» » » Кимешек көрсем...

Кимешек көрсем...

Қашының басында ақ жаулығы желмен желбіреп отырған менің әжем. «Қашы» деп отырғаным, кезінде дария арнасынан асып-тасыған екен, сонда ауылды су алу қауіпі болып, осы ұзыннан созылған құм төбелер салынған. Әжем күндегі әдетінше бұзау, қозы-лақты өріске айдаған соң, сол жерде отырады.
Біздің ауыл шағын, әу баста әскери бөлімшеге қарасты салынған ауыл. Көшелері түп-түзу, ағаш егілген, үйлері де рет-ретімен салынған, үлкен мектеп, балабақша, керек десеңіз монша да бар. Бірақ, қазір әскери бөлімше жабылған соң, көп отбасылыр көшіп кеткен. Бос қалған үйлер көп, қалған отбасы оншақты үй. Айран ішіп, сары май жағылған нанды жеп алған соң, әжемнің қасына бардым. Әжем мені алғашында байқамады, өзімен-өзі күбірлеп отыр екен. Ол кісінің осындай әдеті бар ұйықтар алдында, жалғыз қалғанда немесе ұршығын иіріп отырып күбірлеп отырады. Бізге қызық, құлағымызды түріп тыңдаймыз. Сөйтсек, әжем басынан кешкен оқиғаларды айтып отырады. Баламыз ғой, біз оған күлеміз, «әже, неге күбірлеп отырсыз?» деп. Кейде бізге де әңгімелеп беретін. Ол кісі сауаты жоқ болса да айтқан әңгімелері әлі есімде, тура ертегі айтқандай бәріміз ұйып тыңдайтынбыз. Соғыстан жары хабарсыз кеткен, жалғыз ұлын, яғни менің әкемді тәрбиелеп өсірген.
«Балам, ана бұзаулар алысқа ұзап кетіпті, соларды қайырып айдап келе қойшы!» – деді. Шыныменде, қарасам көзімнің ұшында ағараңдаған бұзауларды көрдім. Дарияның жаға­сына жеткен-ау, тым алысқа жайылып кеткен екен. «Сен барып айдап кел, мен қарап отырам», – деді әжем. Қашыдан түсіп келе жатырмын, біраз жүрген соң артыма қарасам әжем кішкентай ғана болып көрінді. Дарияға барар жолда үлкен сай бар, кезінде дария суы сол жерде болған деседі. Жалғыз аяқ жолмен жүгіріп өтіп, жыңғылдар мен шеңгелдердің арасымен жүгіріп келемін. Артыма қарасам әжем де, қашы да көрінбей қалыпты. Шамалы қорқайын дедім, амал жоқ кері қайта алмайсың, бір кезде судың дауысы естілді. Бұзаулар дарияның жағасына жақын көк шөпке жайылып жүр екен, көршіміздің де бұзауы бар, мен тез-тез қайырып айдап, жалғыз аяқ жолға салып, сайдан шыққанша қуа жөнелдім. Әне, әжемнің ақ жаулығы да көрінді, бойымдағы үрей бірте-бірте сейіле бас­тады. Ақ жаулық демекші, жарықтық әжеміздің жаулық тартқаны да ерекше еді, кимешек секілді аппақ қардай тап-таза етіп тартатын. Әжемнің қасында көршіміз де отыр, батасын жаудырып жатыр, ал әжем болса маған мейірлене күлімсіреп отыр екен. Қайран, балалық шақ! Ол кездің ауасы да, адамы да басқаша еді! Үй сыпырып жатқанда әжем нанның қиқымын сыпыртпайтын, қолымен теріп аузына салып жіберетін, «нанның кепиеті, обалы болады» дейтін. Сол әдеттке бізді де үйретті, жемесек те қолымызбен теріп алатын болдық. Қазір ойласам, ол кісілер аштықтың азабын, соғыстың зардабын көрген жандар болған соң, обал-сауапты, үнемшілдікті тереңнен түсінген ғой! Олар оқымаса да өмірдің мектебінен білім алған жандар! Ия, «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» – деп дана халқымыз бекер айтпаған ғой, қазір шүкір, ел аман, жұрт тыныш. Кеңестік кезеңде білім алдық, бірақ ол кезде де әже-аталарымыздың қазақи тәрбиесін көріп өстік. Қазіргі өскелең ұрпақ сол ұлттық тәрбиеміздің жібін үзбей, әрі қарай дамыта берсе, «ұрпақтар сабақтастығы» деген киелі ұғымды басты қағида етсе нұр үстіне, нұр болар еді! Әжемнің ақ жаулығы маған адалдықтың, ар-намыстың, адамдықтың ақ туы сияқты елестейді!

Толғанай ӨТЕПҚЫЗЫ,
№109 мектеп мұғалімі.

02 қараша 2018 ж. 3 223 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 017

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031