсын ойларыңда сақталып, өмірлік азық болса, мен қуаныштымын. Керектеріңе жаратыңдар. Өнеге іздеп, үлкеннен бата алуға келген қадамдарыңа нұр жаусын, – дейді ол.
Абай Құнанбайұлының «Бас-басыңа би болған өңкей қиқым» демекші, қарты бар ауылдың берекесі, бірлігі бар. Себебі елдің ниеті, сөзі, ойы бір болуы үшін елді бастай білетін, елі қостай білетін қариялар қашанда керек. Ақылы дария қариялардың әрбір сөзі өсиет болмақ. Көргені көп адамдардың ақылын тыңдап, сөзін санаға түйіп жүргеннен ешкім жаман болмас.

Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет)
10 қараша 2020 ж. 921 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 027

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031