» » Алыстағы ауыл

Алыстағы ауыл

qarmaqshy-tany.kz Балнұр үйінің сүт кенжесі. Бала күнінен ата-анасы бетінен қақпай ерке етіп өсірді. Мектепті де жақсы оқыды. Бірақ қатарластарынан қамығатын тұсы да бар-ды. Балнұрды анасы 40 жасына қараған шағында босанған еді. Өзге балалардың ата-анасының жас көрінетінін біледі. Бала болса да менің анам сол секілді «жас болса ғой» дейтін. Анасы бауырларына қарасамын деп өзіне көңіл бөлмей, кештетіп тұрмысқа шыққан екен. Ал есін білген кездері әкесі осыған дейін басқа отбасы болғанын айтады.
Бәлки әкесінің көрегенділігі болар. Бала қалай қабылдар екен деп қорықпады. Қорқынышына қарсы келді. Барды бар деп ашығын айтты. Алда-жалда жолығып жатса жатсынбай бауырының барын біле жүрсін дегені. Қаны бір емес пе?! Баласын әке қалай бөліп жарсын... Қазірде көп әке мұны жасырып қалуға тырысады. Өмір бойы осы «өтірігін» ішінде сақтап жүреді. Адамнан жасырар-ау. Ал бірақ Алладан қалай жасыра қойсын?! Әке жүрегінде үнемі «арғы ауылдағы» балалары тұратын. Көз алдында үйдегі балақайлардың күліп-ойнап жүргенін көргенде ол жақтағы балаларым қалай өмір сүріп жатыр екен деп алаңдап та қоятын. Бірақ өмір ғой.
Әке мен бала екі жақта жүрсе де жүрек төрінде ылғи бірге болатын. Балнұрдың алыстағы бауырлары Алматы шаһарында тұрады. Олар бірінші некеден туған соң жасы әлдеқайда үлкен. Ақыл тоқтатқан, көп дүниені қаз-қалпында қабылдай алады. Әлгінде айтқандай әкесімен байланысын күні бүгінге дейін үзген емес. Жазғы демалыстардың бірі еді.
Балнұрдың Алматыдан бауырлары да келіп қалды. Алғашқы таныстық жаман болған жоқ. Бірақ бұрын көрмеген, білмейтін адамыңды «бір туған бауыр» деп қабылдау аздап қиынға соқты. Екінші жағынан, анам өкпелеп қалмай ма деп, оның да көңіліне қарайтын. Осылай араға жылдар салып бауырлары ылғи келіп жүрді. Бірақ бала болған соң мұны дұрыс түсіне бермейтін.
Бой жеткен шағында әкесі шақырып алып ашық әңгімеге көшті. «Қызым, менің арғы ауылда балаларым барын білесің, танисың. Мен көзімнің тірі кезінде өздеріңді қатыстырып, бір-бірлеріңмен байланысып тұрғандарыңды қалаймын. Сен қызсың, бауырмалдық дегенді жақсы түсінесің ғой» деп көңілі босап қалды. Иә, әкесі осылайша біраздан ойында жүрген дүниесін бүкпесіз айтты. Бұл әңгімеден Балнұр үнсіз шықты. Тіпті қалай жауап берерін, не дерін білмей біраз абдырап қалды. Ақылға салса бауырларының бары рас. Ал жүрегіне салып олармен жылы қарым-қатынас орнату үшін анасының көңілінен аттап кететіндей көрінеді. Іштегі сезімін кімге, қалай айтарын білмей қалып қойды.
Арада жылдар сырғып өтіп жатты. Балнұр да теңін тауып тұрмысқа шықты. Балалы болды. Бірақ сол баяғы іштегі екіұшты сезіміне жауап таппай әлек. Бауырларымен қатысып та жүрген жоқ. Әкесімен сөйлескен сайын алыстағы арғы ауылдың әңгімесін бастап кетеді ме деп, сөйлескенде ылғи қысқа қайыратын.
Бірде әкесі қоңырау шалды. Балалары мен немерелерін көру үшін Алматыға жол жүріп баратынын жеткізді. «Ол жақтағы немерелерім біздің ата бар ма деп сұрайды екен. Соларды көріп, көңілді бірлеп келсем деп едім. Анаңа айттым. Сен не айтасың қызым?» деді. «Барып қайтыңыз» деп тағы да қысқа қайырды. Бұл іштегі қызғанышы ма, жоқ әлде әлі де қабылдай алмай жүргені ме екен кім білсін?!
Бір аптадан соң қайта қоңырау соқты. Бұл жолы дауысы жарқын-жарқын шықты. Көңілді көрінді. Алматыға барып келгенін, ондағы немерелерінің құшақ жая қарсы алғанын айтты. Мына жақтағы үлкен немересіне ұқсайтын ол жақта да бір қызы барын айтып, бір күліп алды. Айнымайды деп қуана жеткізді. Қаны бір бауыр емес пе?! Ұқсамай қайтсін?! Хабарласып тұру үшін, бейне қоңыраумен сөйлесетін телефон да алып беріпті.
Бұл сөйлесуден соң Балнұр біраз ойға қалды. Жанында жүрген әкесінің қадірін кей тұста білмей жататынына қынжылды. «Қолда бардың қадірі жоқ» дегендей, ол жақта әке, ата мейірімін аңсап жүрген балаларын көріп әкесі бір марқайып қалған еді. Бұл жолы Балнұр да әкесінің қуанышына шын қуанды, түсінді. Барды бар деп қабылдады. Енді кезекте бауырларымен сөйлесіп әкесінің үнемі аманат етіп айтып отыратын көзінің тірісінде байланысты үзбеу үшін бауырлармен хат алмасуды бастап кетті.
Қамшының сабындай бұл өмірде әркімнің басында әртүрлі сынақ бар. Балнұр секілді біраз адамның «алыстағы ауылы» барын білеміз. Бірақ тіршілікте бауырдан асқан, одан қамқор адам жоқ. Тіпті кейде бір әке-шешеден туған бауырлар да бет көріспестей болып жатады. Бұл әрине, дұрыс емес. Сол себепті алыс болсын, жақын болсын бауырмен байланысты үзбеңіз.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
13 қазан 2023 ж. 479 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 027

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031