» » Жас батыр ана 30 жаста

Жас батыр ана 30 жаста

qarmaqshy-tany.kz Айдана ата-анасының бір түйір қызы. Көзінің ағы да, қарасы да – өзі. Ойын баласы кезінде алаңсыз жүре беруші еді, ес біле келе бауырым болса деп армандайтынды шығарды. Әсіресе сіңілім болса, бірге сабаққа барып, бірге үй жинаушы едім деп томсыраятын. Қуыршақпен ойнатып, ертегі кітап оқып берген болар ма едім деп те іштей тынатын. Ал інісі болса ше? Ол да жақсы ой. Қайда барса да қасынан тастамай, етіп жүрер еді. Бірақ бұл оның тек қана балалық қиялынан туған түрлітүсті көріністер болатын. Қияға тартқан қиялы адастырмады. Ол көріністер бойжеткен соң өңіне айналарын ол әрине, сол уақытта білген жоқ!

Бір үйдің еркесі ештеңеден тарлық көрмей өсті. 9 сыныпты бітірісімен Қызылордадағы колледждің біріне құжат тапсырып, жолы болып оқуға түсті. Оны заңгер мамандығы бойынша бітіріп, енді қызметке кірісемін бе деп те жүрген. Аяқ асты бәрі өзгеріп салды. Күтпеген жерден өмірлік серігін кезіктірді. Қалай дейсіз ғой? Айтайық. Телефон арқылы. Иә, ұялы телефонмен танысып, сөйлесіп жүрді. Басында аздап жүрексінгені рас. Дегенмен, тетіктің ар жағындағы дауыс өзіне сенімді. Әйел баласына басты керегі де сол қасиет. Телефоннан басталған таныстық ұзамай бойжеткен мен бозбаланың кездесуіне ұласты. Жігіт сөз салды. Көрші ауылдан. Өзі секілді қазақы тәрбиелі. Сабырлы, салмақты ер адамға жарасымды мінез. Уақыт созбаламай ортақ келісім жасап, олар жаңа отбасын құрды. Айдана Шонтаева бүгінде Ерқосаевтар отбасының ибалы келіні, 7 баланың ардақты анасы. Ерекшелеп айтқанда, ауданымыздағы (Байқоңыр қаласы, Төретам кенті, Ақай ауылын есептемегенде) ең жас Алтын алқа иесі.
А.Алтынбекқызы 1993 жылы Дүр Оңғар ауылында туған. Биыл жазда мерейлі 30 жасты толтырды. Жансерігі Нұрғали Едігеұлы Төребай би ауылының азаматы. Ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Бір айтары, ерлізайыптылардың екеуі де көпбалалы болуды қалаған екен.
– Ана атану – тұрмыс құрған барша келіннің арманы. Маған да ұрпақ сүйіп, ана атану бақыты бұйырғанына сансыз шүкір етемін. «Балалы үй – базар» деп қазағымыз тегінге айтпаған ғой. Жақсы жерге келін болып түстім. Анамыз керемет жан. Сыйластықта берекелі әулеттің шамын жағып отырмыз. Келін болып босаға аттағанымда небәрі 18 жаста едім. Білгенімнен білмегенім көп. Сондай сәттерде екінші анам жанына жақын тұтып, отбасылық шаруаның барлығына үйретті. Ақылын айтты, кеңесін берді. Қазір де солай. Немерелерінің де жағдайын жасап, өсіріп бағуға көмектеседі, – дейді жас ана риза пейілде.

Тұрмыс құруға 18 жас жас емес пе, деген сауалымызды да көкейде іркіп қалмадық. Ал ол болса «жақсы көргеннен болар» деп қысқа ғана қайырды.
Бүгінде соңғы мәлімет бойынша ауданда 925 көпбалалы ана тіркелген. Оның 55-і Батыр ана, 248-і «Алтын алқа», 525-і «Күміс алқа» иегері болса, 97-сі І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен (Байқоңыр қаласы, Төретам кенті, Ақай ауылын есептемегенде) марапатталған екен. Осындайда алтын құрсақты аналарымыздың қазақ ұлтының санына, демографиялық ахуалына қосып жатқан үлесі ұшан-теңіз деуіміз заңдылық. Осы ретте Досай бидің «Бір баласы бардың шығар шықпас жаны бар, екі баласы бардың болар-болмас халі бар, үш баласы бардың үш рулы елде малы бар, ... тоғыз баласы бардың толғандырар жолы бар, он баласы бардың орда бұзар қолы бар» дегені еріксіз еске түседі. Демек, бұл әрбір қазақ шаңырағында бала саны артқан сайын оның әлеуеті мен бақберекесі де арта түседі дегенді сезіндірсе керекті. Ерқосаевтар отбасының да өз арман-мұраты бар. Балалар жақсы білім алып, азамат болып өссе. Алдына елдің арқасүйер ұл-қыздары болып, қоғамын дамытса, деген мақсаттар қойған. Осындай таудай талаппен балалардың төртеуі мектепте білім алуда. Сабақ үлгерімдері де жаман емес. Әжелерінің, ата-анасының көмекшілері. Нұрбақыт 6-ыншы, Зерхан 5-інші, Айша 3-інші сыныпта оқып жүрсе, Әлинұр жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын аттап, оқушы атанды. Ал Бақкелді мен Нұрисламның жасы бірі – 4-ке толса, бірі – 3-те. Жанұяның кішкентай батыры Азат – 1 жаста.
Заман ағымына қарай кейбір жас отбасылар «Балаларды ертең асырай, қажетін өтей алмасақ, қалай болады?» деген дүдәмал ойда жүргендері жасырын емес. «Ал не себепті сіздер көпбалалы болуды қаладыңыздар?» деген де сауалды тікесінен қойдық.
– Өзім отбасында бір бала болсам, жолдасымның бір әпкесі бар. Ер баладан жалғыз. Олар бір ұл, бір қыз. Жолдасым – қарашаңырақтың иесі. Сол себепті бізге сенім жоғары. Содан да шығар екеуміздің көпбалалы жанұя болғанды қалағанымыз. Көзге көрінген балаларымыз аман болсын. Келешекте Алланың берері болса, одан да үмітіміз бар. Жас аналарға айтарым, көпбалалы болудың бақытын татқан адам ғана біледі. Түсінемін, асырап-бағу оңай емес деп те айтатын болар. Дегенмен, әр баланың өз несібесі болады. Көпбалалы отбасында өскен бала көпшіл, мейірімді келеді. Бір-біріне қамқорлықпен қарайды, – дейді отбасының ұйытқысы, ауданымыздағы ең жас батыр ана ортақ ойымен бөлісе келе.

Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
13 қараша 2023 ж. 655 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 022

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031