Бағыты айқын, бағдары жарқын
qarmaqshy-tany.kz Бұл жолғы жұмыс сапарымызда діни қайраткерлер, — ағайынды Алдашбай мен Қожабай ахундар, Сыр сүлейі Омар Шораяқұлы, майдангер-ақын Әбзәли Егізбаев және басқа да мемлекет және қоғам қайраткерлері түлеп ұшқан киелі Алдашбай ахун ауылына маңдай тіредік.
Біздер, ауыл әкімі Нұрбол Тоғызбаев бастаған топ жұмысымызды Мақсат Байтұрсынов басшылық ететін «Майлыөзек и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ауылдан 10 шақырым жерде орналасқан бақшалығынан бастадық. Шаруашылық директоры бізге берген мәліметінде: «Биыл бақшалықтың 15 гектарына картоп ектік, одан бөлек қауын-қарбыз және басқа да дақылдар орналастырып, күтімге алып жатқан жайымыз бар. Бақшада зейнет жасында болса да жоңышқа, бақша егу, оны баптаудың маманы Рақым Оразов ағамыз, Талапбек Тілеубаев, Дамир Жүсіпбеков сынды тәжірибелі мамандар жұмыс істеуде. Сонымен қатар, механизаторлар Нұрлан Смаділдаев, Еркеғали Қартаңбаев, сушылар Еркін Наурызбаев, Нұрболат Ешниязов, Алдабек Есентаев, су айдау дизелі насосының шеберлері Абат Байтұрсынов, Мұқан Ешниязовтай ауыл азаматтары өздеріне сеніп тапсырылған міндеттерді жауапкершілікпен атқаруда. Өткен жылы аудан әкімдігі «Майлыөзек» каналынан шаруашылық егіндігіне, бақшаға су айдауға арнап «СНП500/10» және тағы бір қытайлық дизельді су айдау насосымен қолдау көрсетті. Осы насостар арқылы шаруашылыққа қарасты егіндікті, ауыл тұрғындарының бақшалығын аяқ сумен қамтамасыз етудеміз. Осы жылы да осы ісімізді жалғастырудамыз. Биыл 60-қа жуық ауыл тұрғынының бақша егуге арналған жерін дайындап бердік. Осындай тындырымды жұмыстардың арқасында ауылдастарымыз түрлі бақша дақылын егуде. Өткен жылы шаруашылық ауыл тұрғындарын табиғи шөппен қамтамасыз етті. Бақшадан да мол өнім алдық. Тіпті, Астанада өткен жәрмеңкеде қала тұрғындарына Қармақшының тәтті қарбызы мен дәмі тіл үйіретін торлама, күләбісінен тарту еттік. Енді бір айта кетерлік жайт, ауыл маңынан 2 гектар жерге алма бағын орналастырдық. Онда алма ағаштарын Әбен Тәуіршеев ағамыз баптап өсіруде», – деді шаруашылық басшысы.
Одан ауыл әкімі Нұрбол Аманқосұлының бастауымен ауыл әкімдігіне келген соң, ол бізді ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды.
