» » Қартын қадірлеген көштен қалмайды

Қартын қадірлеген көштен қалмайды

Автобус адамға лық толы. Сабақтан қайтқан студенттер абыр-сабыр боп жатты. Кондуктор:  – Жастар жағы үлкен кісіге орын берейік, – деп дауыстады аялдамадан немересін жетектеген ата мінгенде. Оны естіген бойжеткеннің бірі: – Жастарға да жан керек шығар, – деп жауап қайтарды жақтырмай.  Сол-ақ екен  екі жігіт жанжалдаса кетті. Бірі ашуға булығып, жұдырақ ала жүгірді. Жолаушының бәрі ыңғайсыз жағдайда. Орта тұста тұрған ақсақал ығысып жігіттердің жанына келді. Бос орынға таласқан екеу ешкімге қарар емес. Атасындай адамды елеп те тұрған жоқ.
– Айналайындар-ау, не болды демде? Болмашы нәрсеге жаға жыртысқандарың қалай? Ұят емес пе?  Ешкім орын ұсынбады деп айқай шығармай-ақ тұрмыз ғой. Құдай қуат берсін.Сендерде ата-ана, әке-шеше жоқ па? Әлде оларға да осылай етемісіңдер. Ізеттілік қайда? – деп тоқтатпақ болды.
– Қойыңызшы ақсақал, сіздің ақылыңыздың керегі шамалы, – деп жасы 80-ге таяған қарияның кеудесінен итеріп жіберді біреуі. О, тоба-ай. Қариясын құрметтемеген елдің азғаны осы болар. Бірақ бүгінгі қоғамның сиқы осындай. Үлкенді сыйлап, төңірегіне топтасып, іргелі ел болған халықтың ұрпағына жарасатын қылық па бұл? Ата-анаға, үлкенге тіл тигізу дінде ең ауыр күнәнің қатарына жатады. Тәуке ханның тұсында әке-анасының тілін алмай, тәртіп бұзған өлім жазасына кесілген. Бұдан, әрине қарияны құрметтеу мәжбүрлеу жолымен орныққан деген ұғым тумаса керек. Жас та, орта буын өкілі де қандай шаруаны қолға алсын алдымен ауылдың қариялары не айтар екен деп, солардан бата алуға тырасатын. Қазір пәтуалы сөз айтатын ақсақал жоқ дейді. Қазыналы қарияның сөзіне құлақ асып жүрген кімің бар? Айтқан ақылын тыңдап, керегін алдық па? Өгізге туған күн бұзауға да келетінін естен шығарып аламыз-ау кейде. Жолың түсіп той-томалақ, ас жиынға бара қалсаң алғашқы сөзді ақсақалға береді. Олар той иесіне тілегінен  кейінбір-екі ауыз өсиет айтса «не мылжыңдап кетті» деп ешкім құлақ аспайды. Жастардың өнегелі сөз есту аудиториясы тарылған. Бұрынғы кездегідей ас пен тойда үлкен мен жас араласып отырса бәлки басқаша болар ма еді? Сондайда қарныңның ашқанына емес, қарттарыңның қадірін қашырып алғаныңа налисың. 
Орта буынның өкілі: – «Әлі күнге үлкендердің ау­зына қараймыз. Бүгінгі жақсы, жаман іс­терімізге осы кісілер не айтар екен, қалай ба­ға бермекші», – деп алаңдайтыны ақиқат. Бі­рақ қазір үлкен кісінің көшеде жүруі қауіпті. Тәр­тіпсіз кей ұлдардың қарап тұрмай ұрып-соғып, қалтасындағы телефоны мен ақшасын алып кеткенін көз көріп, құлақ естіп жүр. Сұмдық-ай. Қарттарға өз балалары мен немерелерінен қорқатындай күн туатынын кім білген?
Адамның өмірі түрлі оқиғамен өріледі. Ал тіршілікте жақсылық пен жамандықтың қатар жүретіні белгілі. Мұндайда өмірлік тәжірибесі бай үлкеннің ақыл-кеңесіне құлақ түрсек артық па? Ел ішінде аузы дуалы қария көп. «Әттең тонның келтесі-ай» дегізетіні, олардың қатары сиреп бара жатқаны. Әдемі сөйлеп, шешендік таныту – ақсақалдық көрсеткіш емес. Ақсақалдық деген сөз бен істің үйлесімі.
