» » » АНАМНЫҢ СОҢҒЫ АМАНАТЫ

АНАМНЫҢ СОҢҒЫ АМАНАТЫ

Өмірде анадай асылға кім жетеді? Баланың дүние есігін ашқаннан бастап бірінші танитыны да, оны жылы алақаны мен мейіріміне бөлейтін де – анасы. Мына бес күндік жалғанда Алла Тағала пенденің таңдауына кей нәрсені берсе, кейбірін бермеген. Соның ішінде адам баласы ата-анасын таңдай алмайды. Бұл Жаратқанның жазуымен болатын ерекше жайт.

Менің анам – қарапайым отбасынан шыққан жан еді. Сонау 1932-жылдарғы ашаршылықта туылыпты. Әкесі Қожан Ұлы Отан соғысына қатысып, алты айдан соң мүгедек болып елге оралады. Күлкаш әжем нағашы атамды емдету үшін Ресейге дейін барыпты. Атам соғыстан алған ауыр жарақатымен сексен жыл ғұмыр кешті. Жегідей жеген дерті жанын қоярға жер тапқызбаса да балаға дауыс көтеріп сөйлемейтін. Атамдар сол кездегі қоржын тамда тұратын. Қорада қой ұстайтын. Шаруаға көбінесе әжем қарайтыны күні бүгінгідей есімде. Семіздігі сондай, әжем баққан қойлардың құйрығы тападай болып, салмағын көтере алмаушы еді. Сүт, айран, құрт-ірімшік дастарқанның күнделікті асы болатын. Атам қырық жыл Аллаға шүкірлік етіп, намаз оқыған кісі. Жүріп-тұруы қиын болса да, намазын қаза қылмады. Әжем үнемі атамды сүйеп жүретін-ді. Нағашы әжемнің әкесі Оспан өз заманында ұста, зергер әрі қасиеті бар кісі болыпты. Үлкен атамыз өмірден өткен соң ұстаханасының табанында түнде шырақ жанады екен. Қожан атам қиын-қыстау кезеңде отбасын, ағайынын балық аулап, асырапты.


Анамның ешқашан біреуге айқайлағанын көрмеппін. Өзін көрсетуге тырыспайтын. Мен бірде мектептен көңілсіз оралдым. Сонда анам не болғанын сұрағанда, сыныпта қыздармен келіспей қалғанымды айттым. Анашым маған: «Осы кезге дейін бір адаммен ренжісіп көрмеппін. Өзің тыныш жүрсең, мәселе болмайды» деді. Ол кезде анамның жасы – жетпіс бірде еді. Қазірге дейін ол кісінің сабырлылығына, ұстамдылығына таң қаламын. Он баламен әкемнен қырық тоғыз жасында жесір қалды. Әлі аяқтанбаған бала қанша. Жан-жақтан тартқылаймыз. Біреуі үйленгісі келеді. Біреуі күйеуге қашып кетіп жатыр. Енді біреуіміз қалаға оқуға түскіміз келеді. Әкем қайтыс болғанда зейнетке шығуына екі-үш жыл қалған-ды. «Апамыз зейнетке шопан ретінде шықса, зейнетақысы молдау болады» деп, екі кіші ағам қой бағып, тілектерін орындады. Қазір қарасам, анама ешнәрсе оңай болмапты. Баланың кішілері аудан орталығында оқыса, өзі Қызылдың қиясында жүрді. Күннің күйіп тұрғанына қарамастан, беті қып-қызыл болып шыжыған ауа райында темір пешке шелпек пісіретін беретін біздерге. Оны тартып жеп, ошақтың қасында жүріп-ақ біздер тегешке түсірмейтінбіз.
Кейінірек, орталықтағы өз үйімізге анам өзі бас-көз болды. Өмір алға озып, жұрт секілді әрекетімізді жасадық. «Ата-ананың қадірін – балалы болғанда білерсің» демекші, жалғыз өзі үлкен отбасының тауқыметін тартқанын, анамның қандай күйде болғанын балалы болғанда түсіндік қой.
Отыз сегізімде оңтүстікке тұрмыс құрдым. Қырық жасымда тұңғышым өмірге келді. Ол қуанышты сөзбен жеткізе алмаспын. Дегенмен, екі ұдайы көңілде болғанымды да жасырғым келмейді. Балалы болғаныма қуансам, үйдегі асыл анашымның төрт айдан бері төсек жартып жатып қалғаны жүрегімді сыздататын. Ауыр халде жатса да келіндеріне: «Оңтүстіктің халқы ауызды келеді, қызыма сөз тиіп жүрмесін, артынан тездетіп бесігін апарыңдар» деп тапсырады. Бала дүниеге келген алтыншы күнде (ол кезде перзентханадан шықпағанбыз) бесік келіп, мәз-мейрам болдық. Тамыздың жиырма төртінде ұялы телефоным шыр етті. Ауылдан жаман хабар келмесе екен деп тілеймін. Телефонды жүрегім аузыма тығыла көтердім. Ар жақтан анамның дауысы естілді: «Ауылың аман ба, бөпең жақсы ма? Ата-енеңнің батасын ал, күйеуіңді сыйла» деді. Сасқалақтап «иә, иә» дей бердім. Артынша телефон тұтқасы қойылды.
Үш күннен соң анам өмірден өтті. Қайтарынан бірер күн бұрын балалары мен немерелерін шақыртыпты. Мені бөпесі әлі қырқынан шықпаған, оның есесіне жер-су алыс деп мазалатпапты. Анамның соңғы сөзі: «Арманым жоқ. Тағдырыма, ұл-қызыма ризамын. Бір ғана арманым бар – ол Сәрсенімнің бөпесін көре алмайтыным» болыпты.
Анамның мейірім тұнған жүзін көрмегеніме сегіз жыл. Жылы сөзін, аялы алақанын сағынамын. Қанша қиыншылық көрсе де, еш мойымаған анамның өнегесін өзіме әркез өнеге тұтамын. Соңғы аманатын да ұмытқан емеспін.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
«Қармақшы таңы».
20 қыркүйек 2018 ж. 2 787 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 017

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031