«Алдашбай ахун ауылы ауданымыздағы байырғы елді мекендердің бірі. Ол аудан орталығынан 160 шақырымда орналасқан. Халық саны 168 отбасында 680 жан тұрады. «Майлыөзек и К» ЖШС, №111 орта мектеп, бөбекжай-бақша, фелдьшерлік пункт, клуб үйі, мешіт тұрғындарға қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары меншігінде 943 бас мүйізді ірі қара, 419 бас жылқы, 3891 бас уақ мал, 854 түрлі құс өсірілуде. Кәсіпкерлік саласының жұмыспен қамтуда маңызды екені даусыз. Осы ретте, ауылдық округте жұмыссыздық деңгейін азайту, тұрғындар арасында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ауыл әкімшілігі қызметкерлерінің табанды түсіндірме жұмыстарының арқасында Рүстем Оңайсынов есімді азамат «Жылқы малын көбейту» бағыты бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы несие алса, 7 көпбалалы ана және 1 жас тұрғын қайтарымсыз несие грантын жеңіп алып, кәсіптерін бастап кетті. Биыл да мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға ие болуға ниет білдіргендер жетерлік. 1 көпбалалы анамыз мал басын көбейту мақсатында грант жеңіп алып, кәсібінің нәсібін көруде. 5 азамат қайтарымсыз грантқа, 11 азамат жастарды қолдауға арналған 2,5 пайыздық несие алуға жұмыс істеуде. Ал, енді тұрғындардың басты да бірінші кезекте тұрған түйінді мәселелерінің бірі ол көше жөндеу, жарықтандыру. Ауылда бүгінгі күні 1 көше асфальттанған болса, 4 көшеге қиыршық тас төселген. Өткен жылы Омар Шораяқұлы мен Тәуелсіздік көшелері жарықтандырылды. Жалпы ауылда 5 көше жарықпен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, үйіргелік, бақшалық жерлерге аяқ су келтіру «Өзек» каналынан дизельді су насосы арқылы қамтамасыз етіледі. Аяқ су жеткізуде «Шәймерден» каналына да тазалау жұмыстары жүргізілді. Ауыз су мәселесі де толық шешілген. «Аралсу құбыры» ауыл тұрғындарына сапалы ауыз су беруде тәулік бойы қызмет көрсетуде. Биыл ауылдағы су құбыры жаңғыртылып, тұрғындар игілігіне пайдалануға берілді. Салық түсімі де өз деңгейінде атқарылды. Мүлік, жер, көлік және басқа да салық түрлері өз деңгейінде орындалды. Ауыл орталығында тұрғындардың бос уақытын тиімді пайдалануда спорт алаңы жұмыс істейді. Жас спортшыларымыз түрлі деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындардан көрінуде. Ауылдың мәдени орталығына айналған клуб үйінің де жұмысына ауылдастар риза. Олар әрбір мерекелік, даталық күндерге сай іс-шаралар ұйымдастыруда. Өнерпаздарымыз да аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың көш басынан көрініп, ел абыройын асқақтатуда. Ауылда еңбек ардагері Қартабек Айтмаханов, ауыл белсендісі Дана Ермановалар басшылық ететін ардагерлер мен әйелдер кеңестері өңірдің әлеуметтік дамуы мен өсіп-өркендеуіне белсенді жұмыстар атқаруда. Осы азаматтардың ұйымдастыруымен түрлі бағытта ісшаралар ұйымдастырылуда. Ауылдық кітапхана да тұрғындарды рухани сусуындатуда өз үлесін қосуда. Кітапханашы Гүлшат Бектібаеваның ұйымдастыруымен кітап көрмелері, ауылдан шыққан жергілікті ақынжазушылардың кітаптары мен өмір жолдарына арналған кештер, мерекелік даталарға арналған іс-шаралар өткізіліп келеді. Кітапханада 16453 кітап қоры бар. Ауылдың әрбір тұрғыны кітапхананың оқырманы десек болады. Жастардың да, ауыл тұрғындарының да кітап оқуға деген ықыласы ерекше. Өйткені ауылымыз өңір тұрғындарына ақынжазушылар ауылы ретінде танымал. Мақсат Байтұрсынов басшылық ететін «Майлыөзек и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Айжан Сүйімбаева басқаратын мектеп, Гүлжан Қуантаева басшылық ететін бөбекжай-бақша, Қарлығаш Нұртаева жетекшілік ететін ауылдық клуб үйі ұжымы ауыл өміріне белсенді атсалысады. Оларсыз бірде-бір мереке өтпейді десем артық айтқандық емес. Туған ауылымыздың өсіп-өркендеуіне бей-жай қарамайтын өнерлі де өнегелі жастарымыз да аз емес. Олар әр салада еңбек еткенімен әрдайым қоғамдық жұмыстардың басы-қасынан көрініп, ел құрметіне бөлінуде.
