» » » Бір дәуірдің шежіресі

Бір дәуірдің шежіресі


Қолында аудандық газеттің соңғы нөмірі. «2 жыл бұрын көзәйнексіз оқитын едім. Қазір жанарым бұлыңғырланған. Анық көрмейді. Мына балаларға оқытамын. 8 наурызға орай аудандағы ең жасы үлкен ардагер деп аудан әкімі Мұса Қалдарбеков арнайы келіп құттықтады. Газетке суретім шықпаса да, келгені жазылыпты. Айналайын, өркені өссін. Ауданды көркейте берсін. Өздерің қайдан жүрсіңдер» деді қуанғанын жүзінен байқатқан 97 жастағы кент тұрғыны Райхан Оспанова.
– Күндегідей емес бүгін шаршаңқырап отыр, – деді келіні. Кентте болған оқыс оқиғаны естіп таңға дейін көз ілмепті. Заман тыныш, адам аман, елде береке болса екен деп тілеп шыққан ғой.
Ақ төсекте жып-жинақы отырған ананың жасы егде демесеңіз жүрегі жап-жас. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен әжемнің құлағы ести қоймас дедім бе, келініне қарай бұрылып апаның өмірбаянын сұрасам әжем:
– Қарағым, өзім-ақ айтып берем ғой, – демесі бар ма. Бәрі-бәрі есінде. Тек өткен өмірін ойға алғанда жанарына жас алып, толқып қояды. Дария кеуде, тау мүсін қазыналы қария бір дәуірдің шежіресі, ХХ ғасырдағы зұлмат жылдардың тірі куәгері. Ұрпағын батасымен сусындатқан ана Тәуелсіздіктің 30 жылдығы тойланар мерейлі жылға аман-есен жеткеніне тәубе етеді.
Ол кезінде заман зарын көп тартқан. Ашаршылық, сұрапыл соғыс, қиын-қыстау кезеңнің бәрі – қос ғасыр куәгерінің көз алдында. Соғыс жылдары тылда еңбек майданына араласқан. Жасынан Жосалы механикалық зауытында жұмыс істепті. 14 құрсақ көтерген. Жұбайынан ерте айырылыпты. Әңгіме арасында бізге ұзақ өмір сүруінің сырын ашты. Себебі – елдің батасында. Қазір 8 баласы бар. Үлкен баласы мен келіні жетпіс беске жеткен.
– Жасым келді деп төсек тартып қалғам жоқ. Далаға өзім кіріп-шығамын. Жұбайымның өмірден өткеніне 54 жыл болды. Өзім де жас, балалар да тым кішкентай еді. Сол ауыртпалықтың бәрін қайыспай көтере алдым деп ойлаймын. Абыройыма дақ түсірмедім. Ұл-қызымды қатарынан кем қылмай жеткізуге тырыстым. 2 қызым, 3 ұлыммен 6 адам бір ұжымда жұмыс істедік. Үйдің шаруасына да, қызметіме де үлгеретінмін. Жұмыстан 5 минут кешіккен кезім жоқ. Немерелерімнің бәрін бауырладым. Қазір шөбере бағып отырмын (күліп). Қазіргі келіндерге таң қалам. Өзіміз қанша жұмыс істесек те шаршадым демедік. Дамыған заман деген осы шығар. Нанды пісіретін пеш, бір тететікті бассаң шай қайнайды. Соның өзінде үлгермей жатады. Енелер бас қосса келіні мен күйеубаласын жамандайды. Балаң жақсы болса бәрі жақсы деймін. Қандай кемшілік болсын адам өзінен көруі керек. Өзің жақсы болсаң айнала нұрлы. Жоқ деп айтуға болмайды. Жасым 100-ге жақындады, осындай қызмет еттім деп бірдеңе сұрап басшыларға барған адам емеспін. Ел сыйлайды, құрметтейді. Бұдан асқан не бақыт керек. Бейнеттің зейнетін татты деген осы шығар, – дейді кейуана.
Бір қызығы әжей зейнетақысын өзі алып, үйдің керек-жарағына өзі жұмсайды. Азық-түліктің бағасын да біледі.
Әңгіме арасында ұзақ жасауымның сыры елдің алғысында деген еді. Енді соған қарай ойыссақ. 7 жасынан қолына таспих ұстаған бір шешей 3 рет тұрмыс құрса да сәби сүймепті. Тазалықты, тыныштықты қалайтын жан Райхан әжеміздің жұбайы Әбдіхалыққа маған бала бол, Райханды келін қылайын. Менің жағдайымды тек сенің келіншегің сынды елгезек жандар жасай алады деп өтініпті. Райхан апа бұған қуана келесіп, сол кісіні қолына алып, өз анасындай күтіп-баптап, мәңгілік мекеніне арулап шығарып салған. Өлгенше батасын беріп, алғысын айтыпты. Кейін өмірден ерте кеткен қайнысы мен келінінің қос баласын асыраған. Жетімнің маңдайынан сыйпаған жанды Жаратқан өз несібе ырысынан айырмапты.
Әжеміз қартайдым деп үйде қарап отырған жоқ. Арасында аулаға шығып, көршілерге барады. Аралап жүрмесе де телефон арқылы нұсқау беріп, көше тұрғындарының ауызбірлігінде ұйытқы болып отыратын көрінеді. Наурыз мейрамына наурыз көже дайындайтын үйді де белгілетіп қойыпты.
– «Берсең аласың, ексең орасың» дейді. Ертең көршіңмен қалай болдың деген сұрақ болады. Көршімен тату болу керек. Ешкімге ренжімедім, адамдарға тек жақсылық тіледім. Барынша кешірімді болыңдар, ағайынның арасында береке-бірлікті сақтаңдар, – дейді бейбіт өмірге көңілі тоқ Жосалы кентіндегі Ж.Жабаев көшесінің 100 жасқа жақындаған тұрғыны.

Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ
Қазбек ЖАУЛЫБАЙҰЛЫ (сурет)

20 наурыз 2021 ж. 999 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 055

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031