– Жақсылықтан гөрі тасадан әңгіме айтып, әкім қараларға жалтақтап, өзгенің емес өзінің қара басын күйттейтіндер әр ауылда, әр ауданда бар. Қарияға тасада тұрып сөз айтқаннан гөрі, жарыққа шығып ақыл айтқан жарасымды. Бізде қоғамдық шаралардың бәріне жаны ашып, бел ортасында жүретін ардагер көп. Олар өз басын ғана ойласа мынадай «Ардагерлер үйі» бой көтеріп, қызмет көрсетпес еді. Ауданда 6000-нан аса ардагер бар. 64 бастауыш ұйым жұмыс істейді. Ай са­йын кеңестің алқасы өтіп, онда келіп түскен арыз-шағым талқыланады. Жаз бойы ауданда бірқатар нысан күрделі жөндеуден өтті. Ардагерлер алқасы сол жұмысты көзбен көріп, кем-кетігін айту үшін аралап, мердігер мекеменің басшысына жергілікті жердің адамын жұмысқа алуды тапсырдық. Алайда жұ­мыссыз жүрсе де кейбір жас жалдамалы жұмыс істеуге құлықсыз. Бос жүргенше екі қолға бір күрек ұстағыны жақсы емес пе? Көпбалалы отбасыға 21 мың теңгенің берілгені қуантарлық жағдай. Ал тепсе темір үзетін кей азамат кіріс көп болса 21 мың теңгенің әлеуметтік көмегін алмай қаламыз деп жұмыстан шығуда. Ауданда бетон бұйымын шығаратын цех іске қосылды. Сол мекемеге де маман таппай әуре болдық. Мұң-мұқтажымызды билікке айтып, арада алтын көпір болатын, жастың сөзін сөйлейтін ақсақалдар жоқ дейді. Ал сол ақсақалдың айтқанын тыңдайтындар бар ма? Екі күннің бірінде ардагерлер үйіне шағымын айтып, көмек сұрап келетін тұрғын аз емес. Ұсақ- түйекті сөз етіп, арызын ала жүгіретіндер көбейді. Оның орнына мемлекет маған не береді демей, мемлекетке мен не беремін деп талпынса игі. Осындай олқылық пен келеңсіздікті ақылмен, сабырмен шешуге жәрдемдесетін Билер кеңесі құрылды. Бір емес бірнеше жанұя осы кеңестің арқасында отбасын сақтап қалды. Одан бөлек араздасқанды татуластыру, ұрлық-қарлық сынды аса ауыр емес қылмысты сотқа жеткізбей, кешірім сұ­раумен шешудеміз. Бізде топтасып төбелесу жиі болады. Қайғылы жағдайдың бірнеше мәрте орын алғанынбілесіздер. Әр рудың сөзі өтімді азаматтарымен жиі жолығысып, тәртіпке шақыруды еске салып отырамыз. Бұл біз атқарған жұмыстың бір парасы, – дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетов.
Қоғам белсендісі атанған ардагерлер бұл қызметіне ақы алмайды. Тек жол бастаған қауымның соңынан ерер ақылды ұл-қыздың көп болғаны абырой.
– Алланың нәсіп еткен өмірін сүріп, бейнеттің зейнетін татып, өскелең ұрпаққа ақыл айтатын жастамыз. Жақсы мен жаманды, бар мен жоқты, аштық пен зұлматты бастан өткердік. Шүкір өстік, өндік, үйлі-жайлы болдық. Ұрпақ сүйдік. Алдымыз шөбере сүйіп, шөпшек қолынан су іштік. Қоғам үздіксіз дамуда.  Қарияларымыз ата-баба дәстүрін сақтап, болашақ ұрпаққа аманаттау міндетін ұмытпаса. Қазіргі жаһандану, рухани жаңғыру заманында бұл міндет еселей түсетіні түсінікті. Арбаның алдыңғы дөңгелегі қалай жүрсе, арты да сол ізді басады. Бірақ сабақ болсын деп басымыздан өткенді айта бастасақ тыңдайтын құлақ аз, – дейдіжасы сексеннің бесеуінен асқан Әбдібек Лақбаев ақсақал.
Сөздің түйіні, жеке басының қамын емес, көп­шіліктің жайын ойлайтын ардагерлер қашан да құрметке лайық. Оларды қадірлеу жас ұрпақтың міндеті.
Қазір жастар өзін озық ойлымын деп есеп­тейді. Ғаламтордан алынған ақпарат ұлттың мәйегі болған қариялар даналығының орнын толтыра ала ма? Бағалай білмегенге бақ қонбайды. Қоғамның алтын қоры – «Ардагер» атану үлкен мәртебе, абыройлы атақ. Ол – тірі тарих, өшпес шежіре.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет)
11 қыркүйек 2019 ж. 1 162 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 034

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031