Білім мен тәрбие – егіз
«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек, тәрбиесіз білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте адам өміріне апат әкеледі» деген екен әл-Фараби. Оқушыларды тәрбиелеу мәселесі адам баласына деген негізгі талаптың бірі. Баланы тәрбиелеу – баршаның ісі. Осы ретте, ауылдағы білікті сала маманы Гүлжан Қуантаева басшылық жасайтын №10 бөбекжай-бақшасы ауыл бүлдіршіндеріне саналы тәрбие беруде, ата-салт дәстүрін бойларына сіңіруде аянбай еңбек етіп жатқан бірден-бір ұжым.
Қазіргі таңда бөбекжай-бақшада 2 топта 44 сәби тәрбиеленуде. Оларды жан-жақты білімді 7 тәрбиеші, 13 техникалық қызметкер тәрбие нәрімен сусындатуда. Тәрбиеленушілер арасында да дарындылар бар. Олар тәрбиешілердің қолдауымен түрлі байқауларға қатысуда. Жетістіктер де жоқ емес. Ұжым қызметкерлері білім, біліктіліктерін жетілдіруде семинар, конференцияларға, байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрінуде.
Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттың құндылықтары, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау» делінген, ал басым міндеттерінің бірі ретінде «Жеке адамның шығармашылық, рухани және дене мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастырып, жеке басының дамуы үшін жағдай жасау арқылы интеллектіні байыту» деп көрсеткен.
Осы заңды жүзеге асыруда Айжан Сүйімбаева басқаратын №111 білім ордасының ұстаздарының ауыл балаларын білім нәрімен сусындатудағы елеулі еңбектері шексіз.
Осыған дейін талай ауыл баласын тәрбиелеп, олардың қоғамнан орнын сайлап алуына септігін тигізетін, білім ордасының алғашқы директоры Әбдікәрім Жүсіпбаевтан бастап осы уақытқа дейін 18 азамат басқарған мектепке келер жылы 100 жыл толады екен.
Заман талабына сай жарық та кең, заманауи құралжабдықтармен қамтамасыз етілген мектепте 147 оқушы 33 білікті сала мамандарынан жан-жақты білім алады. Ұстаздардың барлығы да жоғары білімді. Олардың сапалық құрамын айтар болсақ, 11 ұстаз – зерттеуші, 14 ұстаз – сарапшы, 3 ұстаз – модератор біліктілігімен қызмет етуде. Мектепте шәкірттердің толық білім алуына кітапхана, заман талабына сай жабдықталған пән кабинеттері, спорт зал мен асхана жұмыс істейді. Түрлі бағытта үйірмелер мен спор секциялары тұрақты жұмыс істеп тұр. Жетістіктер де жетерлік. Атап айтар болсақ, мектеп шәкірті Мәди Елдес «Қасиетті домбыра» атты аудандық өнер фестивалінде Алғыс хатпен марапатталса, сол шәкіртіміз Омар Шораяқұлының 145 жылдығына арналған аудандық жыршылар байқауында жүлделі І орынды жеңіп алды. Басқа да шәкірттер түрлі деңгейдегі байқау-сайыстарда жүлдемен оралуда. Спортта да спортшылар айтарлықтай жетістікке қол жеткізуде. Қазақ күресі, шахматтан шәкірттер дүбірлі жарыстарда оза шауып, мектеп мерейін тасытуда. Өткен жылы мектептің 6 бітіруші түлегі ҰБТ-леуге қатысып, оның 6-уы да мемлекеттік грант иесі атанған.
Береке бастауы
Ауылда шағын және орта кәсіпкерлік жоғары деңгейде жүзеге асырылуда. Саланы дамытуға ауыл жастары да ынталы.
Тұрғындарды кондитерлік өніммен қамтамасыз етіп отырған Күнсұлу Момынтай өткен жылы қайтарымсыз грант жеңіп алып, өзінің сүйікті кәсібімен айналысуда. Ол несие арқылы кондитерлік өнімдер өндіретін құрал-жабдық сатып алып, бүгінде ауылдастарын тортпен, нан және нан өнімдерімен дастарқан мәзірін толтыруға үлесін қосуда.
«Мен Тараз қаласының тумасымын. Бала жасымнан тәттіге құмар болып өстім. Анамның жанында жүріп, астың небір түрін дайындауды үйрендім. Анам маған өсе келе түрлі тәттілерді пісіруді де үйретті. Кейін осы ауылдың тумасы Нұрасыл есімді азаматпен шаңырақ көтеріп, келін болып түскеннен кейін анамнан үйренгенім іске асты. Әрбір әйел заты өзі дайындаған ас мәзірін дәмді етіп пісіргенін, оның ішінде тұтынушылар талабынан шыққанын қалайды. Мен де түрлі дәмдеуіштермен пісірген торт, нан мен нан өнімдерін сүйкімді етіп дайындауға тырысамын. Тапсырыс берушілер еңбегіме риза болғанда әлбетте мен де қуанамын. Бала кезімнен анамнан үйренген құрақ құрау, тоқыма, оның ішінде шұлық, күртеше тоқу сүйікті ісім болды. Қорада сиыр ұстаймын. Сүт, май, ірімшік, құрт отбасылық дастарқанымыздың бір мәзірі», – дейді жас кондитер.
Күнсұлу бүгінде Нұрасыл Қуантаевпен бірге 7 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп отыр. Ұрпақтарының 4-еуі мектепте білім алуда болса, оның үлкені – Мереке ғылыми жұмыстармен айналысуда. Инабаты, Нұрдана мен Нұрисламы озат оқушылар. Ал, кішкентай Медина мен Нұриманы бөбекжай-бақшада тәрбиеленуде. Ең кішкентайы бесікте.
Жас кәсіпкер арманын да жайып салды. Алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді жоспарлап қойған. Бірақ, ол уақыт еншісінде дегенді айтады.
«Ауыл көркі – азаматымен» дегендей, туып-өскен ауылының өсіп-өркендеуіне жас та болса үлес қосып жүрген азаматтың бірі – Серік Мүсілімов.
2015 жылдан бері кәсіпкерлікті өміріне серік етіп келе жатқан Серік Күздеубайұлы ауылда кәсіпкерлік саласын дамытуға сүбелі үлесін қосуда.
Ол сол жылы мемлекеттік «Іскер» бағдарламасы аясында мүйізді ірі қара малын өсіруге арналған кәсібін жүзеге асырған болатын. Кейіннен тағы да сол қордан несие алып, мүйізді ірі қара малының сүтті және етті түрін көбейтуде жұмыс істеуде.
«Мен малшының баласымын. Әкем де, анам да шопан болған кісілер. Төрт түлікке бала жасымнан жақынмын. Анам Зерен Алпысбайқызы Батыр ана. Бізді әкеміз бала кезден еңбекке баулып өсірді. Соның нәтижесі болар бүгінде әке тәрбиесінің жемісін көріп отырмын. Балаларыма да әке тәрбиесінен алғанымды үйретудемін. Жарым Гүлнұр мектепте ұстаз. 3 қыз тәрбиелеп отырған жайым бар. Үлкен қызым Жұлдыз Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің, ал ортаншым Динарам медициналық колледждің студенті. Жансаям оқушы», – дейді кәсіпкер.
Осы кезде біздің қасымызда жүрген ауыл әкімшілігінің маманы Нұрберген Қартабекұлы әңгімемізге араласып, Серіктің ауылда өткізілетін іс-шаралар мен қоғамдық жұмыстардың белсендісі екенін айта келе, демеушілік көрсететінін де жеткізді. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуда мемлекеттік «Күміс жас» жобасымен зейнет жасына жақындап қалған бір азаматты жұмысқа қабылдағанын, одан бөлек тағы жас азаматты тұрақты жұмыспен қамтамасыз еткенін айтты.
Серікпен жүргізген сұқбатымызда ол алдағы уақытта атқаратын жоспарларын тізбектеді. Атап айтқанда, сүт бағытында сауын сиырлар санын көбейтіп, оған қажетті құрылғылар сатып алып, шағын ферма ашсам деген де ниетін білдірді. Жылқы кәсібіне де жақын екенін тілге тиек етті.
Шаруалар қашанда жерге жақын жүреді
Шаруа адамдар өздері мекен еткен тұрғын үйлерінің ауласын жеміс ағаштарымен толтырып, өмірлерін мәнді өткізеді. Ауылдың байырғы тұрғыны Ерхан Қаймақбаев та атадан қалған кәсіпті жандандырып, ауыл тұрғындарына құрметті болып жүрген атпал азамат.
Ерекең ағамыз бен Алтынкүл апайымыздың аулалық бағына саяхаттай қалсаңыз алманың, жүзімнің, шие мен алмұрттың, өріктің, жиденің түр-түрін көресіз. Тіпті шабдалы, түйежаңғақ пен қарлыған, итмұрын, таңқурай сынды жеміс ағаштары жайқала өсіп тұр.
«Ауылда тұратын тұрғынның әрбірі Жер-Анамен қатты байланыста болады. Өйткені, егін, малсыз ауыл адамына өмір жоқ. Мені де әкем бала кезімнен еңбекке баулыды. Бір елі қасынан тастамай егін егуге, мал шаруашылығына жақын етті. Ал, бағбандыққа келсем ол әкемнің сүйіп істейтін кәсібі болатын. Мені де осы кәсіпке үйреткен әкем. Бүгінде сол бейнеттің зейнетін көріп отырмын. Ауламда жеміс ағашының барлығы бар. Қызыл, сары, қара өрік, алманың 4, жүзімнің 13, басқа да жемістің түрлері бар. Зайыбым Алтынкүл екеуміз ерте азанмен бау-бақшамызға кіріп, отағын жұлып, жеміс ағаштарды балаша баптаймыз, сөйлесеміз. Бақшада құлпынай, итмұрын, таңқурай, қарлығаннан бөлек қызанақ, бәдірен, асқабақ, қырыққабат, емдік жусай, сәбіз, картоп, болгар бұрышы деген дақылдар да бар», – дейді бағбан аға.
Осы кезде бағбанның зайыбы әңгімемізге араласты.
«Отбасылық бағымыз мен үшін «Иран бағы» сияқты. Әсіресе, көктемде осы жеміс ағаштарының гүлдеген сәтін көрсеңіз, керемет әсерге бөлінесіз, ал жеміс берген кезінде расыменде өзіңді құдды бір ертегіде жүргендей көресің. Жемісжидектің түр-түрі бар. Күзде жемістерден 100-ден аса банкі тосап, кампот дайындаймын. Оны балаларым мен туғандарыма, көршілер мен достарыма үлестіремін. Сол тосаптарды әлі күнге дейін жеп отырмыз. Төрт түліктен мүйізді ірі қара, қой-ешкі, жылқы бағамыз. Олардың сүті мен айранынан құрт, ірімшік дайындаймыз. 5 ұл-қыз тәрбиелеп, олардан тараған немерелердің аяулы ата-әжесі атанып отырмыз. Балаларым қоғамнан өз орнын тапқан. Үлкенім Нұржан құрылысшы. Қызылордада тұрады. Нұрболатым мен Айнұрым Астана қаласында, бірі – әскери, бірі – әуежай қызметкері. Айжаным ауылда әкімшілікте. Ал кіші қызым Назерке Көкшетау қаласында жоғары оқу орнында магистратурада білім алуда», – деді отбасылық өмірін айтқан Алтынкүл Сыздыққызы.
Отбасы – тәрбие іргетасы
Ауылда Қиясовтар отбасын ұстаздар әулеті деп айтады. Өйткені, шаңырақ отанасы Сәрсенкүл апайымыз ұстаз, оның балаларының көпшілігі ана жолын қуып, ұстаздық ұлы қызмет арқылы ауыл балаларын білім нәрімен сусындатып жүрген ел мақтаныштары. Жалпы айтқанда, бір шаңырақта 10 ұстаз еңбек етеді.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғында Қиясовтар отбасына келін болып түскен апайымыз отағасы Райымбек Қиясұлымен сүрген бақытты шаңырақ астында тәрбиелі ұл-қыз өсірді. Отбасының үлкені, Қызылорда қаласында тұратын Айгүлі мен оның жұбайы Мейрамбек те ұстаз, Тұрмағамбет ауылында тұратын үлкен ұлы Нұрлан кәсіпкер, ал оның зайыбы Жанар ол да ұстаз, ортаншы ұлы, шаруашылық басшысы қызметін атқарып, ауылдың көркеюіне, дамуына зор үлес қосқан марқұм Ерланның зайыбы Нағима да ұстаз. Дүр Оңғар ауылындағы баласы Аман мен оның зайыбы Дәрігүл де ұстаз, одан кейінгі, отбасындағы Ержаны мен оның зайыбы Жайна да, кенжесі Нұрболат пен оның зайыбы Ақерке де ұстаз.
Ұлағатты ұстаздар әулетінің отанасы Сәрсенкүл апай білім саласындағы ұзақ жылғы еңбегі үшін аудан, облыс және салалық басшылықтың Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарына, Мадақтамаларына ие болған. Оның шәкірттері еліміздің әр аймағында қалаған мамандықтары бойынша еңбек етеді. Тіпті, олардың арасында білім саласында шәкірт тәрбиелеп жатқандары да бар. Сәрсенкүл апай шәкірттерді білім нәрімен сусындатып қана қоймай, ауылдағы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқан құрметті жан. Ол біршама жыл ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы болып, елді мекеннің өсіп-өркендеуіне үлесін қосты. Көптеген жас отбасыға өзінің өнегелі өмір жолымен үлгі көрсетіп келе жатқан ауыл ардақтысы.
«Ұстаз – ұлы есім» дегендей, ұстаздық мамандықпен көп жыл дос болдым. Аллаға шүкір, шәкірттерім де жетерлік. Көзі кеткенмен, отағасыммен бақытты өмір сүрдім. Ұрпақ сүйдім. Оларды жетілдіріп, жоғары білім алуына қолдау көрсеттім. «Бақыт еңбек еткен, білім қуып, еліне адал қызмет еткен адамның басына қонады», – дейді дана халық. Балаларымның көпшілігі білім саласында. Нұрланым да елге сыйлы. Ал, Ерланым ерекше жан еді. Әттең, ол өмірден ерте озды. Оның елге әлі де көрсетер қызметі көп еді. Бүгінде келінім Нағима екеуінен өрбіген немерелерім бар. Солар маған қуат береді. Аллаға ризамын, ағайын-туыс, ауылдастар арасында балаларым сыйлы, немерелерім қолыма су құйып, қызықтарын көрсетуде», – дейді бақытты ана, ұлағатты ұстаз Сәрсенкүл Тоғызбаева.
Міне, біз болған берекесі мен бірлігі жарасқан еңбекқор ауылдан түйгеніміз – ауыл халқы тынымсыз тірлігінің арқасында өздері қалаған кәсіптерінен нәпақасын табуда.
Иә, қазыналы қарты мен өнерлі өскіні, тындырымды тірлігімен танылған азаматы, ел алдында ибалылығымен танылған келіні бар ауылдағы тірлік қашанда берекелі болмақ және бола береді.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